Жыламай қарау, тебіренбей тыңдау мүмкін емес

1982

Осыдан екі-ақ күн бұрын, 9 тамыз кешкі сағат 20.00-де Димаштың «Қайран елім» атты клипының премьерасы

">You Tube каналында өткен еді. Аз уақыт  ішінде 470 мыңнан астам көрілім  болып және 13 мыңнан көп пікірлер қалдырылып үлгеріпті.

Бұл туындының музыка авторы – танымал композитор Ренат Ғайсин, сөзінің авторлары – Данияр Алдаберген және Орал Байсеңгір.

Пікір жазған адамдардың барлығы дерлік Димашқа деген шын таңданыстарын, алғыстарын білдіріп жатыр. Көпшілігі бұл клипті бірнеше рет қайталап қарағандарын және  бұл туындыны жан дүниең тебіренбей, таңғалмай, таңданбай, таңдай қақпай, бас шайқамай, шығармашылық топтың шеберлігіне, Димаштың талантына бас имей, бей-жай қарау мүмкін емес деп жазуда. Бір қатар пікір иелері, тіпті көз жастарын тоқтата алмағандарын да, тіпті жыламай қарау мүмкін емес екенідігін де мойындауда. Әсіресе, Димаштың отқа орнаған кезін көргенде, оның өз елі үшін, тіпті бүкіл адамзат үшін жанының  қалай қиналып жүргенін, қаншама бейкүнә жанның мезгілсіз өмірден өткеніне бар жан-дүниесімен қайғыра білетіндігін байқауға болады деп жазуда пікір иелері. Қаншама көп пікір жазылғанмен, барлығының айтар ойлары мазмұндас. Барлығы дерлік Дмаштың талантына таңдай қағып, оған алғыс білдіріп, клиптің түсірілуіне ат салысқан барлық азаматтың еңбектерін өте жоғары бағалап жатыр. Кейбір пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз.

«Иә, Димаш сен ауқымды, терең ойланасың, сені бүкіл Жер шарының мәселелері алаңдатады. Сен осы  тілек -  әніңмен адамгершілікке, бейбітшілікті ойлауға, соғыстың болмауына шақырасың. Жер әбден шаршады, оның да жаны бар, расымен де оның жүрегі соғып тұрғанда, біз оны сақтап қала аламыз ба, әр үйде расымен де қуаныш пен шат күлкі бола ма, мұның бәрі өзімізге байланысты. Соғыс өртін өшіру үшін, Сен тіпті аспанды да өз әрекетіңе демеу беруге шақырасың. Қасқырдың көзқарасы шаршаңқы, ол адал аң, бұл мүмкін өз істеріңе деген адалдыққа шақыру болар, ал еркіндіктегі құс, бұл жарқын болашаққа деген үміт болар. Ал ұлттық музыкалық аспаптар, ол енді мәңгілік дүние, ол бұл дүниеде бар екендігіңнің мәнісі, жастар өздерінің шыққан – тегін, түп-тамырын, өз тілін, өз салт-дәстүрлерін ұмытпау үшін керек, бұл барлық ұлттарға қатысты. Керемет, әсерлі орындау, сен барлығын өзіңнің жан-дүниең арқылы өткізетіндігің, алаңдайтының, жаның ашыйтыны сезіледі. Әлі де кеш болмай тұрғанда ойлану үшін, адамзатқа айтылған тілек. Керемет жұмыс, құттықтаймын. Клип, супер!!!» , деген пікірмен бөлісіпті бір тыңдаушы.

«Димаш, сен біздің еліміздің жарық сәулесі іспеттісің, сен біздің балаларымыз үшін  жарқын болашаққа үміт бересің. Рахмет, бауырым», деген жүрек жарды тілегін қалдырыпты Ербол есімді азамат.

«Менің ұлтым орыс және қазақ тілін білмеймін, бірақ Димаш жан- жүрегімен орындайды. Сондықтан ешқандай да аударманың керегі жоқ, жаныңды дірілдетеді, көзіңе жас келеді, тамағыңа өксік тығылады. Бұл барлығымыз туралы, барша жер әлем туралы. Қазақстан ба, Ресей ма немесе біздің жер шарымыздың кез-келген бөлшегі ма, ол маңызды емес. Браво, Маэстро. Бізбен өзіңнің талантыңмен және  жан-дүниеңмен бөліскенің үшін рақмет саған»., деген пікір жазыпты Ирина есімді тыңдаушы.

«Екінші күн  ән әуені мен Димаштың дауысы құлағымда тұр жаңғырып. Ал әрбір қарауым –көз жасымсыз болмайды...», дейді тағы бір пікір иесі.

Ал DimashNews ресми сайтында осы «Қайран елім» әні туралы, оның өмірге қалай келгендігі туралы толық ақпарат берілген.

«Мазмұны терең, трагедия мен үміті қатар, жүректі тербер эмоцияға толы музыкалық композиция... «Қайран елім» әні Димаштың жүрегінен өткізген уайымы, Отаны мен әлемге деген алаңдаушығынан туындаған тілегі іспетті. Негізінен, шығарма тақырыбына миллиондаған әлем тұрғындарының өмірін жалмаған, коронавирус індеті арқау болған», делінген сайтта.

«Қайран елім» адамзатқа жасалған үндеу іспетті, қорқынышты жайтқа қарамастан, жақсылықтан үмітіміздің барын ұғындыру. Барлық ауыртпалықты еңсеретінімізге сендіргіміз келеді. Дәл қазіргі таңда ең бастысы – мықты болуымыз керек», - дейді Ренат Гайсин мен Димаш Құдайберген.

Соныме бірге, қобызының қоңыр үнімен бейнеге ерекше рең сыйлаған музыкант Олжас Құрманбектің еңбегін айтпай кетуге болмас.

«...Авторы мен Димаштың өтініші бойынша композицияны қобыз аспабында ойнаудан бастадық. Мен мұңлы әуенді ойнап бастадым, нәтижесінде расымен де, әдемі, жаңа туынды жасап шығарған сияқтымыз.Мен бұл жобадан ерекше әсер алдым. Мен үшін үлкен тәжірибе. Шығарма көпшіліктің көңілінен шығады деген үміттемін», - дейді Қобызшы Олжас Құрманбек.

Визажист Санди Бексырға болса түсіру кезіндегі сәтті күліп еске алады: « Білесіз бе, түсіру жұмыстары кезінде табиғаттың сұлулығына тамсандық. Алатау мен көлдердің әсемдігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Табиғаттың өзі Димашты жақсы көретін секілді. Самал жел соғып, ағаштан ұшқан ұлпалар әуеннің ырғағымен су бетіне қонып жатты. Бұл расымен де тамсандырмай қоймайтын сұлулық!».

Материалдың толық нұсқасын сілтеме арқылы DimashNews ресми сайтында оқи аласыздар.

Димаштың

">ресми каналына өтіп, өзгелерге ұқсамайтын тағы бір ерекше туындымен танысып, көзайым болыңыздар. Дүниенің түкпір – түкпірінен жазылып жатқан риясыз пікірлерге қосылып, өз ұлдарыңыз үшін, мақтанышымыз үшін жақсы сөздеріңізді аямаңыздар, қадірлі оқырман!

Еркегүл Тоқтамұрат

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы