Мейірбан жандар мерекесі

2508
Adyrna.kz Telegram

25 қазан – әлеуметтік қызмет көрсету саласы қызметкерлері күні.

Әлеуметтік қызметкер – бұл тек кәсіп иесі ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын мейірбан жан. Халықты әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қорғау Үкіметіміз жүргізіп отырған сындарлы саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан да, біздің елімізде қарттар мен аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен балаларды қорғаудың нақты жүйесі қалыптасқан.

Әлеуметтік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қазан айының соңғы жексенбісінде тойланатын  кәсіби мерекелердің бірі.  Бұл мереке  2011 жылдан бері  аталып келеді.

«Әлеуметтік сала қызметкері» десек, қоғам өмірінде болып жатқан мəселелерге атүсті қарамай, мемлекетіміздің əрбір көмекке зəру жандарына қол ұшын созатын адамдар көз алдымызға келеді. Бүгінгі таңда, тағдыр тауқыметін тартқан, түрлі жағдайларға тап болған немесе мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенімен, көмек көрсетуге құлық таныта қоймайтындар да баршылық. Ал, біз тілге тиек еткелі отырған «əлеуметтік саланың» пұшпағын илеп жүрген қызметкерлер болса, осындай жандармен бірге біте қайнасып өмір сүреді. Осындай көзге көріне бермес, қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген әлеуметтік сала қызметкерінің бірі - Таңсықбаева Дамира Базарбайқызы.

Дамира бұл салаға 2003 жылы Қазақстан-Ресей халықаралық университетінен экономист дипломын алып, жұмыс іздеп келіп, кездейсоқ орналасқан болатын. Жұмысын жақсы көріп кеткені сонша, қазір басқа саланы айтса, бармас та еді... Себебі мұнда ол мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемақылар төлеу бойынша жұмыспен айналысады...  «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ  Алматы қаласы филиалы Алмалы аудандық Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу бөлімінде қызмет ете отырып, көптеген тағдырлы жандарға қол ұшын береді. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, өміріне етене араласады, қайғысымен бөлісіп, оңалып кетуіне ықпал жасайды.

   «Мүмкіндігі шектеулі жандардың жыл сайынғы төлемдерін дер кезінде төленуіне ерекше мән беремін. Қандай да бір себеппен кешігіп қалуының алдын алып отырамын. Аудандағы 3587 қажеттілігі бар жандарға, 608 мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге және 1-топтағы туғаннан   мүгедектігі бар 141 адамның әлеуметтік төлемдерінің уақтылы төленуі менің жауапкершілігімде десем болады. Олардың әрбірінің өміріне осылай араласа отырып, ізгілікті іспен айналысып отырғанымды сезінемін. Сол жұмысымнан өзіме қуат аламын», - дейді тәжірибелі маман Дамира Базарбайқызы.

Ол Әлеуметтік саладағы қажырлы еңбегі үшін Денсаулық сақтау министрлігінің, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен, салалық министрліктердің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ұжымда қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы Жасұлан қорғаны, екі құлыншағы – Елнұры мен Дарыны қос қанаты. Бос уақытында кітап оқып, тігін тігіп, табиғатта серуендегенді жақсы көреді.

Мейірбан жандар мерекесі қарсаңында, осы саланың саңлақтарының бірі   Дамира Базарбайқызына еңбегінің жемісін, отбасының бақытын тілейміз!

 

Иә, ақыл-есін жоғалтып, құлдыққа салынғандарды еліне қайтаратын да, құжаттарын қайта жасататын да, халықтың әлсіз топтарына көмектесетін де, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын да – осы әлеуметтік жұмыс мамандары. Сондықтан, тек мереке қарсаңында ғана емес, еңбегін елеп, нардың жүгіндей ауыр міндетті арқалап жүрген қызметкерлер барлық кезде  құрметке лайықты дер едік.

"Еліміздегі миллиондаған адамдардың өмір сүру сапасы, олардың әлеуметтік көңіл-күйі, ертеңгі күнге деген сенімі әлеуметтік қызметкерлердің кәсібилігі мен біліктілігіне, жоғары жеке қасиеттеріне байланысты... Шынында да, әлеуметтік қорғау саласында кездейсоқ адамдар жоқ. Өйткені, бұл кез-келгеннің қолынан келе бермейтін үлкен психологиялық және эмоционалды қиын жұмыс. Әлеуметтік қызметкерлер - өте мейірімді және көмек көрсетуде жақсы ниеттерге ие, жауапкершілігі мол жандар. Мен өз ұжымымдағы осындай жандарға басымды иемін және олармен мақтанамын! Расында олар мақтануға тұрарлық жандар", - дейді филиал директоры Данияр Қырықбаев.

Біз де азаматтардың әл-ауқатына қатысты көрінбейтін майдан жауынгерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

Гүлвира Асқар

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер