Қазақ жері Ресейдің еркін вассалы ма?!

5282
Adyrna.kz Telegram
Фотода Гүлнәр Кендірбай. "Азаттық" радиосынан алынды.
Фотода Гүлнәр Кендірбай. "Азаттық" радиосынан алынды.

 «Азаттық» радиосы кезекті бір сұқбаттарын “Еркін вассалдар: Ресей Қазақ жерін қалай отарлады” - деп атапты. Әңгіме Америкада тұратын тарихшы Гүлнәр Кендірбайдың ағылшын тілінде жарық көрген “Евразияны билеудегі Ресей практикасы.16 -19 ғасырдағы биліктің шекара динамикасы” деген кітабы жайында екен.

Сұхбаттан ұққанымыз Гүлнәр ханым Ресей отаршылдығын шапқыншылық, басып алу деп емес, экспансия (Ағылшынша expansion) деп түсінетін, ежелгі Қыпшақ жерін дала фронтирі (Aғылшынша frontier жаңадан қоныстанушылар орналасқан жер мен әлі игерілмеген жердің арасындағы шекара – авт.) деп қарайтын, ұлт жанды тарихшылардан басқаша, әлемдік масштабта ойлайтын оқымысты екен. Мәскеуде оқып, Америкаға тұрақтаған тарихшы ханымның ойынша Қазақтың дербес мемлекеті деп жүрген хандықтарымыз Ресейдің еркін вассалы болған екен. Өз сөзімен айтсақ: “Қалмақтар мен Қазақтар бодандықтың территориялық әспектілерін мойындамай, өздерін Ресей патшасы мен Цин императорының еркін вассалы санады. Оған жарқын мысалды орта жүз ханы Aбылай көрсетті. Ол Орыс пен Қытай билеушілеріне адал болуға ант беріп, екеуінен де әскери көмек болмаған соң сертін бұзып отырды”. Тарихшының түсіндіруінше Абылайдың бұл әрекеті “Kөшпенділердің саяси мәдениетіндегі бодандық пен дербестіктің мағынасы мен қолданысының бөлек болғандығында” екен. Бұл қисынға сұхбат алушы Қуанышбек Қари да илана алмай, “Еркін болса неге вассал, вассал болса неге еркін?!” - деп қайтара сұрақ қойып, басы қатыпты. Иә, оның басы қататындай жөні бар. Тарихшы өз сөзінде “Зертеулер екі тараптың да жазбаша құжаттарға толық иек артпай, өзара ауызша да ақпарат алмасқанын көрсетеді, бұл жағдай Орыс билігінің аталған элита өкілдері ақ патшаға бодан болуға өз еркімен келісті деуіне қолайлы болды”, “Kөшпенді халықтардың әскери ресурсы Орыс пен Қытай әскерінен қалыспағанымен қоймай, кейде асып түскен” - дей тұра, бейтарап қортынды шығармай, қызыл идеялогияның пәрменімен орныққан кеңестік пайымдарды қайталайды. Сұқбат барысында Гүлнәр ханым ағылшын термидерімен сөйлеп, өзінің Американдық ұлтқа айланғанын көрсетуге тырысқанымен, кітабы саяси цензура жоқ демократия шұғыла шашқан Америкада жазылғанымен, Евро центристік назария мен идеялогиялық қасаң қағидалардан аттап өте алмағаны көрініп тұр. Олай болмағанда Қытайдың мектеп оқулықтарында кездесетін “Іле (Қазіргі Қытайдың Іле Қазақ автономиялы облысы) мен Жетісуды (Қазіргі Алматы облысы) мекендеген ежелгі Үйсін мемлекеті жиырма мың түмен әскері бар қуатты мемлекет болды. Бірақ, бізбен құдандалы болып, өз еркімен бағынды” - дегені сияқты бір жақты, дәйексіз тұжырым жасамас еді. Гүлнәр ханымның көшпенділерді Орыс шовинистері сияқты қыс қыстауы, жаз жайлауы болса болды, малын жайып жүре беретін, саяси еркіндік пен мемлекеттік шекараның нарқын білмейтін “Жабайылар” санайтыны көзге ұрып тұр. Расында солай ма?! Гүлнәр ханым Қытай императоры, Қытай империясы деп отырған Мәнжүр империясын (1836-жылдан 1912-ға дейін дәурендеді) құлатқан Гоминдаң үкіметі әбден күшейген жирмасыншы ғасырдың қырықыншы жылдарында Қытай Қазақтары жаппай саяси бас көтерді. Ағайынды Акбар-Сейіттер Құлжа қаласын, Оспан батыр Сарсүмбе (Алтай) қаласын, Қалибек батыр Үрімжі қаласын Чанкайши билігінен азат етті. Сталинның одақтас Республика болу (Шығыс Түркістан) ұсынысынан бас тартты. Қытай коммунистерінің автономия болу шырғасын да қабылдамады. Соңында аман қалғаны Гималай асып, түбі бір Түркияға ат басын тіреді. Осы мысалдан-ақ көшпенді Қазақтардың саяси деңгейінің, тарихи жадысының қандай болғанын көруге болады.

 

Есбол Үсенұлы

Пікірлер