Барселона ма? Бавария ма?

1243

Бүгін түнде Чемпиондар Лигасының финалға дейінгі финал деп ат қойып, айдар таққан ойыны болмақ. Кәрі құрлықтың қос мықтысы Барселона мен Бавария Португалия төрінде бақ сынамақ. Бұл ойында Месси мен Левандовскийдің дуэлінен бөлек қос неміс Нойер мен Тер Штегеннің қайсысы мықты екеніне куә боламыз. Сонымен қос команданың қайсысы жеңеді?

"Барселона" жеңеді

Уәлихан Қосанбай; спорт комментаторы

Менің ойымша бұл ойында "Барселона" жеңіске жетеді. Иә, неміс машинасының мықты екенін білемін. Қарсылас шақ келтіріп жүрген жоқ. Бундеслигада топ жарды. Германия кубогін алды. Онымен қоса Роберт Левандовски ЧЛ үздік сұрмергені. Ойыны да жүріп тұр. Осы фактілердің барлығын назарға алатын болса, әрине "Бавария" фоварит.

Бірақ, мен "Барселонаға" сенемін. Себебі, бұл каталондықтар үшін биыл жүлде алатын соңғы мүмкіндік. Испания чемпионатын "Реалға" ұтылып қалды. Кубоктен де шығып кеткен. Енді тек ЧЛ қалды.

Кике Сетьен шәкірттерінің ойынына сын айтушылар көп. Тіпті "Наполиді" өте алмайды дегендер де болды. Дегенмен "Барселона" маңызды ойынның алдында жинала білді. Мессидің ойыны жүрді.

Қайбір жылы "Барселонаның" "Бавариядан" оңбай жеңілгені де есте. Оның үстіне "Барселонаның" ширек финалға шықпағанына да қанша уақыт болды. Енді команда алдында ауыр сынақ тұр. Месси мен оның командасы бұл ойынның қаншалықты маңызды екенін біледі.

Бұл ойында Бускетс негізгі құрамға оралады. Серхионың командаға қаншалықты пайдалы ойыншы екенін айтпаса да түсінікті шығар. Қара жұмыстың бәрін арқалаған жігіт. Суарес бабына еніп келеді. Енді Гризманн шамалы сенімді ойнаса, "Барса" келесі кезеңге өтеді деп ойлаймын.

Рас, бұл ойында "Бавария" көп басымдыққа ие болады. Алайда "Барселонада" мүмкіндіктер болады. Сол мүмкіндіктерді пайдалану керек!

«Бавария» жеңеді

Ермұхамед Мәулен; спорт комментаторы

«Бавария» Германия чемпионы атанғалы бері бір айдан астам уақыт өтті. Команда биыл неміс біріншілігінде 100 гол салды. Чемпиондар лигасының ойынында аса қатты терлеген де жоқ. Ағылшынның азулы деген командасы «Челсиді» 4-1 жеңді. Жалпы команданың деңгейі бір бас жоғары екендігін көрсетті. «Барселонада» осал емес. Алайда, бұл команда бір ғана ойыншыға байланып қалған. Лео Месси ойнаса команда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Ал егер аргентиналықтың қолы жүрмесе команда жеңіледі. Испан ла-лигасында чемпиондықты қолдан жіберіп еді, клуб ішінде кикілжің көбейді. Қаңқу сөздер Мессиді клубтан кетуге дайындалып жатыр деп есептейді. «Интер» құда түсіп, қомақты қаржы дайындап отыр. Сондықтан да, «Наполиді» әзер жеңген «Барселона» «Баварияға» шамасы жетпес. «Бавария» келесі кезеңге өтеді.

Оңғар Қабден,
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы