Педофилдердің түрмедегі өмірі «жұмаққа» айнала бастаған

6876
Adyrna.kz Telegram

Парамен ұсталған және бала зорлап түрмеге түскендердің темір тордың арғы бетіндегі өмірі қандай? Абақтыдан шыққан соң, мұндай қылмыскерлер осы қатесін қайта жасамауға барынша күш сала ма? Шартты жазамен түрмеден шыққан павлодарлық  шенеунік осы сұрақтардың жауабын тарқатып айтып берді деп жазады, Ratel.kz. сайты.  

Сұхбаттасушы жемқорлыққа байланысты істі болған шенеунік, бұрындары қоғамдағы түрлі мәселелерге байланысты еркін пікір білдіретін. Алайда істі болып, қамаудан шыққан соң, өзінің аты-жөнін айтудан бас тартты.

Педофилдер колонияда элита қатарына кіре ме?

- Елімізде балалар қауіпсіздігі мәселесіне үлкен көңіл бөлінеді деген үміт бар. Балаларға зорлық көрсеткен қылмыскердің жазасы қатаңдатылса да, әлі күнге балаға күш көрсетіп, баланы жыныстық қатынасқа күштеп салу әрекеттері азаймай тұр. 

- Бұрындары түрмеде педофилдер өте аз болатын. Сонымен қатар педофилдер түрмеге түсуге өлердей қорқатын. Өйткені бала зорлап қамауға алынған қылмыскердің өзін түрмеде зорлап, азаптайтын. Қала берді, ондай қылмыскердің қолынан еден жуғыш шүберегі түспейтін. Түрмедегі бүкіл өмірі еден жуып, басқаларға қызмет көрсетумен өтетін. Ал қазір мұндай жоқ. Барлық зонада «қызыл» режим орнатылған, еденді бөлім кезекшісі жуады. Ал егер кезекші жуғысы келмесе, темекі беріп, орнына басқаны жалдайды. Қазір педофилдер зонадан қорықпайды. Оларда «УДО» да жоқ. «УДО» болмаған соң, мейлінше қауіпсіз жағдайда жазасын өтейді. Кейбірі 25 жылға бас бостандығынан айырылып келеді.

Қазір түрмеде біреуді ұрып-соғуға болмайды.  Қарағанды, Алматы, Павлодардағы түрмелерде ұрып-соғуға байланысты шу шығып, колонияның көптеген қызметкері жауапқа тартылған еді. Осы жағдайдан кейін қазір қамаудағы адамды ұруға түрме қызметкерлері қорқады да. Міне, осындай жағдайдан кейін түрмедегі педофилдер тіпті еркінсіп кеткен қазір. Анау- мынау тәртіпке де бағына бермейді. Шағым жасамасын деп педофилдерге түрме әкімшілігі түрлі жеңілдік жасап, түрмеде жақсырақ өмір сүруіне ықпал да етеді. Бұлай кете берсе, көп ұзамай педофилдердің түрмедегі элитасы пайда болары анық. Нақты статистикада педофилдердің саны көрсетіле бермейді. Ал мұндайлар жыл санап көбейіп бара жатыр. Мысалы, 2019 жылы біздің лагерге 53 педофил түсті. Ал биылғы тамыз айында олардың саны 59 болды. Зона педофилді түземейді, бірақ ондайлардың күн санап көбеюіне де тосқауыл бола алмайды.

- Химиялық кастрация ше?

- Кастрация мәселесі тек қағаз жүзінде ғана. Педофил егер өзіне кастрация жасайтын болса, асылып қалам деп түрме басшысын қорқытады. Түрме басшысы оның өліміне жауап бермеу үшін айтқанын орындауына тура келеді.

Меніңше, педофилдерді бөлек лагерге отырғызып, ондайларға зерттеу жүргізу керек. Ешкім де педофилдерге зерттеу жасап жатқан жоқ. Зерттеу болмаған соң, бала зорлаудың алдын алу шараларын қалай жүргізуге болады? Педофилдер әртүрлі болады. Өз баласын, немересін зорлағандар бар.

Соңғы рет өздерінің алты қарындасын айуанша азаптаған екі еркек түсті. Бес жылғы әрекеттері 26 эпизодты құраған. Әрине, түрмеге түскен алғашқы уақытта олар өздерінің кінәсіз екенін айтып, ақталады. Уақыт өте келе, бұл әрекетке не себепті барғандарын да айта бастайды. Неге педофилдермен сұхбаттар жүргізіліп, олардың табиғатын зерттеу қолға алынбайды? Мұндай лас әрекетке не себепті барғандарын неге анықтамасқа? Бұл ауру ма, не нәрсе екені неге зерттелмейді?

 VIP қылмыскерлер мен  Бишімбаев туралы

- Жақында жемқорлыққа қатысты заң қатайтылып, ондайларға енді мерзімінен бұрын шартты түрде босату жазасы болмайды деп күтілуде.

- Жемқорлар үшін заңда «желдеткіш» деп аталатын бір «майшелпек» бар. Яғни, режиміңді жалпы режимге ауыстырсаң, қалған уақытың «УДО» болады. Бұл «желдеткішті» пара алу бабының ең ауыр жазасына кесілгендерге де қолдануына болатынын Қуандық Бишімбаев түрмеге түскенде білдік. Қуандық түрмеге түскенде осындай «желдеткіштің» барын біліп келген сияқты. Бұлай болуы мүмкін емес деп дауласқам да. Сөйтсек, расымен бар екен. Барынша қауіпсіз колонияда «желдеткіш» жеңілдігі берілмейді екен де, ал жемқорларға бұл бапты пайдалануына зор мүмкіндік берілген екен. Егер жемқорлыққа қатысты заңды қатайтса, онда неге «желдеткіш» арқылы жеңілдік берілген? Бұл туралы ешкім айтпайды, жазбайды.

- Ірі шенеуніктерге арналған лагердегі VIP камералардың жағдайы қалай? Расымен жойылды ма?

- Камера типтегі колония тек Қызылордада ғана бар. Люкс па, басқа ма, ең бастысы, көпшіліктен алыс, жекеде болу ғой. БҚО спорт бөлімі басшысы Мүслім Оңдағановтың камерадағы суреттерін көрдім. Алдында асылған ет, шараптар. Талғат Ермегияевке қатысты даулы оқиғадан кейін осылай еркінсуге бола ма? Ермегияевтің кім екенін ел біледі. Ермегияевтің қолдаушылары кім екенін де ел біледі ғой. Сол суреттен кейін түрмедегі ондай камералар жабылды. Қатаң бақылау орнатылды. Қазір мемлекеттік қызметкер мен VIP тұлғалардың қайда, қандай жағдайда отырғаны туралы тізім жасалып, жиі тексеріледі. Тексерушілер ескертпей келетін. Қандай тамақ ішіп, не киіп алғанымызды, тіпті шашымыздың қандай үлгімен қиылғанына дейін мән беріп, тексеріп кететін. Яғни, қазір VIP камералар расымен жоқ деуге болады.

Колонияның пайдасы

- Қазір барлық колониялар «қызыл» режимде. Карантиннен кейін біртіндеп сыртқа шығуға мүмкіндік беріле бастады. Біз бәріміз коронавируспен ауырдық. Бірақ оны өзіміз білмедік. Менің дәм, иіс сезуім жоғалып, әлсіздік басып, сүйектерім сырқырады. Туыстарымызбен кездесуге тыйым салынды.

Сәлемдемелер конвоирмен жеткізілді. Егер лагердегі біздің ауырғанымызды ресми тіркесе, не болар еді, қалай ойлайсыз? Дұрыс тамақ жоқ, дәрі жоқ, ара қашықтықты сақтау мүмкін емес, оқшаулау мүмкін емес. Алайда колонияда тәжірибелі зектер бар ғой. Солардың кеңесімен «боярский», «крепак» деп аталатын қою шайды үзбей іштік. Не үшін? Аспириннің орнына іштік, қан жүргізуі үшін. Көбісі аяқтарын ыстық суға салып, қан қысымын төмендетсе, енді бірі қан тазалау әдісін жасады. Денені алмаспен ұсақтап тіліп, шыққан қанды вакууммен сору арқылы лас қаннан арылудың бұл әдісін мұсылман емі деп атайды.

Колонияның берген ең үлкен пайдасы не, білесіз бе?Достарымның  90 пайызын жоғалттым. Бәрі менен теріс айналды. Бұрын араласқан достарым еді, оларға талай рет көмектескен едім. Өкініштісі, жоғалтқан сол достарым шенеунік немесе сот шеніндегілер емес, мен дос санаған адамдар еді. Қазір тек сыныптас және жас кезімде араласқан достарым мен кейбір журналистер ғана мені қолдайды. Басқасының бәрі кетті.

Материалды орыс тілінен аударып дайындаған:

Меруерт ХУСАИНОВА.

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер