Бар дәулетін қайырымдылыққа жұмсаған миллиардер кім?

2860
Adyrna.kz Telegram

Duty Free Shoppers дүкендер желісінің негізін қалаушы, 89 жастағы америкалық кәсіпкер Чак Фини бірнеше жылдар бұрын жинаған 8 миллиард долларын қайырымдылыққа бөлді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Қыркүйек айында меценат басқарған Атлантикалық қайырымдылық қоры соңғы қаражатын жұмсап, салтанатты түрде жабылды.

Қайырымдылық - қайырлы іс

Кәсіпкер қайырымдылықпен қырық жылға жуық айналысқан. Осы жылдар ішінде ол жоғары оқу орындарына 3,7 миллиард доллар, құқық қорғау орындарына 870 миллион доллар, денсаулық сақтау саласына 700 миллион доллар қаржы аударған. Бір таңқаларлығы, миллиардер өмір бойы көлеңкеде қалуға тырысып, жасаған игі істерін жария етпеген. «Мен ақшамды қайырымдылыққа жұмсаған кезде ерекше ләззат аламын»,-дейді миллиардердің өзі.

Қарапайым адам

Меценат Сан-Францискодағы қарапайым пәтерде өмір сүреді. Оның жеке көлігі жоқ. Танымалдылыққа ұмтылмайтын кәсіпкер журналистерге небәрі 5 рет сұхбат берген.

Миллардер бар дәулетін қайда жұмсады?

1982: Алғашқы қайырымдылығын Корнелл университетінің дамуына арнап, 7 миллион доллар аударған. Жалпы, университет кәсіпкерден 937 миллион доллар көлемінде көмек алды.

1984: DFS-тегі өзінің 38,75% акциялық үлесін Atlantic қайырымдылық қорына аударды.

1988: Қатерлі ісікті зерттейтін ғылыми институтқа 142 мың доллар қаржы бөлді.

1990 жыл: Лимерик университетіне (Ирландия) ғылыми-зерттеу және мәдени орталық салу үшін ақша аударды. Жалпы алғанда, кәсіпкер университеттің дамуына 170 млн құйған.

1999: Вьетнам елінің білімі мен медицинасының дамуы үшін инвестиция құйды.

2001: Квинсленд университетіндегі (Австралия) биомедициналық зерттеулерді қаржыландырды. Ол медицина ғалымдарына барлығы 320 миллион доллар бөлді.

2002: ЖИТС-пен күресу үшін Оңтүстік Африканың денсаулық сақтау саласына миллиардер байлығынан 117 миллионнан астам доллар бөлінді.

2004: АҚШ-та өлім жазасына тыйым салу науқанын бастады. Оған 28 миллион долларын жұмсады.

2006: Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған
8 миллион американдық балаға көмектесті.

2008: Калифорния университетіне медициналық орталық салу үшін 125 миллион доллар аударды.

2012: Рузвельт аралынының маңына жаңа Кремний алқабын салу үшін 350 миллион доллар бөлді.

2020: Қайырымдылық қоры жабылды.

                                                                                                                                                                              Диана АСАН,

                                                                                                                                                  «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер