Елдес Орда. Шинжияң үш регионға бөлінбек болған

3487
Adyrna.kz Telegram
1946- жылы қытайдың сол кездегі астанасы Нанькинде (南京) ашылған бүкілмемлекеттік құрылтай жиналысы. Жиналысқа қазақ делегаттары да қатысқан. Құрылтайға байланысты АҚШ-тың "LIFE" журналы түсірген тарихи сәттің көріністері екен.
Осы құрылтай жиналысқа дейін өлкеде болған саяси жағдайға байланысты шағын баяндама жасамақшымын.
1939- жылы басталған қазақ ұлт-азаттық көтерілісі, 1944- жылы шырқау шыңға көтерілген соң өлкедегі саяси жүйеде түбегейлі өзгерістер орын алып жатты. Өлке губернаторы Шың (盛世才) отставкаға кетті, орнына У (吴忠信) фамилиялы губернатор келді.
У мырза келе салысымен өлкедегі саяси түйткілді шешуге білек сыбана кірісті. Ол алдымен түрмедегі ел ағаларын кезең-кезеңімен босатты. Оның осы уақытқа дейін айтылмай келген бір құпия жұмысы- өлкені үш үлкен регионға бөлу жобасы еді. Оның ойынша, өлкенің жер аумағы өте үлкен, басқару тым ыңғайсыз, сол үшін өлкені үшке бөліп жекелеген автономиялы региондар құру керек. Осы жобаны дәлелдеп Нан Киндегі орталық билікке және президентке екі-үш рет рапорт жолдаған. Рапортта "үш регионға" бөлінген өлкенің алдағы әкімшілік аумағы туралы жан-жақты баяндамалар бар.
Бір қызығы өлке губернаторы У мырза аталмыш жобасында Алтай, Тарбағатай, Іле және Санжы мен Үрімжі аймақтарын біртұтас бір регион деп қарастырған екен. Сол жылдары (1944 ж) Алтай уалаятының 99%, Тарбағатай уалаятының 95%, Іле уалаятының 60%-ін қазақтар құрады. Ал, бұрынғы Үрімжі уалаятына қарасты 12 ауданда 150-200 мың қазақ өмір сүріп жатты. Осы себептен болса керек, өлкелік қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы жағынан жасалған өлкедегі қазақтардың ұзын саны 1944- жылы 700-900 мың арасында деп жарияланыпты. Бұған қатысты басқа да сандық мәліметтерді өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының архивінен табасыз.
Егер өлке губернаторы У мырзаның жобасы қабылданса Алтай, Тарбағатай, Іле және Санжы мен Үрімжі аймақтарындағы қазақ аудандары жеке дара бөлініп, өз алдына дербес ұлттық автономиялы регион құрылатын еді. У мырза осы жоба бойынша президент Жан Кәйшекпен (蒋介石) де жеке құпия сөйлескен.
Бірақ, не себепті екені белгісіз небәрі 18 ай өлке губернаторы қызметін атқарған У мырзаның үкіметі отставкаға кетеді де, орнына Жаң (张治中) фамилиялы жаңа губернатор тағайындалады. Жаң мырзамен бірге саяси командасы Айсабек, Байқозы, Имын Бұғралар да Нань Киннен ере келеді. Өлкеге Жаң-шылдардың саяси командасы келген соң "үш регионға" бөлу мем-жобасы құр сандыраққа айналды.
1946- жылдан бастап "Шыңжаң газеті" мен "Азат Шарқи Түркістан" газеті арасында айтыс-тартыс басталды. Пікір-талас тақырыптары:
Өлкені жеке регионға бөлу керек пе?
***
Өлке атауын қалай атаймыз, Шарқи Түркістан, Чин Түркістан, әлде Шыңжаң?..
***
Бұл пікір-талас өте қатты жүрді. Осы талас-тартыс терең сипат алғаны сонша кісі өлімі көбейді. Өз позициясы бар азаматтарға астыртын қастандық ұйымдастыра бастады.
Сурет: Ақш-тың "LIFE" журналынан
Материал автордың facebook парақшасынан алынды
Пікірлер