Мал шаруашылығы дамығанда ет пен сүт арзан болар еді...

4841
Adyrna.kz Telegram

 

2,5 тоннадан 40 тонна картоп өндірген, оны тышқақ лаққа ауыстырып, лақтан қойға, қойдан жылқыға, кейіннен түйе шаруашылығымен айналысуға көшкен Өтеміс Махантегінің бүгінде 300-ге жуық түйесі, 200-ге тарта жылқысы бар. Жан амандығы мен мал амандығын қатар қоятын Өтеміс ақсақалдан бүгін сұхбат алудың сәті түсті. Ендеше сүбелі әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

–300-дей түйе бағып, бие сауып отырған адамсыз. Енді айтыңызшы, халық мемлекетке арқа сүйеуі керек пе, әлде мемлекет халыққа ма?

–«42 500 бере ме екен, өзге де көмектері бола ма екен?»-деп мемлекетке халық сүйеніп алды... Қазір маңдайы терлеп жатқан елді көрмейсің. Есігінің алдындағы 5 соттық жерін айдамайды, сиыр саумайды, қайнатып құрт істемейді, күбі піспейді. Бәрі жалқау болып кетті. Жалқау, жалқау, жалқау деп 100 рет, 1000 рет айтамын. Міне, көршімнің 400 бас сиыры бар. Бірақ дүкеннің сүтін ішеді, айран ұйытпайды, жұмысқа өзбек пен қарақалпақты жегеді. Соларды жұмсап қойып жүреді. Мал өлмесе, болды деген түсінікте. Адамды шыңға көтеретін де, биікке көтеретін де – еңбек. Жалқау болдың ба, өмірі жарымайсың деген сөз. Жасым 71-де болса да, күні-түні осы шаруашылығымды қалай дамытсам екен деген ой үстінде жүремін. Қай адам болсын, өз жұмысына махаббаты болуы керек. Түнеугүні бір ініміз: «Аға, сіз қызықсыз. Түйенің пайдасын елге айта бергеніңіз не?»,-деп жатыр. Оны қызғанып не көрініпті? Өзгелер асып бара жатса, біз үйренеміз ғой. Бір қазағым биікке шығып жатса, қуаныш емегенде не?!

–Жалқау болмау керек деп жатырсыз ғой, өзіңіздің бір күніңіз қалай өтеді?

–Ерте тұрамын. Түнгі 2-де жатсам да 5-те тұрамын, 4-те жатсам да 5-те тұрамын. Солай ерте тұрып, түйелерге, малға барамын. Қазір жасым 71-де. Немерелеріме мал шаруашылығын үйретіп жүрмін. Балаларым да осы салада жұмыс істейді. Талай адам бізге батасын беруде. Менен де түйесі көп адамдар бар, ал олар сол түйесін саумай, құр сатумен ғана айналысады. Солайша олар еңбектенбейді. Ал мен еңбекті жақсы көремін. Шаршап ұйықтасам,  қуанамын. Аяқ-қолы сау адам –  шаршап ұйықтауы керек. Жұмысы бар адам бақытты ғой.  Жаратушы саған сау аяқ-қол берген соң, сен енді неменеге жұмыс істемейсің?! Саған есіктен ешкім “Мынау саған!” деп алып  бере салмайды. Сен бірінші елден мал емес, Құдайдан денсаулық сұрауың керек. Ары қарай еңбек етуің – өз қолыңда. Абай айтты емес пе, “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деп. Сол үшін бірінші орында еңбек тұруы тиіс. Малшым бар болса да рахаттанып өзім байлап, ботасын өзім жіберіп, шаршап, сүрініп отырсам – мен бақыттымын. Алла маған денсаулық берді ғой. Демалыс орнымызға арбада отырған адамдар келеді. Ал біздің аяқ-қолымыз сау. Біз неге жұмыс істемеуіміз керек?! Жұмыс істесең көйлегің көк, тамағың тоқ болады. Көшеде әйелдер сиырларын саумай қыдырып жүреді. “Саумайсың ба?!”десем, “Ой, оны не қыламын, дүкеннің сүті бар ғой” дейді. Сиырыңды сауып, сүтіңді пісіріп балаларыңа берсең, ештеңең кетпейді ғой. Балаларың сенен үлгі алып отыр. Ең сорақысы сол. Бұлай жалғаса берсе, тұқымымен жалқау болады. Бар екен деп адам мастанбау керек. Қайта өзбектерге біз үлгі болуымыз керек. Олар бай болған сайын кішірейе береді. Мен олардан үлгі алдым... Қанағатшыл болу керек. Шүкіршілік ету керек. Әр жатар алдында аяқ-қолымның сау екеніне, жұмысымның барына тәубе етемін. Кейде, түнгі 2-ге дейін бақша суарамын. Бір кездері осы маңға көшіп келген уақта, көршілерім «бұлар қаңғып келген»  деген көзқараста болды. Картоп егіп, оны саттым. Келесі жылы тағы ектім. Сосын, бие сатып алдым. Сиыр алып оны саудық. Солай, ананы-мынаны сатып жүріп, малымның санын көбейттім. Ауылда қойшы болып істеп, Қазақстанның чемпионы атандым. Тракторист болып жұмыс істегенде алдыма ешкімді салмайтынмын. Менің ұстанымым сондай. Мен бірінші болу керекпін!

–  Тәртіп болу керек дейсіз ғой?!

-Әрине! Ер адамдарда қасиет кетті. Әйелге жүктің бәрін артып қояды. Басқа жұмыс істемейді ғой. Кәдімгідей жалқау. Әйел де еріне, бала-шағасына жағу үшін еңбек ету керек қой. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген. Балаларына үлгі болу керек. Дастарханда отырғанда да тәртіп болу керек. Мысалы, менің балаларымның үлкені 50-де. Біреуі менен бұрын сөйлеп, аузына ас алмайды.

Біздің аталарымыз Бұқара, Самарқандтан жүк тасып, сауда-саттықпен айналысқан. 16-17 күн түйеге мініп алып, жол үстінде жүрген. Жол үстінде "Қызылөткел деген қанды өткелден өтеміз" деп талай адам жүгімен кеткен. Күзде базар басталып, қыста бірақ аяқталған екен. Сол уақта сыртта жүріп, үйіне, бала-шағасына азық жинаған. Міне, еңбек деген осы.

–Сіздің кезіңіздегі тәлім-тәрбие қандай еді?

–Бала кезімде әкем таңғы 5-те ұйқымнан тұрғызады да, сиыр айдататын. «Балам, сиырды айдай бер. Мен бас киіміммен бұлғағанда қайтасын»-дейтін. Мыңқ етпей, 5 шақырымға дейін айдап келетінмін. Одан аттан жығылып жатсақ та, айтпаймыз. Айтсам болды, «сен неге жығыласың» деп өзіме ұрсады. Құлап жатсам, «менен туған баласың ғой, түк болмайды, түкір» дейді. Баланы аямау керек. Аядың ба, өмірде қор болады. Әкенің тәрбиесі балаға ерекше әсер етеді. Екі қызыма да еңбекті үйреттім. Бордақы байлатамын, оның астын шығартамын, сиыр сауғызамын, іс тіккіземін. Жалпы қолдан келгенше еңбекке баулыдым. "Малдының беті жарық...". «Қазіргі әйелдер бір үйді жалдап отырып, 8-10 бала тудым» деп кеудесін кереді. Ақорданың алдына барып, көтеріліске шығады. Еңбек етпесе, оның туғаны неге керек?! Одан кейін салт бойынша біздің үйде дастарханда қымыз, шұбат тұрады. Олар болмаса, береке болмайды. Ал береке ақтан басталмай ма?! Бұрындары ер адам үйде жоқ болып жатса, жаудың алдына әйелдер ақ алып шыққан екен. Содан олар елге шаппай, бұрылып кетіп қалып отырған. Немесе ат үстіндегі құдайы қонақ болып келген адамға аттан түсірмей, ақ ұсынатын болған. Нағыз құрмет, ізет деген осы. Бізде мәдениет деген керемет еді ғой. Қызы бар үйдің керегесінің оң жағына ешқашан киім ілмеген. Оң жақта отырып қалады деп қорыққан. Керегенің басына да ештеңені ілуге болмайды. Неге десең, сол үйдің керегесінің басында күңнің, құлдың киімі тұрады екен. Қыз 15-16-ға толғанда ат міңгізген. Астындағы атына қарап, байдың қызы ма, жарлының қызы ма білетін болған. Ол қыздардың бір сәукелесінің өзі бір үйір жылқының құнына тең еді...

–Ал ұстаздың қадірі қандай еді?

–Қазір орысқа байланған заман болды ғой. Әке-шешеміз бір ауыз орысша білмесе де, сүйреп жүріп орысшаға берді. Мен 5-сыныпқа дейін орыс тілін оқыдым. Сонда бір сөздің орысшасын білмесең, ұстаздар іштен ұратын. Оны ұрды деп әке-шешемізге айтып келсек, олар тағы тоқпақтайды. Одан кейін біздің балалық шағымызда отбасымен ажырасқан адамды ешқашан мұғалім етіп алмайтын. Мектеп маңына жолатпайтын. Қазір мектепте 50 әйел ұстаздық қызмет етсе, олардың 45-і жесір. 45 жесір сабақ берсе, қайдан білім болады? Қазір бір сиыр, бір жылқының құнына, мұғалім бола салады. Бүгінде мұғалімге аянышпен қараймыз. Біздің бала кезімізде көшеде бір мұғалім тұра ма, кемпір-шалдардың бәрі сол үйді үлгі қылып, дүкендегілер мұғалімдерге кезек беретін болған. Ұстаздар кең етекті, бір түсті, мойынына дейін жабық ұзын киімдер киінетін. Соларға қарап, бүкіл әйел бой түзейтін.

–Мал шаруашылығы саласы елімізде қаншалықты дамып жатыр?

  Кеңес үкіметі кезінде конторға кіргенде жарқырап біз секілді мал ұстап отырғандардың суреті тұратын. Ол үлкен мотивация еді. Одан кейін қыстау, көктеу, күзеу, жайлау дегендер қайдан шыққан? Қазақ қысы-жазы малын алдына ертіп, көшіп жүрген. Жазда жайлауға тоқтаған. Малды жақсы өсіру үшін оның жерін ауыстырып тұру керек. Ал қазір ше?! Малдар қысы-жазы бір жерде тұрады. Неге? Себебі қазақта жер жоқ. Жердің бәрін өзгелерге беріп тастағанбыз. Қазір ауыл шаруашылығы деген аты ғана. Біздің ауыл шаруашылығында бастығымыз кім, ауданда кім, білмейміз. 2-3 жыл болды бізге жиналыста болмайтын болды. Былтыр барғанда оларға: Сендердің не қажеттерің бар, кім сендерге жалақы төлеп жатыр? деп кеткенмін. Содан бері мені көрсе алыстан қашады. Жыл сайын ауыл шаруашылығында министр ауысады. Министр енді үйреніп болдым дегенде, өзге біреуді алып кеп қояды. Тіптен өздері де аларларын алып болған соң, тайып тұрады ғой деймін. Ең болмаса 3 жыл уақыт беру керек қой. 3 жылда ауыл шаруашылығын көтере алмаса, орынынан кетсін. Бір күні бір министр келіп, жиналыс жасап жатыр екен. Бордақылаған сиырдан басқа ештеңені көрсетпейді. «Кімде сұрақ бар?» деген соң, бірнеше сұрақты жаудырттым.

Орныңыз құтты болсын. Жыл сайын бізде министрлер ауыса береді ғой. Сізді де биыл көреміз. Мал шаруашылығы қалай дамиды, жүн өтпейді, тері өтпейді. Ендеше министрдің бізге не керегі бар?! Былтыр 5 тонна қойдың жүнін өртеп жібердім. Себебі жүннің күйесі үйге келеді ғой, дедім. Қайбір жауап берді ғой дейсің?! «Шетелмен байланыс орнаттық» дегеннен аса алмады. Содан бір жас бала келіп, ақырын ғана «Көмектесеміз...» деп тұр. Өй, көмегің құрысын,- деп айқай салып едім, бала еңбектеп тұрып қашты. Сөйтсем, әкім жіберген екен. «Ана шалды қойдыр, сұрақ қоя бермесін» деген көрінеді. Осыдан кейін қалай дамимыз?!

–Ауыл шаруашылығын дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

–Шұбат сатып алсақ, жартысынан көбі су болып шығады. Бізде соны тексеретін маман жоқ қой. Маман мен орын керек. Одан кейін көкөністер өсуі үшін де Қытайдан дәрі әкеледі. Дәріден жеміс-жидектің бәрі 20 күнде пісіп шыға келеді. Бірақ ол денсаулықты да, жерімізді де құртып жатыр. Уағында піспеген көкөністерді, жеміс-жидектерді сатқаны үшін оларды жауапқа тарту керек. Ауыл шаруашылығы дамуы үшін бөлек арнайы телеканал, соған салаланған журналистер қалыптасуы керек. Сақылдап, біз секілділерден сұхбат алып тұрса, шаруашылыққа көңіл бөлінетін еді ғой. Мал шаруашылығы дамығанда дүкенде ет, сүт арзан болатын еді. Ондай жағдайда әлбетте, халықтың жағдайы да көтеріледі.

Сонымен қатар, Өтеміс ақсақал тек мал шаруашылығымен айналысып қана қоймай, таза ауада, табиғаты көркем жерде, шұбат арқылы халық денсаулығына ем болар орын ашқан. Ендеше демалушылардың пікіріне назар салайық.

Рахметова САЯЖАН, Байсерке ауылының тұрғыны, ем алушы:

–Бір ай бұрын коронавирустан кейін пневмониямен ауырдым. Осы жерге  келгенге дейін кеудем қысып, жөтелім қоймай жүрген. Демалыс орынына келіп, сүтін, шұбаты мен дәрілерін ішкеннен кеудемнің қысқаны мен ашығаны қойды. Жөтелім де басылды. Бүгін жатқаныма үшінші күн. Ауасы таза, тыныштығынан күш-қуат аласың. Сүттері де ішкенге өте жағымды екен. Күніне 6000 теңге төлейсің. Оның ішіне түйенің етінен жасалатын үш уақыт тамағы да кіреді.  Өзіммен бірге қант диабетімен ауыратын апамды да ала келдім. Қалаған кезіңде барып, шұбатты іше аласың.

Майгүл МОЛДАНБАЕВА, ем алушы:

–Түйенің жаңа сауылған сүтінің бетінде тұрған көбікті бетіңе жақсаң, масканың қызметін атқарады. Бетті ағартады, ылғалдандыратын тегін, табиғи маска. Келер кезде асқазаным ауырып, жөнді тамақтана алмай жүрген едім. Енді, 3 күннің ішінде асқазаным да жақсы болып қалды. Екінің-бірінің қолынан келмейтін істі істеп отырған Өтеміс атамызға үлкен алғыс айтамыз. Сауыншылар мен мал бағып жүрген адамдардың қолына қуат берсін. Кішкентай балаларымның иммунитетін көтерейін деп өзіммен бірге алып келдім. Өтеміс ата туралы бұрыннан білемін. Қызым осы тақырыпта ғылыми жоба қорғаған кезде келіп, біліп кеткен. Содан бері бізге "Емделсеңдерші" деп айтып жүрген. Теледидардан да атаны көріп жүрміз. Бұл кісінің бойында бір ерекше қасиет бар шығар деп ойлаймын. Түйені бағындырып, оны асырау екінің-бірінің қолынан келмейтін іс. Мұндайды ерекше қабілеті бар,  білетін адамдар ғана істейді. Адамдарға пайдасы тиіп жатқан кәсіп өлмесе екен. Оны жалғастырып, жаңғыртатын адамдар болса екен деп армандаймын. Біздің алдымызда ем алғандар бізге түйенің зәрін де қоса ішуге кеңес берді. Енді міне, біз де ішіп жатырмыз. Қымбат металдардың нанобөлшектері бар, ағзаға пайдалы екен.

 

Өтеміс ақсақалдың демалыс орынына барып, ем аламын, қымыз-шұбат ішемін десеңіздер, төмендегі байланыс телефондарына хабарлассаңыздар болады.

Өтеміс МАХАНТЕГІ: +7 705 760 50 63

 

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер