Таразыға түскен теңсіздіктің түп-тамыры

2054
Adyrna.kz Telegram

Төменде сөз болатын ғажап туындыда қамтылған көкейкесті мәселелер тек АҚШ бастаған Батыс әлеміне ғана тиесілі емес. Өйткені онда әлемдік қоғамдастықтық пен жаһандық нарық экономикасының белсенді мүшелерінің бірі әрі мәңгілік ел болуды көксейтін өз мемлекетіміздің – Қазақстанның тұрақты дамуы үшін де ауадай қажет инновациялық идеялар топтастырылған.

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

Экономика саласы бойынша ХХІ ғасырдың ең бастапқы жылында Нобель сыйлығымен марапатталған америкалық ғұлама ғалым Джозеф Юджин Стиглицтің (Joseph Eugene Stiglitz) «Алапат сызат» («The Great Divide») атты ғылыми-сараптамалық туындысы 2015 жылы алдымен АҚШ-та одан соң, іле-шала халықаралық «Penguin» баспалар жүйесі арқылы Ұлыбритания, Канада, Ирландия, Аустралия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка мемлекеттерінде қатар жарық көріп, күллі әлемнің назарына бірден іліккен болатын. Себебі бұл ауқымды да тағылы­мы терең зерттеудің дәл сондай биік мәртебеге ие болатын құн­дылықтары жетіп артылады. Алайда бұл тақырыпты қозғамас бұрын, ғұлама Джозеф Стиглицтің жеке басына қатысты тұшымды мәліметті дәл осы тұста айта кетейік.

Біріншіден, Д.Стиглиц – АҚШ-тың айтулы Массачусетс техноло­гиялық институтының түлегі әрі докторлық ғылыми атағына да сол институтта қол жеткізген. Екін­шіден, ол – экономикалық теория­ның негізін қалаған әлемге әйгілі британдық ғалым Джон Мейнард Кейнстің (John Maynard Keynes) ізбасары. Үшіншіден, ол – 1988 жылдан бастап, АҚШ-тың Ұлттық ғылым академиясының академигі, 1993 жылдан бері Британия акаде­миясының корреспондент–мүшесі және 2003 жылдан бастап Ресей Ғылым Академиясының шетел­дік мүшесі. Төртіншіден, атақты ғалым 1997-2000 жылдар аралығында Дүниежүзілік банктің бас экономисі лауазымын иеленген. Бесіншіден, 1995-1997 жылдар аралығында АҚШ президенті Билл Клинтонның экономикалық мәселелер жөнін­дегі кеңесшілер тобын басқарған. Алтыншыдан, Д.Стиглиц шек­сіз нарықты, монетаризмді, нео­клас­си­калық экономикалық мек­тепті, сондай-ақ жаһандану үдері­сіне қатысты неолибералдық көз­қарасты, Халықаралық Валюта Қоры­ның дамушы елдерде жүргіз­ген жымысқы саясатын және Ресей­дегі жекешелендіруге қатысты жүргізілген либералды реформаларды қатаң сынға алған тұлға ретінде де кеңінен танымал. Жетінші­ден, ғалым-ұстаз Джозеф Стиглиц Кембридж, Иель, Дьюк, Стэнфорд және Оксфорд сынды әлемнің әйгілі университеттерінде дәріс оқиды және бүгінгі таңдағы жұмыс орны – АҚШ-тың Нобель сыйлығының 104 жүлдегерін түлетіп ұшырған Колум­бия ғылыми-зерттеу университеті.

Осы деректерді ескере отырып, Д.Стиглицтің «Алапат сызат» атты ғылыми монографиясы­на қайта оралсақ, тілге тиек болып отырған бұл туындыны автордың 2012 жылы жарық көрген «Теңсіздіктің құны» («The Price of Inequality») атты ғажап туындысының жалғасы деуге болады. Өйткені екі туындының да зерттеу объектісі – АҚШ. Ал автордың өзі болса, жоғарыда атап өткендей, экономика саласының аса білікті кәсіби маманы ғана емес, АҚШ сынды алпауыт мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, бизнес, банк және қаржы жүйелеріндегі күллі жетістіктерімен қатар әлгі мемлекеттің етегінен тартатын кем­шіліктерін де терең білетін сая­саткер тұлға екеніне көз жеткізе­міз. Сондықтан да болар, «ауруын жасырған өледі» демекші, ғұлама ғалым тек Батыс әлемінде ғана емес, шексіз экономикалық пәрмені мен әскери қуаты жағынан бүгінгі таңда жер бетіндегі ең қауқарлы мемлекет саналатын АҚШ-тың өзегін кемірген әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздіктің күннен-күнге өрши түсіп, бұрынғыдан бетер тереңдеп бара жатқанын бұлтартпайтын шынайы деректермен айшықтайды. Сондай-ақ әлгі әлеуметтік дерттің түпкі себептерін жан-жақты талдап, оның кеселді салдарының болашақта әлгі мемлекетті қандай сын-қатерлерге ұшыратуы мүмкін екендігін де таразылап береді. Бұл біріншіден.

Екіншіден, жоғарыда аталған қос туындының тереңде жатқан негізгі зерттеу объектілері – АҚШ халқының 1 пайызын құрайтын «алтын миллиард» деп аталатын ат төбеліндей бай-бақуаттылар тобы мен сол мемлекет халқының басым көпшілігін, яғни қалған 99 пайызын құрайтын екінші топ­тың арасын қақ жарып тұрған ала­пат сызаттың бүгінгі таңда үңірейе кеңейіп, тұңғиық құзға айнала бастағанын, сондай-ақ әлгі құздың, емі жоқ індет секілді, қоғам ағзасы мен санасын күн санап кеулеп бара жатқанын да сан тұрғыдан зерделеп, нағыз ащы шындықты ешбір бүкпесіз әрі ешбір жан жоққа шығара алмайтын дәйекті де дәлелді уәждермен түйіндейді.

Үшіншіден, Д.Стиглиц «Тең­сіздіктің құны» атты моногра­фия­сында бастаған терең сарап­тамалық зерттеу жұмыстарының арнасын «Алапат сызатта» одан бетер кеңейте түседі. Сосын көзге оттай басылатын әрі көкейге қона қалатын автордың батыл да өткір тұжырымдары «Алапат сызатта» көтерілген көкейкесті мәсе­лелердің тақырыптарынан ғана емес, олардың ішкі қатпарынан да өте айқын сезіледі. Әлгі еңбегінде Д.Стиглиц: «Әлеуметтік теңсіздік Батыс әлемін неге жайлап барады және мұндай жағдайда біздер не істей аламыз?» деген риторикалық сауалды көлденең тартады да, өзінің ашық та әділетті болмысына тән көрегендігімен әлеуметтік теңсіздіктердің түп тамырының саяси билік тізгінін ұстаған тұлға­лардың «алтын миллиардтың» ығына жығылып, тек солардың мүд­­делерін ғана көздейтін әділетсіз салық заңдары мен сыңаржақ саяси шешімдерге жол беруінде және сол солақайлықтың салдарынан басымдықтар таңдауда билік тарапынан жіберіліп жататын өрескел қателіктерде жатқанын сан алуан сындарлы деректермен дәлелдейді және оларды болдырмаудың тиімді жолдарын да қоса ұсынады.

Осы пайымның дәлеліндей, «Алапат сызат» туындысындағы «Қылмысты өлімнің анатомиясы: Америка экономикасының қазаға тап болуына кім кінәлі?» деген тарауында автор сырт көзге шалына бермейтін және бір ащы шындықтың бетін ашады. Д. Стиглиц мұнда 2008 жылы АҚШ-тан басталып, күллі әлемді шарпыған алапат экономикалық дағдарыстың түпкі себептерін түбегейлі саралай келіп, әлгі риторикалық сұрақтың жауабы тым күрделі екендігіне назар аударады. Сөйтіп, сұңғыла ғалым әлгі алапат дағдарысқа ұшы­ратқан кінәлі топтың қатарына АҚШ-тың күллі қаржы институттарын, сондай-ақ 1981-2009-жылдар аралығында 30 жыл мемлекет билігін уысында ұстаған және сол жылдары АҚШ-тың жоғарыда аталған қаржы секторына ат төбе­лін­дей «алтын миллиардтың», яғни «бір проценттің» ғана мүддесін қорғай­тын сыңаржақ реформаларды енгізіп, оларды белсенді жүзеге асырған АҚШ президенттері Рональд Рейган, Джордж Г.У.Буш, Билл Клинтон және кіші Джордж У.Буш әкімшіліктерін де жатқызады.

Аталған еңбегінде жаһандық нарық экономикасы мен саясат әле­мінде орын алып отырған өрес­кел теңсіздік дертіне сын көзбен қарай отырып, Д.Стиглиц айтпақшы, майлы жіліктің басын ұстаған жалғыз процентті құрайтын бай-бақуаттылар мен әл-ауқаты олардан әлде қайда төмен 99 пайызды құрайтын екінші топтың бастары қосыла бермейтіні шындықтан тіпті де алыс емес. Өйткені әлгі екі топтың мазасын қашыратын түйткілді мәселелері ғана емес, олардың мақсат-мұраттары да, күнделікті өмір сүру салты да, тіпті көретін түстері де бір-біріне ұқса­майтыны. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген дана халқымыздың қанатты сөзінің қисыны дөп келіп тұрғаны анық байқалады.

Сосын Джозеф Стиглиц айтып отырғандай, қатардағы амери­калық­тарды, әдетте, колледждегі бала-шағаларының төлемақысын қалай өтейтіні немесе отбасындағы жақындарының бірі науқастана қалса, оны қайтіп емдейтіні, сондай-ақ зейнетке шыға қалса, ары қарай қалай күн көретіні секілді отбасы мен ошақ қасындағы әлеуметтік түйткілдер көбірек алаңдатады. Оның үстіне, автор айтпақшы, 1930-жылдары АҚШ-ты тұралатқан Ұлы депрессия кезінде ондаған миллион қатардағы қарапайым америкалықтардың баспаналарынан айырылып, көшеде қалғаны жадынан әлі шыға қоймағаны анық. Ал мұндай «ұсақ-түйектер» болса, әлгі бір проценттегілердің өңдері тұрмақ, түстеріне де кірмейді. Өйткені «малы көптің мұңы көп» демекші, олигархтардың жүйкесін тоздыратын түйткілдердің сипаты сіңірі шыққан «99 пайыздың» самайын ағартатын ұсақ-түйектерден мүлде бөлек. Өйткені шіріген байларды көбінесе дыбыстан жүйрік ұшақтардың қай түрін сатып алу, не болмаса өздеріне ешбір тер төкпей келген көл-көсір табыс­тарын салықтан қалай жасырып қалу секілді «мазасыздық» көбірек алаңдатады.

Джозеф Стиглицтің пікірінше, күллі әлемдегі тұрмысы шалқыған 1 пайыз өз тағдырларының, түптеп келгенде, қалған 99 пайызға тікелей тәуелді екенін сезе бермейді. Алайда «кемедегінің жаны бір» демекші, экономикалық әлеуеті мықты кейбір мемлекеттерде 1 па­йыздың да, 99 пайыздың да мүм­кіндіктері тең. Өкінішке қарай, автор айтпақшы, әлемнің ең алпауыт еліндегі бай-бақуаттылардың санасына әлгі шындық кіріп те шықпайды. Сондықтан да болар, Д.Стиглиц, «егер әлгіндей әділет­сіздік дерті осылайша жалғаса бере­тін болса, ондай мемлекеттерде экономикалық тұрақтылық ұзаққа бара қоймайды» деген түйінді тұжырымға табан тірейді. Сосын ғұлама экономистің бұлай топшылауына негіз болатын деректер «Алапат сызатта» жыртылып айы­рылады. Ендеше, ендігі әңгіме желісін де солай қарай бұралық.

Біріншіден, автор өз еліндегі 1% бен 99%-тың арасындағы күннен-күнге ұлғайып бара жатқан әлеуметтік теңсіздік сызатының, ең алдымен, соңғылардың мүмкін­діктерінің шектелуіне себеп болып отырғанын да, сонымен қатар бұл дерттің мемлекеттің ең басты құндылығы болып табылатын халықтың басым көпшілігінің құқын бұзып қана қоймай, олардың өз әлеуеттерін толық пайдалану мүмкіндігінен де қоса айырып отырғанын бүкпесіз ашып береді.

Екіншіден, әлеуметтік теңсіздік­ке жол беріп отырған кеселдің енді бірі, автор айтпақшы, жең ұшынан жалғасқан олигархтарға шексіз монополиялық билік беріп, олардың салық жеңілдіктеріне қол жеткізу мүмкіндіктерін молайтып отырған әділетсіз заңдар екенін және бұл әділетсіздіктің, өз кезегінде, әлгі бұрмалаушылықты одан бетер күшейтіп, ұлттық эко­номиканың кері кетуіне тікелей ық­пал етететіндігін негіздейді және АҚШ-та орын алып отырған әлгі дағдарыстардың басым бөлігі ел үкіметінің қаржы секторында жүргізіп отырған сыңаржақ сая­сатының нәтижесі екенін өте нанымды дәйектермен тиянақтайды. Әсіресе қаржыны жоғарыдан тө­мен­ге немесе, керісінше, төменнен жоғарыға бағыттауға келгенде саяси биліктің салықтық, монополистік, құқықтық және лицензиялық жеңілдіктерді ең алдымен «алтын миллиард» тобына беріп, сол топтың күллі халықтың есебінен шексіз байлыққа кенелетінін үлкен батылдықпен сынға алады.

Үшіншіден, Джозеф Стиглиц өркендеу мен тұрақты дамуды көз­дейтін кез келген мемлекет, ең ал­дымен, әділетті ұжымдық ықпал­дастыққа басымдық беру керек­тігін ескертеді. Өз кезегінде бұл ық­пал­дастықтың, мемлекетті бірін­ші кезекте инфрақұрылымды қалып­тас­т­ыруға, ғылым-білім мен тех­но­ло­гияға басымдық беруге және адами капиталдың сапасын арт­тыруға көбірек инвестиция тартуға міндеттейтінін де ескертеді. Ал бұл басымдықтар мен талаптар дұрыс жолға қойылмайтын болса, ондай мемлекетте экономиканың жаппай алға басу динамикасы мүлде шабандайтынын да ғұлама ғалым еске салады.

Төртіншіден, туынды авторы­ның пікірінше, экономика мен саяси-әлеуметтік қарым-қатынас­тардағы теңсіздіктердің шынайы себептерін экономистердің өз­дері де дөп басып айта алмайды. Өйткені олардың басым көпшілігі нарық экономикасындағы барлық түйткілді мәселелерді тек қана «сұ­ра­ныс пен ұсыныс реттейді» деген әбден сүр болып, догмаға ай­на­лып кеткен әлжуаз қағиданың ық­палынан шыға алмай жүр.

Бесіншіден, автордың пайымдауынша, бүгінгі заманауи техноло­гиялардың жаппай қолда­нысқа енуі білікті мамандарға да, орта білімді мамандарға да сұранысты тым азайтып жіберді. Сондықтан да бүгінгі жаһандану үдерісі әлемдік нарыққа кең жол ашып, ел ішіндегі кәсіби жұ­­мыс­шылардан гөрі шетелдік ар­зан жұмыс қолын өндіріске көбі­рек тар­туға шексіз мүмкіндік беріп отыр.

Алтыншыдан, қоғамда орын алып отырған саяси-әлеуметтік өзгерістер, оның ішінде жұмыс­шы­лардың мүддесін қорғай­тын бұрынғы кәсіподақ ұйымдары­ның тым қысқарып кетуі де экономика­ның өрістеуіне айтарлықтай кері ықпалын тигізіп отырғанын туын­ды авторы өз назарынан тыс қал­дырмайды.

Жетіншіден, нарық экономи­ка­сындағы саяси-әлеуметтік тең­сіз­діктің ең басты себебі – «алтын миллиард» тобындағылардың қоғам­дық және әлеуметтік қаты­нас­тарда қалыптасып қалған өз үстем­діктерінің ешбір өзгеріссіз жалғаса беруін қалайтынында жатыр. Мұның айқын дәлелін Д.Стиглиц ел ішіндегі бүгінгі әді­летсіз салық жүйесінен байқап отырғанын жасырмайды. Өйткені ірі капиталдарға салынатын са­лық мөлшерінің тым төмендігі көш басындағы бай-бақуаттыларға шаш-етектен пайда әкелетін табыс көзіне айналғанын және мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдың басында Джон Рокфеллер секілді банкирлер тобы пайдаланған болса, үстіміздегі ғасырда Билл Гейтс сияқты олигархтар да қоса пайдаланып отырғанын автор ашық айтады.

Сегізіншіден, бүгінгі әлеу­мет­тік теңсіздіктің тағы бір себебін автор қаржы жүйесінде қалып­тасып отырған «бармақ басты, көз қыстылықпен» байланыс­тырады. Атап айтқанда, көпшіліктің құқын аяқасты етіп, бай-бақуаттылардың көздеген мүдделерін қанағаттан­дыру үшін, қаржы жүйесінде қалып­тасқан бұрынғы әділетті ере­желер мен қағидаларды қаржы инсти­тут­тарының өздері бұзып, жасан­ды да жымысқы мүмкіндіктерді сатып алуға жол ашып отырғанын бүк­пе­сіз жайып салады және мұның нақты дәлелін де келтіреді. Ол дәлел мынау: үкімет қаржы институт­тарына қарызға нөл пайыздың өсім­мен жеңіл ақша береді де, орта­дан қайсыбіреулер өз пайдасын қағып алады. Мұндайда заң бұзу­шы­лықты бақылайтын инсти­тут­тар көре тұрса да көздерін жұ­мып, үндемей қоя салады. Бір сөз­бен айтқанда, байлық билікке бас шұл­ғып, көзін қысса, билік те жіби кетіп, бай­лыққа қол бұлғайды. Тоқ­сан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы ғана.

Түптеп келгенде, Нобель сый­лы­­ғының лауреаты Д.Стиг­лицтің «Алапат сызатпен» айтпақ бол­ғаны әлемдегі ат төбеліндей бай-бақ­уатты топтың уысына жинақталған ұшан-теңіз байлықтың қоғамды қақ бөліп, әлеуметтік теңсіздіктің отын лаулатып, тек жекелеген миллиардерлердің ғана қалтасын томпайтпай, иманды мүдделерге бағытталып, қалың бұқараның мүддесін ескере отырып, әділетті бөлініп, мемлекет игілігіне тиімді жұмсалғанын көздейді. Ал олигарх­тар болса, автор айтпақшы, өзіне қажеттінің бәрін де сатып алуға мүмкіндігі жетіп артылатындық­тан, үкіметке шекеден қарайды. Сондықтан да «бай байыған са­йын қалтырауық болады» демекші, олардың басым көпшілігі ұлан- ғайыр байлықтарын астына басып, қызғыштай қорғай­ды немесе Кариб теңізіндегі «Алтын миллиардтың» жұмағына айналған Кайман аралдарына жасырады. Сондықтан да ғұлама ғалымның аталған туындысынан «байлық пен адам санасы қатар жүрмесе, әлеуметтік теңсіздіктер тізгінделмейді және билік пен қоғамның болмыс-бітімі де иманды арнаға түспейді» деген мөлдір де тұнық ниет бой көрсетеді.

«Алапат сызатта» Джозеф Стиг­лиц сонымен қатар жоғарыда аталған 1% бен 99%-дың арасында орын алып отырған күллі әлеуметтік теңсіздіктердің алдын алуға да, тіпті оларды мүлде болдырмауға да болатынына өте сенімді екенін жасырмайды және өз сенімінің негізсіз емес екендігін дәлелдеу үшін, зерделі ғалым АҚШ-тың бүгінгі таңдағы әлеуметтік болмысын өзге капиталистік мемлекеттердің әлеуметтік секторларымен салыстыра зерттеп, сол терең ізденістердің нәтижесінде өз елінің әлемдегі ең қуатты экономиканың иесі бола тұрып, жастарының жоғары білім алу мүмкіндігі жағынан да, хал­қы­ның медициналық көмекпен қам­тылуы жағынан да, әділ сот шеші­міне қол жеткізу мүмкіндігі жағы­нан да, баспанамен қамтылу жағы­нан да, жоғары жалақымен қамтылу мүмкіндігі жағынан да, өмір сүру ұзақтығы жағынан да Батыс Еуропа мен Скандинавия елдері немесе Жапония, Сингапур, т.с.с. тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттерге қарағанда едәуір төмен тұрғанын мынадай нақты статистикалық мәліметтермен түйіндейді:

АҚШ халқы әлем жұртының 5%-ы ғана болғанымен, олар­дың арасынан сотталып, жаппай түрмеге жабылғандардың саны әлем­­дік көрсеткіштің төрттен біріне жуықтады. Соның салдарынан «әділет» деген ұғым бұл күнде қолы ұзын санаулы топтың ғана қол­жетімді тауарына айналып отыр;

Осыдан біраз жылдар бұрын Үнді мұхитында орналасқан кіш­кентай ғана Маврикийде бүгінгі таңда медицина да тегін, колледжде білім алу да тегін. Сонымен қатар тек қарттар ғана емес, жастарға да транс­портпен тегін пайдалану құқы берілген. Ал АҚШ-та мұндай жеңіл­діктер қарастырылмаған, өйткені бюджет ондай салмақты көтере алмайды-мыс. Есесіне, дағдарыс кезінде банктер аман қалса, экономика да аман қалады және бұндай қадамнан күллі халық та ұтады деп, мемлекет банк секторына 700 миллиард доллар қаражатты оп-оңай тауып бере салады. Алайда бұдан пайда тапқан халық емес, керісінше, тек байлар мен бақуаттылардың ғана мұрттары майланды;

1969 жылы Малайзиядан бө­лініп шыққан Сингапур да өте кедей мемлекет болатын әрі ондағы жұмыссыздық деңгейі 25%-ға жеткен еді. Алайда абыз көшбасшы Ли Куан Юдің арқасында бұл күнде сингапурлықтардың жан басына шаққандағы табыстары 55000 долларды құрайды, әрі ол елде әлеуметтік теңсіздік атаулы түп тамырымен келмеске кеткен;

Мемлекеттің сындарлы сая­­саты­ның арқасында сингапур­лық­тардың 90%-ы баспаналы болса, АҚШ-та бұл көрсеткіш 65%-ы тең;

БҰҰ қабылдаған жеке адам­ның даму индексі бойынша, атап айтқанда, азаматтардың табысы, білімі және денсаулық деңгейі тұр­ғысынан Швеция, Дания, Финлян­дия және Норвегия сынды мем­лекеттер 3-орында тұрса, АҚШ 16-орында тұр. Сондай-ақ жас балалар арасындағы кедейлік көрсет­кіші Швецияда – 7.3% болса, АҚШ-та бұл көрсеткіш 23.1%-ға тең;

Осыдан ширек ғасыр бұрын экономикасы шарықтап тұрған Жапония да үлкен дағдарысқа тап болып, сол қырсықтың құр­сауына ұзақ уақыт шырмалған болатын. Тіпті кейінгі 25 жыл ішінде «жапон сырқаты» деген сөз тіркесі де халықаралық терминге айнала бастаған-ды. Алайда осы қиындықтарға қарамастан, Жапония мемлекеті жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырған жоқ. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-та екі есе көп. Сонымен қатар Жапонияда әлеуметтік теңсіздік деңгейі де АҚШ-пен салыстырғанда едәуір төмен. Мұның басты себебі, 2012 жылдың соңында Жапония премьер-министрі болып тағайындалған Синдзо Абэнің абэномика атанып кеткен монетарлық және фис­калдық реформаға негізделген заманауи саяси-экономикалық сая­сатымен тікелей байланысты.

Бұл орайда, Ли Куан Ю мен Синдзо Абэнің ұстанымдарын толық қолдай отырып, Джозеф Стиглицтің 2002 жылы жария еткен мына бір пікірінің мәні өте терең: «Мен әлеуметтік теңсіздік түйткілдерін нарық реттейді дегенге сене салатын соншалықты ақымақ емеспін. Өйткені әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, қоршаған ортаның ластануы мемлекеттің белсенді араласуынсыз орын алуы, тіпті де мүмкін емес».

Бұл ұрымтал пікірдің нағыз шындық екені ешбір күмән тудырмайды. Сосын Джозеф Стиглиц­тің жоғарыдағы қос туынды­сында синтезделген дерек көздері әлеуметтік теңсіздіктердің түп-тамыры тек экономикада ғана емес, мемлекет басқару жүйесіндегі саяси-экономикалық билік тізгі­нін ұстаған көшбасшылардың ұста­ным­­дарының сапасында екені­не толық көз жеткізеді. Бұл пайым­ның негізсіз емес екенін дәлелдеу үшін Джозеф Стиглицтің әлгінде ғана келтірілген түйінді пікірі­нен бұрын сингапурлық «ғажап экономиканың» атасы атанған Ли Куан Юдің: «Менің алдымда екі мүмкіндік тұрды. Бірі – байлыққа кенелу, екіншісі – мемлекетке адал қызмет ету. Мен екінші жолды таңдадым» деуі немесе ғұлама абыздың: «Мемлекеттің ұлылығы тек жер көлемімен ғана өлшенбесе керек. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен темірдей тәртібі және сол мемлекетті өз хал­қы­ның құтты мекеніне айнал­дыруға ұмтылған ұлтжанды көш­бас­шылары мен көсемдерінің сапасы ғана сомдайды. Сондықтан да мені билік тізгінін өзіме сеніп тапсырған халқымның түптің түбінде маған қандай баға беретіні көбірек ойландырады» деуі өмірде ұзақ жасап, көпті көрген, артына өшпес із бен қайталанбас үлгі-өнеге қалдырған Ли Куан Юдің тек өз халқының ғана емес, күллі адамзат жадында да сөзі мен ісі үнемі бір жерден шыққан нағыз ұлы көсем әрі нағыз ұлы меритократ тұлға бей­несінде қала беретіні сөзсіз. Тек «ақылдыдан шыққан сөз та­лап­­тыға болсын кез» деп абыз Абай айт­пақшы, Ли Куан Ю мен Джозеф Стиглиц секілді әлем ғұлама­лары­­ның заманауи пайымдарын санаға сіңіріп, Скандинавия мемле­кеттері мен Шығыс Азия мемле­кет­терінің озық саяси-экономикалық және әлеуметтік құндылықтарын мемлекеттік саясатымыздың өзегіне өре алатын тұлғалар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді ғой деген үмітті тілекпен мақалаға нүкте қоямыз.

 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық жоғары  мектеп ғылым академиясының академигі

Egemen Qazaqstan

Пікірлер