Зағип спортшы Кенжеғұл СЕЙІТЖАН: Жігері мұқалмайтын адам болмайды

3649
Adyrna.kz Telegram

Көзі көрмесе де, көкірегі ояу Кенжеғұл Сейітжан - өмірге шексіз ғашық жандардың бірі. Ол - голбол мен тауға өрмелеуден Қазақстан чемпионы. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін қайратты жан бүгінде 6 тілде еркін сөйлеп, бірнеше аспаптарда ойнай алады. Жеке кәсіпкердің хостел бизнесі бар.  «Адырна» ұлттық порталы көптеген жанның мотиваторына айналған тұлғаi мен әңгіме-дүкен құрды.

–Алғашқы сұрақты өміріңіздегі басты ұстанымыңыздан бастасақ..

–Алдына мақсат қойсаң, кедергілерден айналып өтесің деген ұстанымды ұстанамын. Мен «Алдын-ала төле» («Заплати вперед») деген киноны көрген болатынмын. Бұл туынды желілік маркетингке адамдарды тартқан сияқты көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу идеясын көтереді. Қазіргі таңда осы ойды негізге ала отыра, мүмкіндігімнің жеткенінше адамдарға жәрдемдесіп жүрмін. Алайда, «мына адамға жақсылық жасадым» деп жарияға жар салуды құптамаймын.

–Мотивация берушіге де мотивация керек. Сізді не жігерлендіреді?

–Жігері мұқалмайтын адам болмайды. Десе де, отбасыма қарап,лезде қалпыма келемін. Мені анам,әйелім, ұл-қызым, жолдастарым шабыттандырады. Кез келген адамның басынан қиындықтар өтеді. Кейбір адамдар менің жүгім көп, одан қалай құтылсам екен деп ойлайды. Онымен күресіп, жеңуге тырысу керек. Алла Тағала пендесіне көтере алмайтын қиындық бермейді.

–Кенжеғұл мырза, тағдырға сенесіз бе, әлде барлығы адамның өз қолында деген пікірдесіз бе?

 –Кез келген дүние адамның өз қолында. Құдай маған 2 жолды ұсынды. Біріншісі, бейшара болып, көшеде отыру немесе зейнетақыға күн көру. Ал екіншісі, мен жетістікке жетемін, қолымнан барлығы келеді деп еңбектеніп, өмір сүру. Мен соңғысын таңдадым. АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Кеннедидің «Билік мен үшін не істеді деп емес, керісінше мен билік үшін не істей аламын деп ойлау керек»,-деген керемет сөзі бар. Адам айналама не бере аламын деп бас қатыруы қажет. Қазақ «Талаптыға нұр жауар» деп текке айтпады ғой.

–АҚШ, Англия, Жапония сынды елдерде білім алған азаматсыз. Бұл елдердің өмір салтынан қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?

–Шетелдіктер жастайынан балаларын өз бетінше өмір сүруге үйретеді. Олар 16 жастағы жасөспірімді ересек адам ретінде көреді. Ал бізде қалай? Шыны керек, дәстүрлі қазақ отбасында ата-ана өмір бойы баласының қасында болып, оның мәселелерін шешіп жүреді. Қазіргі таңда көпшілік ата-бабаларымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, ал он бес жастан кейін досыңдай сырлас» деген философиясын ұмытып кеткендей.

–Спортқа деген қызығушылығыңыз неден басталды?

–2004 жылы жеңіл атлетикамен шұғылдана бастадым. Бірақ, 2006 жылы төрешілер бір жарыста жеткен жетістігімді қабылдамағаннан соң, оны тастап кеттім. Кейін шетелге оқуға түсіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қандай спорт түрлерімен айналысатынын білдім және оларды Қазақстанға әкелуге тырыстым. 2016 жылдан бері жолдастарыммен біріге отыра, голбол ойыны мен велосипед спортын дамытуға атсалысып жүрміз. Қазіргі таңда еліміздегі Голбол федерациясының вице-президентімін. Қазақстанның 11 облысында шәкірттеріміз бар. Өзім республика бойынша голбол ойынының 2 дүркін чемпионымын. 2016 жылы балалармен бірге веломарафон ұйымдастырдым. Өткен жылы «Елге тағзым» жобасының аясында Алматыдан Түркістанға барып келдік. Біз жай ғана «Мүмкіндігі шектеулі жандар, спортпен шұғылданыңыздар» деп айтпай, өзіміз де айналысып, қолымыздан келетінін дәлелдедік. Бүгінде альпинизм спортын дамытып жатырмыз. Кейде өзіме «Маған осының барлығы не үшін керек?» деген сұрақ қоямын. Біріншіден, өз-өзіме қолымнан барлығы келетінін дәлелдегім келеді. Екіншіден, басқа адамдарға «Мен өткен жолды сен де өте аласың, мен айналысатын спортпен сен де айналыса аласың. Онда неге әрекет етудің орнына қол қусырып отырсың?» деп айтқым келеді.

–Бір кездері кітап жазуды қолға аламын деген едіңіз..

–Бұйырса кітап жазу ойымда бар. Ол автобиографиялық шығарма болуы мүмкін.

–Үлгі тұтар адамыңыз бар ма?

–Өмірдегі пір тұтатын адамым – менің анам. Ол кісі мен үшін сабақ оқып, компьютер тілін меңгерді. Біз секілді шетелде оқымаса да, барлығынан хабардар, өте білімді жан. Әрдайым бізге ақылын айтып, түзу жолды көрсетіп отырады. Бір қызығы, анамның айтқандары дәл келеді. Ал бизнесте Джон Рокфеллертті үлгі тұтамын. Мені бауырына басып, қамқорлық көрсетіп жүретін ағам бар. Есімі – Сағынғали Елькеев. Сол кісі секілді рухани жетістіктерге жеткім келеді. Жасы алпыстан асса да, әлі күнге дейін ізденіп, өзін-өзі дамытып жүрген ағама қайран қаламын. Ол - үнемі жақсылық жасауға дайын тұратын жүрегі кең адам. Осы орайда Бақтияр Базарбаев деген досымды да ерекше атап өткім келеді.

–Сіздің анаңыз дүниеге 20 бала әкеліп, қиындықтарға қарамастан барлығын өсіріп жетілдірген асыл жан. Өкінішке қарай, қазіргі таңда балаларын тастап кететін безбүйрек аналар көбеюде. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

–Ең алдымен, ата-ана баласына дұрыс тәрбие беруі тиіс. Анасының ақылын тыңдамаған, мейірімін көрмеген жандар безбүйрек болып өседі. Анам әлі күнге дейін бізге ұрысып, қатемізді түзеп отырады. Ол кісіден «Неге бізге ұрыса бересіз?» деп сұрағанымда  «Сендер адам болсын деп айтамын»,-дейді. Мен бұрын «Өле жегенше, бөле же» деген қазақ даналығының мағынасын түсінбейтінмін. Шынтуайтына келгенде, оның астары тереңде жатыр екен. Сен бөліскең кезде, ең алдымен жақсылығыңмен бөлісесің, екіншіден, қуатыңмен бөлісесің, үшіншіден, бауырына жақындай түсесің. Осылайша, оларға жол көрсетеді екенсің.

–Аға буын ретінде артыңыздан ерген жастарға айтар тілегіңіз болса, мархаббат.

 –Ақша бесінші нүкте мен диван арасында ұшпайды. Неғұрлым еріншек болсаң, соғұрлым кедей боласың. Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал бар. Иә, басында көп ақша табу қиын болады. Алайда, адам еңбектену арқылы бейімделеді. Жалқаулықты жеңу керек.

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер