Берік Дүйсембинов: Төрт жыл бұрын ақысы төленсе де Түркістан облысының ауылдарына көгілдір отын неге жетпеген?

3394
Adyrna.kz Telegram

«Ақ жол» партиясының депутаттары төрт жыл бұрын ақысы төленсе де Түркістан облысының ауылдарына бүгінгі күнге дейін көгілдір отынның жетпегінені ашулы. Фракцияның тиісті депутаттық сауалын Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов жолдады. Осы депутаттық сауалдың толық нұсқасын ұсынып отырмыз. 

 

Қазақстан Республикасының 

Индустрия және инфрақұрылымдық 

даму министрі 

Б. Б. Атамқұловқа

Қазақстан Республикасының 

Энергетика министрі

Н. А. Ноғаевқа

 

 

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

 

Құрметті Бейбіт Бәкірұлы!

Құрметті Нұрлан Асқарұлы!

 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру мәселесін ерекше алға қойған болатын. Осы Жолдауда, ең алдымен, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болу қажеттілігі атап өтілген.

Елбасы бұдан былай халықтың табысы мен өмір сүру сапасы мемлекет тиімділігінің басты өлшемі болатынын және әрбір министр мен әкімнің жұмысы дәл осы параметрлер бойынша бағаланатынын ерекше ескертті.

Осы орайда, бүгінде ас-суын ағаш жағып әзірлеп, үйін көмірмен жылытып отырған халқымыз үшін газ қолжетімділігі өте өзекті, тұрмыс сапасының маңызды көрсеткіші деп санаймыз.

Алайда өткен аптада  «Ақ жол» фракциясы депутаттарының Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында,  бұл мәселенің әлі де толығымен шешімі табылмай отырғандығынан хабардар болдық. Ауыл азаматтары газбен қамту мәселесін тағы да қайталай көтеріп, әкімдердің әсем есептерінің шындықтан алыс екенін жарыса айтып, жанайқайын жеткізді.

Әрине, рухани астанамыз Түркістан бүгінде күннен-күнге өзгеріп, қала келбеті облыс орталығының мәртебесіне лайық, гүлденіп келе жатқандығын көріп отырмыз. Дегенмен, шам жарығы түбіне түспес деп атам қазақ ескерткендей, қазақтың қара шаңырағы – оңтүстік аймақ, инфрақұрылымдық даму, сапалы өмір сүру тұрғысынан тек Түркістан қаласымен ғана шектеліп қалмауы керек деп есептейміз. Оның үстіне құдайға шүкір еліміз күнін көре алмай қол қусырып отырған жоқ, әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп биік мақсат қойған ел. Бірақ, жылына 50млрд шаршы метр газ өндіретін Қазақстанның халқы сол газбен үйін жылыта алмаса біз қандай өмір сапасы туралы айта аламыз, ондай әлемдік рейтингтің құны бес тиын.

Мысалы, Түркістан облысы Келес ауданы 17 мыңға жуық халқы бар «Біртілек» ауылдық округының, «Еңбекші» және «Ораз ата» елді мекендерінің тұрғындарының айтуынша, осыдан 4 жыл бұрын аталмыш ауылдарға газ құбыры салынып, тұрғындар өз ақшалары есебінен  үйлеріне құбыр тартып, газ пештеріне дейін қойып алған. Осындай жағдай Жетісай ауданының Көктөбе ауылында, Сайрам ауданының жеті ауылында, Ордабасы, Қазығұрт ауданы ауылдарында орын алған.

Өкінішке орай бүгінгі күнге дейін осы ауылдарға көгілдір отын әлі жетпеген. Егер газ болмаса, тұрғындардан неге 4 жыл бұрын қаржы жиналған?

Тұрғындармен  кездесу кезіндегі шағымдарға сүйенсек Жетісай ауданындағы 72 мектептің 39 әлі де көмір қызуымен жылынады. Мысалы:

М. Мәметова атындағы №33-ші;

№35 Қараөзек;

№69 Мақташы;

№30 І.Жансүгіров;

№32 Ш.Құдайбердиев атындағы мектептер орналасқан елді мекендерге газ  сонау 2014 жылы беріліпті, бірақ сол уақыттан бері аттай алты жыл өтсе де бұл мектептердің газға қолы жетпей отыр.

Газдың қосылмау себебін жергілікті әкімшілікте, өкілетті органдар әртүрлі техникалық себептермен түсіндіруде. Бірақ, мардымды,нақты жауап ала алмадық.

Әрине, сылтаудың түрі көп, қағаз бәрін көтереді.  Осы ауыл азаматтары мен мектептерге газдың жетпеуіне себеп болып отырған шенеуніктер мен газ құбырының басында отырған өкілетті органның басшыларына төрт жыл бойы көгілдір отынсыз отырған ауылдарға көшіп, балаларын суық мектепте оқытып, келе жатқан қыстың қарсаңында тезекпен жылынып өмір сүруге кеңес береміз. Сонда мүмкін, бұл мәселе жылдам шешілер.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы:

- Түркістан облысындағы аталған ауылдар мен мектептерге бүгінгі  күнге дейін газ келмеу себебі, оған жауапты лауазымды,заңды тұлғаларды анықтап, олардың қандай жауапкершілікке тартылғандығы жөнінде және бұл мәселе өз шешімін қашан табатыны туралы ақпарат сұрайды .

 

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

 

Пікірлер