Пайдалы білім

2895
Adyrna.kz Telegram

Білімнің бәрі пайдалы деген сөзбен келісесіз бе? Қазіргі орта білім алушылардың алған білімі ертеңгі шынайы өміріне қаншалықты жарамды? Шынайы өмірге қажетті біліммен, қазіргі беріп жатқан білімнің арасы қаншалықты алыс? Бүгін осы жайында ой қозғап, талқылап көрелік.
Бірден мысалға көшіп, математика пәнін алайық. Математиканы 7-сыныпқа дейін барлығы оқуы керек, оған ешкім дау тудырмайды. Алғашқы төрт амалды (алу, қосу, көбейту, бөлу – авт.) әркім білуге міндетті. Ол өмірге қажет. Менің қазіргі айтпағым, 8-сыныптан басталатын косинус, синус, тангенс, котангенс амалдары. Осындай терең математикалық теңдеулерді қаншалықты шынайы өмірімізге пайдаланып жатырмыз? Егер бұл логиканы дамытады десек, онда оның орнын басатын түрлі тәсілдер бар. Мысалы, шахмат комбинациясы алдыңғы 7-сыныпқа дейінгі амалдарды пайдалана отырып логиканы дамыта алады.


Математикға қабілеті жоқ немесе оны сүймейтін баланы 7 сыныптан кейін 11 сыныпқа дейін мәжбүрлеп оқыту қаншалықты дұрыс деп есептейсіз? Ал егер математикаға қабілетті, сүйіп жақсы көретін оқушылар болса оларды 7-сыныптан кейін арнайы математикалық сынып ашып тереңдетіп оқытса болады. Олардың саны көп те емес. Тіпті арнайы математикалық мектептер де бар. Егер қоғамда терең математиктер керек болса осы мектептердегі оқушылар орнын толтырып бере алады. Ал сол мектептегі математиканы сүйіп оқитын 10, 20 пайыз бала үшін барлық баланы мәжбүрлеп оқытудың қаншалықты маңызы бар?
Иә, оқытқан балалардың барлығы математик болып кетпейтінін барлығымыз жақсы түсінеміз. Суретті сүйіп салатын қабілеті бар бала неге терең математиканы игеруі қажет? Жалпы қоғамда математик деген мамандық жоқ, ал суретші мамандығы бар. Екінші мәселе математика аптасына 8-9 рет оқытылады, ал өмірге ең қажетті денешынықтыру – аптасына 3-4 рет өтеді. Математиканы жақсы білетін, бірақ денсаулығы жиі сыр беретін ұрпақ бізге қажет пе? Егер біздің осыншама күш салып жатқан терең білімді математиктеріміз қоғам проблемасын шешетін болса, онда жыл сайынғы әр мектептен бітірген, математиканың жілігін шағатын «Алтын белгіге» бітірген балаларымыз, математиктеріміз қайда кетті деген ой туады. Сол мықты математиктер әрі кетсе математик мұғалімі болады. Себебі бізде ғылым жолға қойылмаған. Ол ғылым жолға қойылмаса ЖОО бітірген түлектеріміз шетел асып кетуі ғажап емес. Біз қанша білгендігімізбен емес, сол білгенімізді өмірде қаншалықты жаратып жатқандығымызбен мақтануымыз қажет. Жалпы шетелдік ғалымдар білімді пайдалылық коэффицент тұрғысынан қарастырады. Ол дегеніміз – білім тек шынайы өмірге қажеттілігі тұрғысынан қарастырылады деген сөз. Яғни, өмірде пайдаға жарамаса ол білім автоматты түрде артық білім болып саналады. Қазақстанның білім беру жүйесінде артық білімнің бар екенін шетелдік ғалымдар да ділелдеген.
1996-1998 жылдары жаңартылған білім бағдарламасы енгізілмей тұрып шетелден келген эксперттер Қазақстанның білім беру жүйесіне зерттеу жүргізген. Қортындысында олар Қазақсатнның білімі 3/1 жүйесі бойынша оқытылып жаттыр деп диагноз қойған. Оқушылардың әр оқыған білімін 3 % десек, соның тек 1% ын ғана шынайы өмірінде кәдеге жарата алады, ал қалған 2 % артық. Яғни еш жерге жарата алмайтын тек теория ғана. Жоғарыда айтқан артық білімге жататынын айтқан. Ал сіздерде қалай деген сұраққа: бізде 1/1 яғни бір білгенін ертеңінде өміріне пайдалана алатын білімді ғана береміз деген екен. Біз осы олқылықты толтырдық па?. Мысалы, оқушыларға үй тапсырмасын бермейміз деп әлемді таң қалдырған Филяндияда PISA-ға (Programme for International Student Assessment) сай әлемдегі ең озық білімді мемлекеттердің ондығына кіретін мемлекет, осы айтылған проблеманы шешіп қойған. Олар балалардың қабілеті мен ерекшелігіне байланысты «Оппо» атты пәні енгізген. Ол жерде оқушы 8 сыныпта өз мамандығын таңдап, соны ғана тереңдетіп оқытады. Бұны жасауға бізге не кедергі?
Қазақстан білімі мүлде басқа бағытқа бұрылуы керек. Менің ойымша, мектептің басты міндеті білім беру ғана емес, сонымен қатар оқушының қабілетін анықтау және оны дамыту. Бір сөзбен айтқанда тобыр емес тұлға қалыптастыру. Ол үшін алдымен артық білімнен құтылу керек. Артық білімнен құтылу үшін алдымен әр пәндегі артық ақпараттың өміршеңдігін анықтап, егер ол шынайы өмірге жарамды болмаса немесе баланы дамытуға жұмыс жасамаса, ондай өлшемге келмейтін білімді автоматты түрде алып тастау керекпіз. Ондай пайдасыз білімнің орнына абайтану (қазақты тану үшін), алаштану (отанды сүйю үшін), шешендік өнер (тіл дамыту үшін), алғашқы медицина ( жедел жәрдемге дейін көмек көрсете білу үшін), психология (өзін және өзгені түсіну үшін), әдеп сабағын ( ер мен әйел, үлкен мен кіші міндеттерін түсіндіру үшін), тайм-менеджмент (уақытын үнемді жұмсау үшін), өмір қауіпсіздігі ( келеңсіз жағдайлардан сақтану үшін) сияқты өмірге ең қажетті зәру білімдерді енгізу керек. Міне, шет ел пайдалы білім деп осыны айтып отыр. Мысалы, осы соңғы өмір қауіпсіздігі деген пән өте маңызды, себебі үйдегі қарапайым қауіпсіздікті сақтамағаннан көптеген балалар байқамай түрлі улы сұйықтақтар ішіп, газдан уланып жатады. Міне, зәру яғни ең керекті білім деп осыны атуға болады.

Енді әлемдік деңгейдегі зәру білімді айтатын болсақ, қазір гугл, фейсбук сияқты ең ірі компанияларға соншалықты білімді адамдар емес, идея тудыра алатын креативті адамдар қажет. Оны біз ерте кезде қиял-ғажайып ертегілер арқылы дамытқанбыз. Әйгілі психолог Дэниел Гоулман «Эмоционалды интеллект» кітабында EQ-дің (мінез-құлық) IQ-ден де артық екенін дәлелдеген. Сондықтан, біз бала бойында артық білімнен гөрі осындай адами қабілеттерін арттыру керекпіз. Ал, біз әлі күнге дейін математика сияқты артық білімнің артынан жоңғарды қуған Қабанбайша қуалап келеміз. Қашан қуып жетерімізді бір Білім министрінің өзі білер...

Айдын Рахымбаев,
тарих пәнінің мұғалімі

Пікірлер