Соғыс ардагері атана алмай жүр...

528

95 жастағы қария соғыс ардагері мәртебесін  ала алмай келеді. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады. Фашистерге қарсы соғыс кезінде «резервте болдым» деген Әбдібай Тоқманбетов, артынша жапон соғысына аттанып, елге тек 1948 жылы оралған. Бірақ оған тек «тыл ардегері» деген мәртебе берілген.  Қарияның өзі мұны дауламақ емес. Тек артындағы ұрпағы «Ардагердің еңбегі еленсін» дейді. Олар Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан оның жапон соғысына қатысқанын растайтын құжатын да алдыртқан екен. Алайда іс содан әріге жылжымай тұр.

Ерік ТОҚМАНБЕТОВ, ардагердің ұлы:

«Әкеміз 1943 жылы қаңтарда Жапон жеріне аттанған. 1948 Владивостокқа қайтады. Сөйтіп оған «тыл ардагері» мәртебесін береді. Менің бір түсінбейтінім,  әкем 5 жыл бойы Жапонияда жүрсе, жартысы Алматы облысында тылда жүргені ме?»

Рыскелді Жақаубаев,  ардагердің  туысы:

«Бұл кісі Қазақстанда жүріп еңбек етсе, тыл ардагері деуге болар еді. Бірақ жапон жерінде соғысты ғой. Мұны неге ескермейді?»

Масақ ауылындағы ақсақалдың үйінің маңдайшасында балалары орнатқан «Соғыс ардагері» деген тақтайша тұр.  9-мамырда көңілді кірбің басатыны анық. Еңбекші қазақ ауданындағы қорғаныс істері жөніндегі органнан әлі нақты әрекет байқалмайды. Ендігі бар үміт Ресейдің орталық мұрағатына жолданған сұраныста.

Ғасыр жасаған ақсақал бір жапырақ қағазға бола өз бағасын ала алмай отыр. Біз адамды жоғалтқанда ғана қадірін білеміз. Соны күтіп отыруымыз керек пе? «Жақсы адам еді» дегенді неге өлгенде ғана айтамыз?  Жақсы екенін, құрметті екенін тірі кезінде біліп, насихаттап жүрейік!

Аяулым ӘБІЛДА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы