«Күйеудің аяғын жуу» құрмет пе, қорлық па?

14969
Adyrna.kz Telegram

Желіде күйеуінің тырнағын алып, аяғын жуған келіншектің видеосы қызу пікірталас тудырды. Жас аруды бірі жақтаса, бірі даттап жатыр. «Егер күйеуіңіз бар жағдайыңызды жасап отырса, не себепті оған да сондай қарым-қатынас жасамасқа?»,- дейді Әмина Тәліптің өзі.

 

Шығыс елдерінің әдет-ғұрпында «күйеудің аяғын жуу» салты бар. «Ол әйелдің еріне деген сыйластығы мен жарынан бір саты төмен тұратынын білдіреді. Сонымен қатар, келін қайын атасының да аяғын жууға міндетті»,-дейді Қырым татарлары. Айта кетейік, бұл халықтың дәстүрі бойынша әйел адам күнделікті ерінің қолын сүйіп, аяғын жууы тиіс.

 

Десе де, Еуропа халқы үшін «біреудің аяғын жуу» адамды төмендету болып саналады. Ал біздің қоғам «жарының тырнағын алып, аяғын жууға» қалай қарайды?

 

Айгүл Омарқызы күйеуінің аяғын жуып беруді теріс көрмейтін әйелдердің қатарынан.

 

  • «Оңтүстіктің келінімін. Иә, күнделікті күйеуімнің аяғын жуып беремін, одан абыройым артпаса, түскен емес. Жарым отбасымызды асыраймын деп күні-түні жұмыс жасайды. Кешкілік үйге келгенде бар жағдайын жасап, сыйластығымды білдіремін»,-дейді бес баланың анасы. Сондай-ақ, Айгүл ханым қазіргі әйелдер қауымының тәкаппарлыққа салынып кеткенін атап өтті.

 

  • «Өмірде күтпеген жағдайлар болады. Құдай сақтасын, бірақ ертең жарыңыз науқастанып, төсекке жатып қалуы да мүмкін. Сондай жағдайда оны тастап кетпейсіз ғой. Бүгінде күйеуінің аяғын жууға арланып жүрген келіншектер, ертең бастарыңызға осындай сынақ түссе не істейсіздер?»

 

Ал феминист Саида Нұрланова болашақ күйеуінің аяғын жууға келіспейтінін жеткізді.

 

  • « "Тырнағын алу, аяғын жуу" деген не сұмдық? Шыны керек, бірінші рет естіп отырмын. Жалпы бұл істі қыз баласына жасату дұрыс емес. Қыз баласын аялау керек»

 

Дина Бөкебай:

 

  • «Егер күйеуімнің жағдайы қиын болса, көмектесуге қарсы болмаймын. Негізі, гигиена - ер, әйел деп бөлуге келмейтін әр адамның жеке жауапкершілігі. Сондықтан отбасылық өмірде де бұл жауапкершілік жоғалып кетпеуі тиіс»

 

Сәуле Қуаныш:

 

  • «Ерге құрмет көрсеткен жақсы ғой. Қазір сол жолдасымның қара тырнағына зармын. Ондай бақыт енді бұйырмас..»

 

Қыз-келіншектердің пікірі осындай. Ер азаматтар не дейді?

 

Бақдәулет Боранбаев:

 

  • Әйелдің күйеуінің аяғын жуып беруінде тұрған ешқандай сөкеттілік жоқ. Жалғыз қазақ ұлтында емес, әлем бойынша «күйеуін жуып күтіп алу» салты бар. Мысалы, жапон ұлтында дәстүр болып қалыптасқан. Ал жарым маған осындай ұсыныс айтса, оған да қарсы болмаймын, себебі бекер айтпаса керек.  Әйел қатты науқастанып қалса немесе жүкті кезінде өзіне өзі шамасы келмесе, ешкімге айта алмайтын өтінішін ең жақыны күйеуіне айтады. Ал күнделікті жағдайда өз аяғын өзгеге жудыруды ұят деп білемін.

 

Бейсенғали Көкей:

 

  • Әр адам өз жыныстық ерекшелеріне қарай өзі істейтін ісін өзі істеу керек. Ал аяқ жууды әйел адамға міндеттеу дұрыс емес деп есептеймін.

 

Сәкен Пердеш:

 

  • Әйелім аяғымды жуып көрген емес, бірақ жуамын десе қарсы болмас едім. Ал еркектерге бұл әдет жат. Жалпы әйел баласы ерден бір саты төмен екенін ұмытпайық.

 

«Әр  елдің салты басқа» деп текке айтылмаса керек. Жарыңызға қалай құрмет көрсетсеңіз де, өз еркіңіз. Бастысы, сыйластықтарыңыз үзілмесін.

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер