Партиялар астыртын айқасқа түсіп жатқандай

4852
Adyrna.kz Telegram

Карантинге дейін де халықтың қасынан табыла бермейтін парламенттегі түрлі партия  фракциясының өкілдері соңғы уақытта тым белсенділік танытуда. Nur Otan, «Ақ Жол», «Халықтық коммунистер»  партиясы өкілдерінің ұсыныстары дәп бір астыртын айқастай көрінеді.  Депутаттар бірінен бірі асып түспекке ұмтылғандай,бір мәселеге түрлі ұсыныс жасап, жұртты әрі сәрі күйге түсірді.

Тарқатып айтар болсақ, 16қыркүйекте коммунист Айқын Қоңыров несиелік амнистия жариялауды ұсынып, үкіметке сауал жолдады. Карантин кезінде 4 млн 200 мың адам жұмыссыз қалып, несиесі төленбей қалғандардың көрсеткіші 145 пайыздан 332 пайызға артыпты. Осындай деректерді келтірген депутат Қоңыров халық қазір несиені еріккеннен емес, тамағы мен денсаулығы үшін алатынын да тілге тиек етті.

Осындай қажеттілік салдарынан қарызға батқан азаматтарға қолдау көрсету ретінде коммунистер несиелік амнистия жариялауға ұсыныс білдірді. Мемлекетке салықтың кез келген түрін уақытылы төлеп жүрген азаматтардың несиесін кешіру туралы бұл ұсыныс әзірге жұртқа ұнағанымен, парламенттегі басқа партия өкілдері несиелік амнистияны жақтыра қоймағандай.
Коммунистердің осы ұсынысынан кейін үш апта «ойланған»«Ақ Жол» партиясының парламенттегі өкілі  Азат Перуашев елдегі банктердің несиелік пайызы өте жоғары екенін, сондай пайыздың салдарынан қарапайым жұрт қарызға белшесінен батуда деп, кедейлік қамыты қыса түскен халыққа көмектесуді сұрап мінберге шықты.  Премьер министр мен Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағаларының  атына жолдаған сауалында Перуашев несиеге амнистия жариялау халықты кедейшіліктен құтқара алмайтынын айта келіп: «2019 жылы 160 млрд теңгелік несие қарызы кешірілген еді. Алайда қарызға батқан халықтың жағдайы осыдан кейін жақсарып кетпеді.

Керісінше, мәселе ушығып кетті. Өйткені, мәселенің төркіні шешілмеді. Негізгі проблема банктердің несие пайызы өте жоғары екенінде. Келесі проблема Қаржы министрлігінің жеке тұлға банкроттығы туралы заң қабылдануына енжарлық танытуында. Егер банк несиесінің пайызы төмендетілсе және жеке тұлғаның банкрот болуы туралы заң  қабылданса, онда халық та қазіргідей қарыздан титықтамас еді», дейді Перуашев.

Арада бірер күн өткенде, үндемей қалуды жөн көрмеді ме, NurOtan партиясынан да несиеге байланысты ұсыныс түсті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина ӘБІЛҚАСЫМОВАНЫҢ атына сауал жолдаған  депутат Аманжан Жамалов та: «Карантиннің салдарынан көп адам жұмысында қысқаруға ұшырады немесе тіпті жұмыссыз да қалуда. Кірісі тоқтаған сондай адамдар банктен несие де ала алмай, шағын қаржы ұйымдар мен ломбардтардың өте жоғары пайыздық қарыз ақшасын алуға мәжбүр болуда.

Карантин кезінде табысынан айырылған адамдардың басым бөлігі банктегі несиесін уақытылы төлей алмай, «қара тізімге» кіріп кеткен. Банктің осындай «қара тізімі» берешегінен құтылған адамдарға да кедергі келтіруде. Банктегі несие қарызын түгел төлесе де, адамдар «қара тізімнен»  тез арада шығарылмайды. Қазірдің өзінде  елімізде шамамен 1,4 млн  азамат «қара тізімде». «Қара тізімнің» кесірінен адамдар несие ала алмауда», деп, «қара тізімнен» халықты шығаруды сұрады.

Парламенттегі үш партияның өкілдері көтерген мәселе біреу, яғни халықты қарызынан құтқару.  Өте ұтымды және қажетті ұсыныстар үшеуі де. Алайда бұл ұсыныстар неге дәл қазір биік мінберден айтыла бастады? Осыған дейін банк несиені бірнеше есе пайызбен беріп келгенін депутаттар білмеген бе? Әлде несиелік амнистия халықтың қарыз мәселесін шешпейтінін депутаттар түсінбеген бе? Бәлкім, «қара тізім» арқылы әріптестерін басып озу мақсатын көздеген болар?

Қалай десек те, қазақстандықтардың ең әлсіз тұсын сөз ете отырып депутаттардың белгілі бір көксеген, һәм көздеген нәрсесі бар-ау, шамасы. Өйткені парламенттегілер халықты қашан және қалай «есіне түсіретінін»  соңғы отыз жыл көрсеткен. Парламент сайлауының алдында осындай салмақты дүниелер сөз етіле бастайды немесе өзара тартыс кезінде халықшыл бола қалады біздің депутаттар. Олай болса, үш партия серкелерінің бір мәселе төңірегіндегі текетіресінің мәнін анықтау және шығатын  нәтижесі де уақыттың еншісінде.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер