ҚР БҒМ: ЖОО оқытушылары қағаз есептіліктен босатылуы тиіс

2213
Adyrna.kz Telegram

Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарындағы қатаң есептегі құжаттардың 11 нысаны алынып тасталды деп хабарлайды «Адырна» ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

 Бұл оқытушыларға сабаққа дайындалуға және кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ведомствоның Facebook-тегі ресми аккаунтында тікелей эфирде көрсетілген ҚР БҒМ аппараттық кеңесінде айтылды.

ҚР Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес нормативтік құжаттарды жүргізу бойынша талаптар жоғары оқу орындары оқытушыларының «қағаз» жүктемесін азайту мақсатында толығымен қайта қаралды.

«Кейбір жоғары оқу орындарында неше түрлі есеп талап етіледі: кәсіптік бағдар туралы журналдар, түлектердің жұмысқа орналасуы туралы анықтамалар және т.б. Не үшін? Білім және ғылым министрлігіне ол қажет емес. Жұмысқа орналасқан түлектердің пайызын Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың  электрондық базасы арқылы қараймыз. Бірқатар жоғары оқу орны сабақ жоспарын қағаз түрінде сұратады. Кейбір жоғары оқу орындарында оқытушылардың жүктемесі оның қанша студент әкелгеніне байланысты. Мұндайға жол берілмеуі керек. Бұл Білім және ғылым министрлігінің талаптары дейді екен. Сонымен қатар биылдан бастап қосымша бірнеше бағыт бойынша есептілікті жойдық. Оқытушылар өздерінің тікелей міндеттерін орындаумен ғана айналысуы тиіс. Бұл мәселенің барлығын жоғары оқу орындары өздері шешеді», - деді ҚР БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов кеңес барысында.

Есептерді барынша азайту және жоғары оқу орындары оқытушыларын қағаз жүктемеден босату үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. «Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын бекіту туралы» 2007 жылғы 23 қазандағы № 502 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Бұл шаралар жоғары оқу орындарының оқытушыларын өзіне тән емес функциялардан босатуға және жоо-лардың академиялық дербестігін кеңейтуге бағытталған.

ҚР БҒМ бұйрығына сәйкес, деректердің қайталануын болдырмау мақсатында қағаз түріндегі сынақ кітапшалары алынып тасталған болатын. Қазіргі уақытта еліміздің жоғары оқу орындарының ақпараттық жүйесінде студенттердің, магистранттар мен докторанттардың бүкіл оқу кезеңі ішіндегі оқу жетістіктерінің тарихы жүргізіледі, ол транскрипте көрсетіледі. Транскрипт студенттің сұрауы бойынша оның кез келген оқу кезеңі үшін беріледі. 2021 жылы өзіндік үлгідегі дипломдарды енгізу жоғары оқу орындарының есептілігін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер