Діни сенімі үшін тазалау науқанын бастаған дұрыс па?

8051
Adyrna.kz Telegram

Ташкент облысы Ташкент ауданындағы орта мектеп мұғалімдеріне селк еткізерлік тапсырма беріліпті. Мұғалімдер енді хиджаб киетін, жұма намазға баратын оқушылар мен ата-аналардың тізімін жасауы керек. Бұл туралы islam.kz сайты дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

"Озодлик" редакциясына түскен анкетада оқушы мен ата-анасының аты-жөні, тұрғылықты және жұмыс орны көрсетілген. Бұған қоса, мұғалімдер ата-анасы шетелде жүрген, немесе экстремистік ағымды жақтайтын оқушыларды көрсетуі тиіс.

Ташкент ауданындағы №12 орта мектеп мұғалімінің айтуынша, бұл тізімді ата-аналар білмеуі керек. Мұғалімдер мәліметті аудан әкімшілігіне 2 қазанға дейін тапсыруы керек екен.

Ташкент ауданындағы бірнеше мектептің басшылығы мұндай мәлімет Ташкент қаласы әкімінің тапсыруымен жиналып жатқанын хабарлады. Десек те, бұл анкетадан хабардар болған бірер ата ана өз наразылықтарын білдіруде. «Оқушыларды діни сенімі үшін қудаламақ па?» деген сұраққа ата аналар мардымды жауап ала алмай отыр. Билік тарапы мұндай анкета оқушыларды экстремистік діни ағымдар жетегінен қорғау мақсатында жүргізіліп жатқанын алға тартады.

Айта кетейік, Өзбекстанда қоғамдық орындарда, мектептерде, жоғары оқу орындарында хиджаб киіп жүруге тыйым салынған. Екі жыл бұрын республикада бірыңғай мектеп формасы енгізілді.

Біздегі ахуал қандай?

Өзбек елінде діни сеніммен астыртын күрес басталды деушілер көп. Алайда басқа-басқа Өзбекстан дін мәселесіне қатысты тетіктерін Қазақстаннан әлдеқайда ертерек бұрап, реттеп бастаған. Уахаббизм, салафизм сынды теріс ағымдағы дінкештер Өзбекстаннан табандарын жалтыратқалы қашан. Өкінішке қарай, өзбектің жерінен бас сауғалай қашқан экстремистік көзқарастағы дүмшелер Қазақстанға өтіп, біздің жерімізде қаншамасы қалып қойған еді. Қазақ елінің заңының солқылдақтығын өздеріне тиімді пайдаланған теріс діни ағым өкілдері бұл күнде тамырын тереңге жайғаны сонша, біртіндеп саяси билікке де араласа бастады. Реті келіп жатса, саяси билік мінберінен өз пәтуаларын тықпалаудан тайынбайды. Өзбек еліндегі анықтамалық анкета мен қазіргі қазақ даласындағы діни ахуалды салыстыра отырып қауіптің қай тұстан төнетінін аңғару қиын болмас, сірә.

«Өте дұрыс! Өзбек билігі өте сақ. Әлгіндей анкета бекер жүргізіліп жатқан жоқ. Демек, теріс діни ағым өкілдерінің «иісін» сезген өзбек билігі. Ондай дүмшелер саңырауқұлақтай қаптап, көбеймей тұрғанда, нақты шара қолдану керек. Әйтпесе, Қазақстандағы сияқты дүмшелерді ауыздықтай алмай қалады. Дін деген дүниені заңмен мықтап бекітіп, тырп еткізбей тастамайынша, тыныштық жоқ, меніңше. Бізде қалай? Әр ауылда кемі екі мешіттен бар қазір. Сол мешіттің бәрінде шынайы мұсылмандар жүр дегенге сенесіз бе? Ал шоқша сақалы шошаңдаған салафит, уахаббиттер ел ішін емін- еркін кезіп, уағызын айтып жүргені анау. Осыдан кейін не айтуға болады?», дейді Түркияда дінтану саласын зерттеп жүрген Алмас ОРЫНБАЙ.

«Діннің саясатқа араласқаны, қоғамның құрығаны деп санаймын. Өзбекстан бұл мәселеде өте тиянақты тірліктер атқаруда. Өкінішке қарай, біздің елде әлі күнге дейін түрлі діни сенімдегі адамдар арасындағы алауыздық, тіпті дұшпандық өршімесе, тоқтар емес. Қазақстан түрлі ұлттар мекендеген жер. Сондықтан мұндай елде ең алдымен, діни сенім мәселелері заңмен реттелуі керек еді. Өзбекстаннан бұл тұрғыда үйренеріміз аз емес. Теріс діни сенімдегі адамдардан қоғамды тазарту үшін бар күшті салмаса, болашақта қазақ билігіне төнетін ең үлкен қауіп солардан болады», -дейді саясаттанушы Еркін САБЫРБЕК.

Қалай десек те, өзбек ағайынның теріс діни ағым өкілдерімен күресінен үйренеріміз көп. Қазақ даласын да жат ағымды жақтаушы, ұлттың құндылығына қол салып, астыртын арам ниетін жүзеге асыруға асығып, жанаталсқандардан тазартатын уақыт жетті. Осы бетімен кете берсе, түбінде Қазақ деген ұлттың тамырына теріс ағым өкілдері жетпесіне кепілдік жоқ.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

  

Пікірлер