Жазықсыз жандар жатқан жер...

2759
Adyrna.kz Telegram

Тарихы тереңде жатқан қазақ халқының басынан өткен тарихи кезеңдерін білу – ұрпақ үшін маңызды. Себебі, тарих – ұлттың айнасы. Өткеніміздің бір бөлшегін замандастарға хабардар ету мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық Даму басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Тарихтан тағылым» жобасы бойынша тарихи мұражайларға онлайн саяхатын бастаған еді. Осыған байланысты алғашқы бағытымыз – Алматы қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан, саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан ең үлкен зират «Жаңалық» мемориал кешені мен «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне» арнайы барып қайттық. 2018 жылдың желтоқсан айында ашылған «Саяси қуғын-сүргін музейінің» меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев пен экскурсия жетекшісі Айнұр Нұржақыпқызы бізді қарсы алды. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің инстаграм және фейсбук әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир арқылы мұражай тарихымен түгелдей таныстырып шықты. Мұражайға кірген сәттегі әсердің өзі ерекше. Кірген кезден бастап іздеп оқуға тиіс ақпараттардан хабардар болдық. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» жинағының бар екендігі айқын болғанымен, Байбатыр Ержанұлының 1914 жылы Қазанда шыққан «Тұр, қазақ», Әбілқасым Арғынидың 1917 жылы Тәшкентте шыққан «Жатпа, қазақ» кітабының бар екендігін көпшілігіміз біле бермейтіндігіміз анық. Тап осындай белгісіз деректердің әлі де жетіп артылатындығы тағы бар. Демек, біздің де алдымызда талай міндет күтіп тұрғандығын сезіне түстік.

                         
Негізгі үш залдан тұратын мұражайдың бірінші залында Қазақстандағы 1916-1986 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандар жайлы мәліметтер жазылған. Сонымен қатар «Жаңалық» мемориалдық кешенінен табылған адамдардың киімдерінің түймелері, көзілдіріктері, тіпті жан түршігерлігі, оларды атқан оқтардың да қалдығы қойылған. Қазақстандағы сталиндік қуғын-сүргін жылдарында ел аумағында миллиондаған тұтқындарға арнайы 11 лагерь құрылған. Мұражайда осы сталиндік лагерлердегі тұтқындар өмірі төрт диорамада көрсетілген. Отбасынан айырылған адамдардың азапты халін көрсететін бұл бейнелер жанды түршіктіреді.
Ал екінші зал «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы) деп аталады екен. Мұнда жазықсыз азап шеккен 4125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қабырғаларға ілінген. Олардың өмірі жайлы деректің қысқаша нұсқасымен де танысуға мүмкіндік бар. Жаңа технологияның көмегімен іздегіңіз келген адамның аты-жөнін, қай нөмірде орналасқанын тез тауып аласыз.
Одан кейінгі үшінші залға «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған. Бұдан өзге мұражайда сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың зиялы қауым өкілдерінің аты-жөндері жазылған тақта орнатылған.

                               
Бұдан соң мұражай қасындағы «Жаңалық» мемориал кешеніне келдік. Бұл жерге «1937-1946 жылдар аралығында Қазақстанның ІІХК –МҚК абақтыларында атылған саяси қуғын- сүргін құрбандары жатқан ең үлкен зират. Мұнда еліміздің барлық облыстарынан, КСРО-ның барлық республикаларынан, әлемнің Қытай, Иран, Австрия, Германия, Чехия, Польша және басқа елдерінен 4,5 мыңнан астам адам жерленген» деген жазба жазылған.
Көптен ойымызда жүрген маңызды жерге келіп, арқамыздан жүк түскендей болды. Бізге барлығын түсіндіріп, көрсеткен мұражай меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев пен экскурсия жетекшісі Айнұр Нұржақыпқызына шексіз алғысымызды білдірдік. Көңіліміз тойып, Алматыға қарай жол тарттық...

                                              

   Жансая Сман,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер