Бүгін - вальс патшасы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні!

4839
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 15 тамыз – қазақ даласын әнмен тербеткен вальс патшасы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Әкесі Әнәпия «Ұлым болса,Жәмшид патшаның есімін беремін» дейді. Көп ұзамай әке тілегі орындалып,  атұстары дүниеге келеді. Сол перзент Жәмшид патшадай ел билемесе де, әнімен жүректерді билеп, ән әлемінің патшасына айналды.

Бүгінде сазгердің артында қос ұлы қалды. Кіші ұлы Мұхтар Қалдаяқов Абай атындағы ГАТОБ-та дирижер қызметін атқарады. Ол «Адырна» ұлттық порталының тілшісімен әңгімелесіп, естеліктерімен бөлісті.

Әкем балаларының өнер жолында жүргенін қалады

-Мен үшін әкем әлемдегі ең жақсы, ең қамқор, ең мейірімді адам. Ол ағам екеумізді «тұлға» ретінде тәрбиелей алды. Балаларының өнер жолында жүргенін қалап, Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебіне оқуға түсірді. Бізді Жамбыл,Ташкент,Самарқанд сынды қалаларға апарып, әр өңірдің мәдениетімен таныстырды. Кішкентай жетістігімізге балаша қуанушы еді. Әкеміздің арманы орындалды. Қазіргі таңда біз өнер әлімінен алыс емеспіз. Әкемнің немерелері де өнер жолында жүр. Үлкен ағамның қызы Айсұлу - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, PhD доктор. Менің балаларымАбай,Алина,Нұрсұлтан да ән жазады. Алайда, өмір бойы музыкант болу қиын ғой. Сол үшін де олардың басқа да ғылым салаларын игергенін қалаймын.

Әр туындысын махаббатпен жазды

-Шәмші бар ғұмырын әнге арнады. Жас кезінен өнер жолында жүріп, біраз ізденді. Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, қабілетін шыңдады. Әр туындысын махаббатпен, асқан жауапкершілікпен жазушы еді. Осылайша, ән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып кетті.

Расында, ұлы дарын өмірден өткенімен, көңілден кетпеді. Сазгердің музыка өнерінде орны ерекше 300-ге жуық әні бар. Оның әр туындысы өз өмірімен біте қайнасып туған.

«Ана туралы жыр»-дың 25 нұсқасын жазған

«Ана туралы жыр» әнінің дүниеге келуіне анасының мезгілсіз дүние салуы себеп болды. Бұл туралы Шәмші «Анам баласының қызығын көре алмай, өмірден өтті. Осы менің жаныма қатты батты. Сондықтан ол кісіге арнап бір әннің 25 вариантын жаздым. Ең соңында қазір өзім орнындағалы тұрған нұсқасына тоқтадым»,-дейді.

«Ақ бантик» - тойға тарту еткен ән

Бірде сазгердің Қаражан Әбіләзимов есімді досы шаңырақ көтереді. Оның жұбайы жаңадан мектеп бітірген балауса қыз екен. Осыны арқау етіп, сазгер «Ақ бантик» әнін дүниеге әкеліп, жастардың тойында тарту етеді.

«Қайықта»

«Қайықта» әнінің шығу тарихы да қызық. «1957 жылы жас композиторлардың әндерінен республикалық байқау өтетін болды. Бірде ақын Н. Әлімқұлов екеуміз Алматыдағы Горький паркіне көл жағасына демалуға бардық. Көл бетінде екеу – екеу жарасқан жастар қайықпен тербеле жүзіп жүр. Осы бір әсем көрініс көңілге ән ұялатып, өмірге «Қайықта» әні келді»,- дейді сазгердің өзі.

Осы әнім болашақта гимн болады...

Ал еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін жазғанда Шәмші 26 жаста еді. Алғашқы орындаушысы - Жамал Омарова. Бұл ән көпшіліктің көңілінен бірден шығады. Шәмші де бір сөзінде «Осы әнім болашақта гимн болады» деген екен. 1986 жылы желтоқсаншыларға ерекше рух берген, олардың ұраны болған ән 50 жылдан кейін Қазақстан Республикасының әнұранына айналды.

«Халқым барда әндерім де бар» деп кеткен Шәмші бүгінде ән болып қазақ аспанында қалықтап қалды.. Атамыздың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер