Білім саласы: «Айран ішкен құтылып, шелегін жалаған тұтылмасын»

3694
Adyrna.kz Telegram

2016 жылдан бергі орта білім беруді модернизаиялауға жұмсалған шығындарды Қаржы министрлігі тексеруді қолға алады. Бұл туралы премьер министр Асқар Мәмин мәлімдеді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Pravo.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан Қаржы министрлігінің аудиторлары соңғы төрт жылда орта білім беру жүйесін жаңарту, жетілдіру бойынша ел қазынасынан бөлінген миллиардттардың қалай жұмсалғанын және қандай нәтижесі барын тексереді. Бұл тексеру жұмыстары 9  қыркүйекте мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетованың сауалынан кейін қолға алынған сияқты. Естеріңізде болса, сол күні депутат Нұманбетова e-learning  электронды оқыту жүйесі үшін Білім және ғылым министрлігіне бюджеттен 30 млрд теңге бөлінгенін айтқан еді. Өкінішке қарай,  30 млрд  теңге бөлінген бұл электронды оқыту жүйесі аты бар, заты жоқ дүниеге айналғанын қазіргі кезде көзіміз жетті. Пандемия кезінде қашықтан оқыту мәселесі алдымыздан көлденең шыққанда, кезінде миллиардтап ақша бөлінген e-learning  жүйесінің ізін де таппадық.

Білім және ғылым министрлігіне қатысты депутат Дания Еспанова да қатты сын айтып, қазіргі министр Асхат Аймағамбетовті жауапқа тартуды да сұраған еді. Сонымен қатар Есеп комитеті  19 қыркүйекте Қазақстан білім саласына Дүниежүзілік банктен алынған 67 млн доллар заем қаражатының қалай жұмсалғанын тексеруді қолға алатынын мәлімдеді.

«Айранды ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылмаса» игі еді. Себебі, 2016 жылдан бері Білім және ғылым министрлігін жалғыз Асхат Аймағамбетов басқармағанын ескерсек, онда, осыған дейін бұл министрлікті басқарған Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев, Күләш Шамшидинова да жауапқа тартылып, миллиардтаған қаржының қайда және қалай жұмсалғанына есеп береді деп үміттенеміз.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер