Жетісайлық өнертапқыш: Әлемде жоқ мөр ойлап таптым

3532
Adyrna.kz Telegram

Жетісайлық Батырбек ПАРСАХАНҰЛЫНЫҢ негізгі мамандығы – экономист. Ол бірнеше жыл Түркістан облысы Жетісай қаласындағы "Қазпочтада" қызмет еткен. Өнертапқыш "Қазпочтадан" біржола кеткеніне көп уақыт өтсе де, сол бір қол күші мен уақытты алатын жұмысының қиындығын әлі күнге ұмыта алмаған. Көп ойлана келе, почта қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету үшін төрт функцияны бір мезетте орындайтын мөр ойлап табады.

Мөрдің ерекшелігін білу үшін «Адырна» ұлттық порталының журналисі Батырбек Парсаханұлының өзімен сұхбаттасқан болатын.

- Почта қызметкерлерінің қызметін жеңілдететін ерекше құрылғы-мөр ойлап тапқан екенсіз, идея қалай келді?

- Өзім Алматыдағы Экономика және статистика академиясын тәмамдадым да, еңбек жолымды 2007 жылы Жетісай қаласындағы "Қазпочта" мекемесінен бастадым. Он шақты жыл боп қалды өзім бұл саладан кетсем де, почта қызметкерлерінің жұмысын жеңілдететін мөр ойлап таптым. Бұл идеяның келгеніне де оншақты жылдан асыпты, бақсам, почта саласында әлі де ілгерілеу жоқ. Жақын Алматы қаласына барғанда "Қазпочта" басқармасына кіре кеттім. Бәрі сол қалпы. Баяғыша бәрін қолмен істейді: мөрді, марканы қолмен жапсырып, күні мен бағасын да қолмен жазады екен. Сондықтан "Қазпочта" саласына айтар ұсынысым кез келген тұтынушыға оперативті түрде қызмет ету жолдарын ескеруі қажет. Және олар менің бұл бастамамды қолдайды деп те ойлаймын.

Расын айтқанда, қызмет барысында қателіктер де кетіп, жіберуші мен қабылдаушыға қатысты түрлі мәселелер туындаған кездер де болды. Әрі қазіргі заманда мұндай баяу әрекеттер почта қызметін пайдаланушылардың санын да азайтады деп ойлаймын. Бәрі жылдамдықты, шапшаңдықты талап етеді.

- Бұл құрылғыны жасау техникасы қандай? Несімен ерекшеленеді? Осыған тоқтала кетсеңіз.

- Мұндай құрылғы-мөр әлемде жоқ, алғаш қазақ даласында жасалып отыр.

Мамандар да бұл мөрге таңқалып отыр. Ешқашан мұндай мөр көрмедік дейді. Олардың ойынша, төрт функцияны бірден орындайтындықтан мұндай мөрді жасау қиын. Бірақ  тапсырыс берсек, істеуге болатынын да айтып отыр.

Меніңше, бұл құрылғыны (мөрді) пайдалану ыңғайлы, әрі өте тиімді болмақ. Почта қызметіне сай. Бір хатқа бірнеше мөр мен марка жапсырудың ешқандай да қажеті жоқ. Оның орнын толтыратын,  ауыстырып отыратын –  күн, ай және бағасы ғана. Қалғандары құрылғының сол қалпында өзгеріссіз, ыңғайлы жұмысын атқара береді.

Құрылғы сырт көзге қарағанда кәдуілгі мөр тәрізді болғанымен, ол 4 қызметті 1 мезетте орындайды, әрі уақытты үнемдейді:

  1. Марканың орнын атқаратын жылқы (немесе басқа да) бейнесін (әр мекеменің өз қалауы бойынша жасатса) салуға болады.
  2. Почта қызмет ақысын (сумма) көрсететін баған.
  3. Күн, ай, жыл жазылады.
  4. Почтада қолданылатын домалақ немесе төртбұрыш мөрдің орнын толықтырады (басқа мөр басудың қажеті жоқ).

Бұл құрылғыны талапқа сай, жеке тапсырыс бойынша жасау керек. Негізі мөр дайындайтын үлкен компанияларға тапсырыс беріп, әрбір почта бөлімшелерінің толық адресі жазылып, әрі мемлекеттік марканың орнын толықтыратын бейнелерді орналастырып жасағаны дұрыс.

- Патент алып, әріқарай айналымға ендіруге әрекеттеніп көрдіңіз бе? Кедергілер болмады ма? 

- Идеямды жүзеге асыру үшін қиындық болмады. Патенттеуге өткізіп қойдым. Қаншалықты жүзеге асатыны әлі белгісіз. Алдағы уақытта оңынан болып, қазақ еліне қызмет етеді деген ниеттемін. Әлбетте, бұл идеямның жүзеге асуына мемлекет тарапынан қолдау керек болады деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет! Алда бұл ойлап тапқан жаңа моделіңіз қолдау тауып, елдің кәдесіне жарай бергей деп тілейміз!

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер