«Солтүстік облыстар Ресейге қосылсын»: Ермек Тайшыбеков қамауға алынды

2953

42 жастағы блогер Ермек Тайшыбеков – әлеуметтік желіде Қазақстанның Ресей құрамына кіруін қолдайтыны және орыстілді халықтың дискриминацияға ұшырайтыны туралы жиі пікір айтып, танылған блогер. Ол 23 қыркүйекте Алматыда қамауға алынды.

«Тайшыбеков Қылмыстық кодекстің 174-бап («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») белгілеріне келетін қылмыс жасады деген күдікпен 23 қыркүйекте ұсталған, сол күні кешкі сағат 21.25-те уақытша қамау изоляторына қамалды» деді аты-жөнін атағысы келмеген полиция қызметкері тілшіге.

Ресейшіл көзқарастарымен белгілі болған блогер Ермек Тайшыбеков 2015 жылы желтоқсан айында «ұлттық араздықты қоздырды» деп айыпталып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Ол кезде Тайшыбековтің үстінен өздерін ұлт-патриоттары деп атайтын белсенділердің өтініші негізінде қылмыстық іс қозғалған.

2016 жылы қаңтар айында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі Тайшыбековке шығарылған үкімді сынаған.

Тайшыбеков 2017 жылы қазан айында түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан.

Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабиляновтың айтуынша, Тайшыбеков Қазақстан тәуелсіздігіне қарсы азамат. Ол Ресей федерациясын Отаным деп қабылдап, Қазақстанды тек тұрғылықты мекені деп есептейді екен.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы