АҚДМ ақпаратқа қолжеткізу саласындағы уәкілетті орган болады

399

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру жөніндегі баспасөз конференциясында «Ақпаратқа қолжеткізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Құжат 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді және азаматтардың «Ашық Үкімет» порталы базасында ақпаратты еркін алуға және таратуға құқық береді.

Портал аясында 4 платформа жұмыс істейді – ашық деректер, Ашық бюджеттер, Ашық НҚА және ашық диалог. Аида Балаева бір ғана «Ашық диалог» платформасында бірінші басшылардың блогтарына 367 мыңнан астам өтініш берілгенін айтты.

«Дегенмен де, қоғам тарапынан порталға жүктелген мәліметтерге қатысты орынды сын-пікірлер де айтылып жүр. Атап айтқанда, кейбір ақпараттар – оқуға ыңғайсыз, ұғынықсыз формада ұсынылады, сұрақтарға дер кезінде жауап берілмейді», - деді министр.

Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ақпаратқа қолжеткізу мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Түзетулер екі міндетті шешуді көздейді: бақылау мен жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның жекелеген нормаларын қолдану аясын кеңейту. Осылайша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ақпаратқа қолжеткізу саласындағы уәкілетті органның функциялары берілетін болады және Мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жыл сайын есеп тапсырылып отырады.

Бұдан басқа, ақпарат иеленушілерге кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерін, мемлекеттік органдардың функцияларын жүзеге асыратын өзін-өзі реттейтін және үкіметтік емес ұйымдарды жатқызу ұсынылады. Әзірленген түзетулер қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қаралатын ақпарат мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілді. Жыл соңына дейін заң жобасы Президенттің қол қоюына енгізілуі тиіс.

Пікірлер
Редакция таңдауы