Сау органын беруге дайын адамдар қай елде тұрады?

3042
Adyrna.kz Telegram

Биылғы шілденің алғашқы аптасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойған еді. Бұл заңда донорлық, яғни мәйіттің сау органын алу туралы да бап бар.

Қайтыс болған адамның жарамды органын басқа науқасқа алу туралы мәселенің көтерілгеніне көп болмады. Десек те, бұл тақырып қалай сөз болды, сол сәттен-ақ қоғамның қарсылығына тап болғаны есте. Қазір де көзі жұмыла қалса, сау органын өзгеге беруді ойлайтындар арамызда көп емес. Бәлкім, уақыт өтер, донорлыққа басқаша көзқарас қалыптасар. Әзірге назарларыңызға органын басқа адамға беруге қатысты бірқатар елдердегі жағдай туралы қызықты мәліметтерді ұсынамыз.

Испания «анатомиялық сый» жасаудан бірінші орындағы ел

2017 жылы әлем бойынша 135 860 науқас адамға өзгенің органдары салынып, жандары аман қалыпты. Ал енді басқаның өмірін сақтау үшін органын ойланбай беретін белсенділер испан халқы екен. Жылына испандар миллионнан астам сау органын өзге үшін құрбандыққа шалады. Бұл көрсеткіш АҚШ секілді алпауыт елмен салыстырғанда -12,5 пайызға, француздардан -48,3, австралиялықтардан -25,5 пайызға артық. Қазіргі кезде донор болудың испаниялық үлгісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  (ДДСҰ) үлкен қолдауына ие. Испанияда медицинаның донорлық саласын реттейтін бір ғана заң бар, орталықтырылған орган алу жүйесі жұмыс істейді. Ал ең бастысы, донорлық тақырыбында халық арасында кеңінен насихат жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Соның нәтижесінде әрбір испан өзгеге өмір сыйлауды бақыт санайды.

Ал екінші орында -Хорватия, Бельгия, Австрия, Италия, Франция, АҚШ, Беларусь, Ұлыбритания, Канада, Австралия және Германия елдері. Бұл елдерде де мәйіттің оганын алу анағұрлым бір ізге қойылған. Донор болу талаптары  әр елде әрқалай. Мәселен, Еуропаның кей елдеріне (Финляндия, Франция, Польша, Чехия, Греция, Эстония, Португалия, Австрия, Испания, Италия, Норвегия, Шотландия) қарағанда, АҚШ-та орган беру жағы басқашалау. Қайтыс болған адам мен оның жақындарының заңды келісімінсіз, мәйіт донор бола алмайды. Ал жоғарыда сөз етілген Еуропа елдерінде донорлық көп жағдайда тек дәрігер мен туыстардың өзара келісімі түрінде жүзеге асырылады.

 

145 миллион донор орган тапсырылған
АҚШ -та жүргізуші куәлігін алатын американдық егер донор болуға қарсы болмаса, куәлігінің бір бұрышына арнайы жүрек белгісі соғылады. Әр штаттың өз заңы барына қарамастан, донорлыққа қатысты заң бәріне ортақ.
Соңғы 25 жылда Құрама штатта тіркелген Donate Life America мен Donate Life қауымдастығының есебінше, шамамен 145 миллион донор орган тапсырылған.
Жалпы, адам органын шетел асыру, сату туралы Стамбұл декларациясына қол қойған елдер (олардың ішінде Ресей де бар)  бұл күнде мұндай әрекетке тоқтау салған. 2014 жылы Еуропа кеңесінің конвенциясы адам органын саудалауға заңмен тыйым салды. Десек те, Үндістан, Пәкістан секілді елдер әлі күнге мәйіттің органын қыруар қаржыға сатумен айналысады. Ал Қытайда түрмедегі адамның органын зорлықпен алу әрекеттері бүгінге дейін тоқтамаған. Алынған орган шетел асырылып, қымбатқа сатылады.

Мәйіттің органын басқа адамға беру жағынан өзіміздің түрік бауырларымыз да көш ілгері алда екен. Он шақты жыл бұрын қайтыс болған туысының мәйітін бүтін көмуге күш салса, қазір әрбір түрік өзін болашақ донор санайды екен. Бұл елде егер сау органды беруге қарсылық танытса, туыстарының бұл әрекеті ұят, қатыгездік саналады. Заң тұрғысынан әрине, туыстарының келісімі керек және мәйіт өсиет хат қалдырғаны жөн. Алайда бұл күнде донор болуды үлкен адамдық деп қарайтындар саны артыпты. Өйткені өлгеннен кейін басқа адамға өмір сыйлап кету баға жетпес ерлікке баланады. Осы тұрғыдан көптеген насихат жұмыстары Түркияда қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде жыл сайын қан тапсыру, сүйек кемігіне (костный мозг)  донор болуды түріктер көзі тірісінде жасауды әдетке айналдырса, ал кеудесінен жаны ұшқанда, сау органын алуды өсиеттейтін түрік өте көп екен.

«Николас әсері»

Адам қайтыс болған соң, оның жарамды органын басқа біреуге беру туралы түсінікті берік қалыптастырған ерекше оқиға бар. Трансплантологияда бұл оқиғаға «Николас әсері» деп ат қойылған. Бұл қандай әсер?

1994 жылы Калифорниядан келген Гриндер отбасы Италияда саяхаттап жүреді. Күтпеген жерден ұрылар Грин отбасына тап береді. Салдарынан жеті жасар Николас қапыда қайтыс болады. Ата-анасы Николастың сау органдарын донор ретінде бермекке бел буады. Бір Николас бес бірдей адамды ажалдан құтқарып, өзі бақилыққа аттанады. Николастың жүрегі, бүйректері, бауыры, көк бауыры және көз қарашығы осындай орган күткен науқастарға беріледі. Осы оқиғаға дейін Италияда біреуге донор болу түсінігі әлі толық қалыптаспаса, Николастан кейін донор болуға ынта білдіргендер саны күрт асқан. Ал Николастың ата-анасы көп өтпей, «The Nicholas Green Foundation» атты коммерциялық емес ұйым құрып, бүгінге дейін донорлықтың кеңінен қолдануын насихаттаумен айналысады.

2015 жылы Ресейде өткен «Трансплантация және орган доноры» тақырыбындағы конгресске қатысқан Николастың әкесі Реджинальд Грин: «Біз ұлымыздың басқа адамдарда өмір сүретінін еш ойламадық. Біз басқа адамдарға өмір сүруге мүмкіндік бердік. Николас бар болғаны жеті жас қана жасады. Ал оның басқаларға қалдырған органдары әлі талай жыл өмір сүреді. Ұлымның бауыры өлім таузында жатқан қызға берілген. Бұл күнде ол қыз отбасылы, екі балалы. Бір ұлының аты -Николас. Міне, нағыз өмір дегеніміз осы емес пе?» деп журналистерге сұхбат берді.

 P.S Қазақ қоғамы үшін, әрине, мұндай жағдайлар әлі де түсініксіз болары анық. Өйткені, қайтыс болған жақынының бір тал шашын түсірмей, ақтық сапарға арулап шығару керек деген ұстаным басымырақ. Десек те, арулап шығарып салудың астарында діни наным-сенімнің де бары рас. Содан болса керек, Қазақстанда донор болу туралы заңға президент қол қойғанға дейін де, кейін де бұл тақырып тек қарсылыққа ұшырауда. Әйтсе де, заңға қол қойылды. Ендігі жерде бұл мәселені тек заңды өсиет хат пен туыстардың келісімі ғана шешеді.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

 

Пікірлер