Бөлек (Өтежан ақын туралы бір үзік сыр)

836

Осы сөзді естігенімде мен де шат боп кеттім. Мен сол кездің өзінде Өтежан Нұрғалиевті көзі тірі ұлы ақын деп білетінмін. Өлеңдерімен бала жастан таныс едім. Оның үстіне «Соғыстың соңғы жазы» деген балладалар жинағының бірінші кітабы да жақында ғана қолымызға тиген. Студенттерге сол кітапты дәріптеумен жүрген кезім. «Концерт» деген балладасын жаттап та алған болатынмын.

Пойыздан түскен Өт-ағаңның бет пішімімен сын-сипаты күні кешегідей әлі есімде. Кітап бетіндегі суреттеріне көзім қанық болғанымен, өзін алғаш көргенім – осы. Үстінде әдемі спорттық киімі бар, шашы дудыраған көрікті адам. Сырбаз, сыпайы, «Міне, нағыз ақын осындай болу керек» деймін ішімнен (Қазір ойлап отырсам, сол кез Өт-ағаңның қылшылдаған қырықтағы кезі екен ғой).

Төкен аға екеуі құшақтасып, амандасып болған соң, Өт-ағаң маған қарап «Бұл қай бала?» деді. «Бұл сенен де ұлы ақын» деді Төкен аға қарқылдап күліп. «Біздің болашақ десеңші» деді Өт-ағаң тәтті жымиып.

Сол бір кеште Төкен ағаның үйіндегі дастархан думаны тым ерекше болды. Екі ағамның ортасында отырып, оншақты өлең оқып жібердім-ау деймін.

Екі бірдей ағамнан именбей, ұялмай-қызармай, тост жібермей ақ арақтан сіміріп отырғанымды ойласам, осы күнге дейін арқам шымырлайды, бетім дуылдайды.

Бір қызығы – мүйізі қарағайдай екі дөйдің ешқайсысы менің бұл қылығыма назар аударған жоқ. Керісінше, әрбір өлеңімді мақтап, көтермелеп отырды.

Бірақ... Ертеңінде Өт-ағаңды қала аралатып жүргенімде, сарғайған жапырақтарға қарап тұрып: «Қарашы, күні кеше ғана осылар жап-жасыл, жас-жас еді ғой. Сарғаямыз деп ойлады ма екен. Күні ертең бәрі жоқ. Жел ұшырып әкетеді. Өмір де жел ғой... Сен де жассың. Сен... күйің жетсе, ащы судан аздап қана ал. Әйтпесе, мен сияқты сенделіп қаласың» деді.

Осының алдында ғана өзінің өмір жолын біраз баяндап тастаған болатын. Жетім өскенін, өлеңге тым ерте келгенін, атағы шаққанын, ішімдікке әуес боп, әуреге түскенін...

Мен Өт-ағамнан қатты қысылып, «Сізді көріп... шалқып кетіппін...» деген сияқты бірдеңені былдырлаған болдым.

Ол менің тұнжыраған түрімді көріп, аяп кетті ғой деймін, басымнан сипап: «Шаш қойысың жақсы... Өзіңе жарасады... Осылай жүр» деді мейірленіп.

Мен көтеріліп қалдым. Шашым ұзын еді. «Кураторларың “шашыңды қысқарт” деп ұрспай ма?» деді сонсоң. Аяқ астынан сөйлеуіме тақырып табыла кеткен соң, тоқтайын ба – кураторымыз Қинаят Шаяхметовтың керемет адам екендігін, оған қоса ұлы ұстазым Қайым Мұқаметханов бар екенін, әй, біраз жырладым-ау деймін.

«Сен өз бақытыңды бағалай біл, – деді сұқ саусағын кеудеме тіреп, – жақсы ағаларың жаныңда жүр. Егер сен Алматыда оқығанда, сол қалаға симай кетер едің. Ондағы орта қиын».

Мен ағамның бұл сөздеріне риза болып, өзімнің ҚазМУ-ға оқуға барғанымды, шет тілінен құлап кеткенімді, қазір осы Семейімде оқып жатқаныма қуанып жүргенімді тез-тез сөйлеп, айтып тастадым.

Оған қоса, шет тілінен құлаған кезімде журфактың деканы Темірбек Қожакеевтің «Қайранов, қайран кеттің-ау!» дегенін де жеткізіп үлгердім. Өт-ағаң қабағын сәл түйіп: «Бәрібір, сол Қожакеевтің өзі сені қуып жіберер еді» деді.

Мен бұл сөзге таң қалдым.

Сол күні кешке біздің институтта Өт-ағаңмен кездесу өткізілді.

Екі-үш күннен кейін-ау деймін, Өт-ағаң Алматысына қайтып кетті...

Келесі жылы мен үшінші курста оқып жүрген кезімде Төкен аға мынандай бір хабар білдірді: «Әлгі Өтежан деген ағаң сенің қолжазбаңды сұрап жатыр. Өзі «Жалын» баспасында редактор ғой. Соны тез дайында. Зере апайың басып береді» деді.

Менің өлеңдерім дайын еді. Дереу Зере апайға жеткіздім. Зере апай – музей қызметкері, Абай ауылынан шыққан айтулы жазушы Кәмен Оразалинның қызы. Сұлу да сымбатты, ақылды да парасатты адам. Қолжазбаны дап-дайын етті. «Жалын» баспасына аттандырып жібердік.

Сол жылдың күзінде жыл сайын өтетін студенттердің республикалық ғылыми конференциясына бардық. Мен, Айбек Сапышев және Сәуле ғой деймін, үшеуіміз Семей институтының филология факултетінің туын көтеріп, желбіреп жеткенбіз. Өзім бұл олимпиядаға жыл сайын келетінмін.

Мен Өт-ағаңды осы сапар барысында арнайы «Жалын» баспасына іздеп барып, екінші рет көрдім. Қасымда Айбек бар. Ол менің жан досым, ол да ақын.

«Келгенің қандай жақсы болды! – деді, Өт-ағаң бізді құшақ жая қарсы алып, – «Бастау» сериясымен кітабың шыққалы жатыр. Қаламақысын қазір алып беремін».

Сөйтіп Өт-ағаңның арқасында арқа-жарқа боп байыдық та қалдық, 900 сом (рубль) қалтамызда. «Ал, Өт-аға, – дедік Айбек екеуміз, – мынаны жуайық, ресторанға барайық».

«Жоқ, – деді Өт-ағаң, – Өйтіп шашылмаңдар. Өздерің студентсіңдер. Сендер кешкі жетіде біздің үйге келіңдер. Төрді көріңдер. Жеңгелеріңнің қолынан дәм татыңдар».

Осылай деп үйдің мекен-жайын жазып берді.

Біз айтылған уақытта жетіп барсақ, Өт-ағаң бес қабат үйдің ауласында екі қолын қалтасына салып, ерсілі-қарсылы жүр екен. Біздің қолымызда жеңгемізге арнайы алған бір шоқ гүліміз бен тағы басқа «асай-мүсейлеріміз» бар. Өт-ағаң гүлімізге сүйсіне қарады да, «асай-мүсейлерге» бір түрлі көз тастап, «Мұндайларды өзім дайындап қойғам" – деді.

«Керек заттың ауырлығы жоқ қой», – деді Айбек.

«Оның рас» – деді Өт-ағаң.

Жеңгеміз – Күләш апай жайрандаған жақсы адам екен. «Сені сырттай білем, Әбубәкір. Ағаң ылғи мақтап отырады. Сені Семейден тапқан олжам дейді» – деп самбырлап жүр (Сол бір жақсы жеңгеміз де өмірден ертерек кетіп қалды (Жұмақта нұры шалқысын!)).

Ақын ағамыздың үйінен түн ортасы ауғанда дүрілдеп қайтқандықтан, ертеңінен зорға оянып, олимпиядадан кешігіп қала жаздадық. ЖенПИ-дің бас корпусына қос өкпемізді қолымызға алып, алқынып жетсек, есік алдында бізді бастап алып кеткен ұстазымыз, замдеканымыз Арап Еспенбетов ағамыз сұп-сұр болып тұр екен. Бізді тілі жеткенше сыбап-сыбап алды. Әйтеуір, абырой болғанда, сол жолы да Семейімізге жүлделі болып оралдық. Өйтпегенде, жердің үстімен келіп, астымен қайтатын едік. Келесі жылы (1980) «Бастау» сериясымен кітабым шықты. Есенғали екеуміздікі басқалардан сәл қомақтылау екен. Менің кітабымның анотациясында Өтежан ағам мен туралы «Қазақ поэзиясындағы құбылыс деуге болады» деген ыстық ықыласқа толы сөзін де қосып жіберіпті. Осы бір сөздің өзі-ақ ұстаздарым мен сабақтастарымның алдындағы мәртебемді бір көтеріп тастады. Бұл да атақты ақын Өтежан Нұрғалиевтің үлкен жүректілігінің бір белгісі болған соң айтып отырмын.

Өтежан аға туралы ойласам болды менің есіме Әуесхан Қодар досым түсе қалады. Бұл да бір табиғаты ерекше жан-жақты талант иесі еді. Оның жаратылысы, негізінен, ақын болатын. Орыс тілі мен қазақ тіліне бірдей жүйрік болғандықтан, екі тілде де еркін жаза беретін Әуесхан аудармамен көп айналысты.

1990 жылы ғой деймін, Мәскеуде Бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың семинары өтетін болып, соған мен де баратын болдым. Менің он шақты өлеңімді Әуесхан орысшаға аударды.

Біз Мәскеуге Ұлықбек Есдәулетовтың бастауымен бардық. Менің өлеңдерім орыс ақындарына қатты ұнаған екен, сол жол Мәскеудің өзінде КСРО жазушылар одағының мүшелігіне тікелей қабылданып қайттым. Оның үстіне «Истоки» деген журналдың Қазақстан тарапынан редколлегия мүшесі етіп тағайындалдым.

Осы жетістіктің бәрі өзімнің досым, бір жыл туған құрдасым Әуесханның аудармасының арқасында болғанын ешқашан ұмытпаймын.

Ол кейіннен Е. Замяткинің «Атилласын» аударды. Басқа да шетелдік атақты қаламгерлерді орысша сөйлетті. Қиындықтан тайсалмайтын мәрттігін көрсетіп, Абайды, Мағжанды және Жұматайды жетімді түрде орыс тіліне аударды.

Әуесхан Қодар ҚазМУ-дың заң факультетін бітірсе де, ең бастысы әдебиетші, философ, мәдениеттанушы болып қалыптасты. «Тамыр» деп аталатын тамаша журнал шығарып, өзі соның бас редакторы болды.

Әуесхан туралы ұзағырақ айтып отырған себебім – Ол Өтежан ағаның ең сүйікті рухани інісі, бауыры еді. Екеуі де әлем әдебиетінің жілігін шағып майын ішкендер.

Әуесхан екеуміз Өтежан ағаның үйіне анда-санда барып тұратынбыз. Әңгімеміз ылғи әдебиет жайлы болатын.

Расын айту керек, қазақ ақындары туралы кейбір пікірлеріміз қиыспай қалатын. Ондай кезде Әуесхан марқұм қарқылдап күліп қойып, бәрін жаймашуақтатып, екеуіміздің де пікірімізді дұрысқа шығарып жіберуші еді. Әукең сабырлы да салмақты, терең ойлай білетін парасатты да пайымды жігіт еді.

Өтежан ағаның «Афина мектебі» деген кітабы шыққанда, мен біреуін аламын деп бас салғанымда, ол кісі әзіл-қалжынсыз-ақ тым қымбат бағаға сататынын айтты. Мен қатты теткіп қалып: «Сіздің саудагер екеніңізді білмей жүр екенмін» дедім, сол жылы өте салқын қоштасып едік. Бірақ кейіннен бұл өкпе ұмытылып кетті.

Өтежан ағаны ең соңғы рет Абай мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында жолықтырдым. Ол кезде «Хабар» телеарнасында кино аударумен айналысып жүрген едім. Кезекті бір аударманы өткізуге кетіп бара жатқам. Біреу «Әбубәкір» деп айғайлады. Қарасам, Өт-ағаң екен. Екеуміз құшақтасып, амандасып, мәз боп қалдық. Өт-ағаңның ол кездегі үйі сол маңайда болатын. Мен үй, пәтер нөмірін анықтап сұрап алып, қайтар жолда соғатынымды айттым.

Амал қанша, басқа бір шаруалар киіп кетті-ау деймін, сол жолы ол кісіге бара алмай кеттім. Соған қатты өкінемін.

Аяулы ағаның жарқын жүзін одан кейін көруге құдай жазбады. Бірақ басқалардан бөлек табиғатымен мәңгі есімде қалып қойды.

Әбубәкір ҚАЙРАН,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер