Тренинг тәрбиелей ме?

2870
Adyrna.kz Telegram

“2 сағатта бақытты болудың құпиясымен бөлісемін. 1 миллион табуға көмектесемін”

Бүгінде осы тақылетті жарнамалар өріп жүр. Қатысасыз ба, жоқ па, өзіңіз білесіз. Алайда тұрмыстағы тауқымет етектен тартқанда, шешімін іздеп тренингке сабылатынымыз анық. Жақыныңмен араңды жөндеп берем деген сыпайы сәуегейлер жетерлік.  Сөйтіп, өзіне деген сенімінен айырылған жұмыр басты пенде біреудің айтқанына көніп, айдағанына жүреді.

 

Бес баланың анасы Армангүлді бақытты әйел болуға баптайтын бапкерге бірге баруды ұсынған құрбысы көндіре алмаған. Оның ойынша:

 

“20 мың теңгені тренингке бергенше балама тамақ әпергенім артық. Отбасындағы ұрыс-керісті жұртқа жаюдың қажеті жоқ. Үйдің мәселесін үйде шешу керек.

Тренингтің пайдалысы қайсы, айлалысы қайсы, таңдау қиын. Соқыр тауыққа бәрі бидай демекші, өз ақылымызбен емес, өзгенің ақылына жүгінуге құлықтымыз. Сөзінің әуені тренинг соңында “бақытты болуды үйретемін” дегенге саяды.

Алмат НҰРАДДИНОВ, психология ғылымдарының докторы:

“Олар психология жайлы шала-шарпы оқып алғандар. Осылайша, адамдарды өзіне тәуелді етіп қояды. Екіншіден, адамдарға ақыл айта бастайды. Айтқанына үңілсең, күнделікті өмірде айтылып жүрген, білетін дүниелер. Әдетте, тренингке психикасы әлсіз адамдар барады”

Ақымақ бастың ақшасын ақылды алаяқтар қалай болғанда да сорып алуға тырысады. Тренингтің тізесін шығарып, одан көңілі қалғандар да бар.  Жинағанын дүмше тренерге бергендер енді тренингке жоламайтындай болған.

Өзінің білмейтінін өзгеге үйреткісі келгендер әуелі әлеуметтік желідегі әлеуетін көтереді. Яғни оқырманын көбейтеді. Оларға өзін үлгілі келін, аяулы жар, түрлі саладағы мықты маман етіп көрсетеді.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханов

тренерлердің айласына құрық бойламай тұрғанына қапалы: 

“Оларға тосқауыл бола алмайсың. Тыңдаушы өзі сарапшы, өзі сүзгі болу керек. Оны тыңдауға бола ма, жоқ па, сол жағын өзі саралағаны жөн”

Тренинг өткізу бізге қайдан келді?

Еуропадан бастау алғанымен қазіргі таңда ол жақта тренерлер саны 20-ға әрең жетеді. Себебін құндылықтары құлдырап, экономикасы шатқаяқтап тұрған Еуропаның қазіргі жағдайынан да байқауға болады.

Алданудан қалай қорғанамыз?

Адамның жанын емес, қалтаның қамын ойлайтындар жауапкершіліктен де жұрдай. Елімізде желілік маркетингтің жұмысын реттейтін арнайы заң жоқ. Егер тренингке бара қалсаңыз тренерден түбіртекті талап етіңіз. Түбіртек берілмейтіндей жағдай болса, ол азаматтың үстінен іс қозғалып, сотқа жолданады.

Абайша айтқанда, “өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен күш-қайратың екі жақтап”. Тренингке телмірмей, ақ пен қараны ажыратып, критикалық ойлай алатын азаматтарымыз көп болғай!

 

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер