Жаңа күн

2449
Adyrna.kz Telegram

Бір күні сенің терезеңнен мүлде жаңа күн сығалайды. Бұрын мұндай күн көрмегенсің. Себебі, сен жалпы түк көрмей жүре беріпсің – күйбең тірліктен қол тимеген. Сосын бір нәрсе кілт сынады.

Қолыңнан келгені оқуда озат болу, біреуге үйлену, бір нәрсемен айналысу, үй алу, көлік міну, теңізге барып суретке түсу. Көштен қалмадың. Аштан өлмедің. Елдің саған тағар міні жоқ. Бәрі ойдағыдай. Бірақ соның бәрінен жан дүниеңде үйлесім түзілді ме? Осы өміріңе дән ризамысың?

Менің пациенттерімнің дені бақытты өмір сүруге төрт құбыласы түгел. Алайда, невроз, күйзеліс, тәуелділік, психосоматикалық дағдарыс, эмоционалды және деннің саулығы неден бүлінді?

Тәжірибеге сүйенсем, бар қиындық жалпы қоғам бекіткен автопилоттағы жоспар-максимумды орындауға сендік ресурс, қажеттілік, ниет-тілек қаншалықты екенін дұрыс бағамдамай, соқыр сенімге еріп кетуге тіреледі. Болу керек пе, болады.

Шынымен керек пе еді? Керегі дәл осы ма? Дәл қазір керек пе? Дәл осы адаммен бір болу маңызды ма? Осы тілектің бәрі өзіңдікі ме? Әр қадамыңды санап бастың ба? Бүкіл шешімді өзің қабылдадың ба? Өміріңнің өн бойынан сенің құндылықтарың менмұндалайтыны рас па? Әр қадамыңа жауап бере аласың ба? Қазір не қалайсың? Кешеден бергі қолдағы бар бүкіл дүниеңді толықтай өзің таңдап алдың ба? Сәтсіздігіңді кімнен көресің? Күтіп жүрсің бе, өтіп кетсін деп тығылып отырсың ба, әлде өмір сүріп жатсың ба? Сендік өмір сенің көңіліңнен шыға ма?

Осы сұрақтарға шын жауап айта алсаң, терезеден басқа күн қарайтын болады. Автопилот өмірді кері ысырасың. Балама ой үдерістерін қосасың. Шындап ойлансаң, маңызды деген талай дүниең уыстан сусып кететінін көресің.

Біреуде – шындап революция басталады.

Біреуде – баяу, бірақ өзін тану сабағы жүзеге аса бастайды.

Біреуде – болмашы штрих күллі палитраны өзгертіп жібереді.

Әрине, бұл, дағдарыс...

Әрине, бұл, жан ауыртпай өте салмас...

Әрине, бұл, үлкен жұмыс...

Бірақ, бұл - тамаша жұмыс. Өз өміріңнің шегіне шығу. Сен қаламайтын, көргің келмейтін, сезінгің келмейтіннің бірде бірі жоқ екенін анық білу.

Аңсап, сағынған ерек адамды ғана құшасың. Жаның қалаған ғажап іспен шұғылданасың. Шаршайсың. Бірақ бұл шаршаудың жөні бөлек. Рахаттанып шаршайсың. Қателесесің. Бірақ түзейсің. Құлайсың. Бірақ қайтып тұрасың. Сезімнің мың бояулы әлеміне сүңгисің. Жалтақтамайсың. Бір жасушалы, жұрт өтірік мақтайтын жасанды позитивтен арыласың.

Сүйесің. Ақырында жаның мен тәнің бүтіндей сәйкесетін серігіңді табасың. Өзіңді дені сау махаббатпен жақсы көресің. Сендік сеніммен ешкімге джига билеуге рұқсат етпейсің. Түрлі манипуляторлардың есебін ойран етесің.

Өз қолыңмен жасағанның бәрін жақсы көресің. Өміріңді сүйесің. Өзіңнің жап-жаңа күніңді жақсы көресің. Жақсы ауа райының белгісі деп емес, туғалы бері жиналып қалған ырым-тыйымнан арылтқан еркіндігің үшін жақсы көресің. Бұл мүлде жаңа күн.

Шамаң жеткен жерге дейін еркін бол!

Лиля Град

Аударған Шынар Әбілда

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер