Бішкек полициясы наразылық танытушыларды күшпен таратты (видео)

2468
Adyrna.kz Telegram

 Бүгін кешкілік Бішкектің жүздеген тұрғыны  Ала-Тоо алаңына наразылыққа шықты. Айтуларынша, сайлау нәтижесі бұрмаланған. Кейбір адамдар Жоғарғы Кеңеш (Жогорку Кенеш – ред.) ғимараты мен президент әкімшілігі ғимаратының қоршауын бұзып кірмек болған. Қоршау ішіне бөтелке мен тас атқылаған. 

Полиция өкілдері Ала-Тоо алаңына наразылыққа шығушыларға резеңке оқ пен көзге жас ағызатын газ қолданып, күшпен таратып жіберді. Қырғыз ақпарат көздері көшелерде наразылыққа шығушылардың соңына түсіп, оларды ұстап жатқанын жазуда.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Жылдыз Айгерчинованың айтуынша, Ала-Тоо алаңында митингіге шыққандарды тарату кезінде күш құрылымдарының екі қызметкері жараланған, екеуінің де миы шайқалған. Оларды "Жедел жәрдем" қызметі ауруханаға алып кетті. Сондай-ақ митингке шыққан 16 адам ауруханаға жеткізілген.

Кешелі бері  Қырғызстанның белсенділері  сайлау нәтижесі бұрмаланды деп билігін сынап, халықты алаңға шығуға үгіттеген.

 

Айта кетейік, 4 қазанда Қырғыз елінде парламент сайлауы өтті. Қазір Жоғарғы Кеңештің 120 орындық мандатына  7 пайыздан көп дауыс жинаған төрт партия өтіп тұр:

1) "Биримдик" (Бірлік)  – 24,5 пайыз;

2)"Мекеним Кыргызстан" (Мекенім – Қырғызстан) - 23,88 пайыз;

3)"Кыргызстан" – 8,76 пайыз;

4)"Бүтүн Кыргызстан" ("Біртұтас Қырғызстан") – 7,13 пайыз дауыс алған.

Осы төрт партияның ішінде "Біртұтас Қырғызстан" ғана оппозициялық бағыт ұстанады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер