Жылауықтар мекемесінің табысы 3 миллионнан астам екен

4907
Adyrna.kz Telegram

Адам бұл дүниеден о дүниеге көшкен соң да артында қалғандар үшін атқарылуы керек шаруалар аз емес. Басқа басқа иісі мұсылман үшін өлген адамның артында аңыраған адамының бар жоғы да маңызды саналатыны шындық. Содан болса керек, «өлгенде артынан жылағандар көп болды» дейтін тірінің сөзі салмақты саналады да. Міне, дәл осы проблеманы түркиялық «Жаназада жылау ұжымы» оңтайлы шешеді екен деп жазады «Адырна» ұлттық порталы түріктің dinibulten.com сайтына сілтеме жасап.

Адамы қайтыс болған отбасыға арнайы шақырылып, сағаттап жылайтын бұл ұжымды Офлу Әли атты азамат құрыпты. Аты айтып тұрғанындай, Офлудың адамдары жаназада жылап ақша табады. Бұл ұжымда өз жақынын жоғалтқандай жоқтау айтып, өксіп жылайтын 300 кісі жұмыс істейді.

Офлу Әли бұған дейін теледидарда «Reis'in Takası» атты бағдарламасымен жұртты қыран топан күлкіге қарық қылған жүргізушілік қызмет атқарған. Ал бұл күндері білдей бір мекеменің тізгінін ұстаған басшы. Мекемесі де анау-мынау емес, жылауық адамдардан құралған. Тілшілердің «жаназаға қатысып, жылап ақша табу» идеясы қайдан келді деген сұрағына Офлу былай дейді:

«1985 жылы Сүлейманияда өткен бір жаназаға қатыстым. Сол жерде жер бауырлап, аңырап, көз жасын тоқтата алмай қайғырған жігітті көріп: «Бауырым, қайғыңа ортақпын. Сабырлы бол» деп жұбата бастағам. Кенет, әлгінде ғана қайғыдан ах ұрып, аңырап жатқан жігіт маған бұрылып: «Аға, жұмысыма кедергі келтірме. Маған осы жылағаныма ақша төлейді» деді. Таңғалдым, әрине. Әйтсе де, осы сәт басыма керемет идея келді. Осындай жылауықтардан құралған мекеме ашамын деп шештім».

Офлудың ойына келген бұл идея оны адастырмаған сияқты. Бұл күнде миллиондап табыс табатын мекемесі қаралы үйдің ең бірінші сұраныстағы ұжымына айналған. «Мәселен, жақыныңыз қайтыс болды делік. Біздің жылауық 300 қызметкер айтылған уақытта жетіп барады. Елестете беріңіз. Үш жүз кісі үш жүз жерден еңірегенде, жағдай қалай болатынын. Барады да, сіз қалай қаласаңыз, солай жылап бастайды. Бірде бір келіншек хабарласып, күйеуінің жаназасына шақырды. Әлгі әйел: «Макияжым бұзылады. Сондықтан мен көп жылай алмаймын. Адамдарыңыз жылап берсін. Жылағанда да, оларды көрген жұрт менің күйеуімді ғажайып бір адам болған деп ойласын және тірі кезінде бағасын білмедік деп өкінетіндей болсын» деп тапсырма берді. Жылауық қызметкерлерім өз ісіне кіріскені сонша, бірі шатырда, енді бірі терезе түбінде, бірі қақпаның алдында, бірі қақпаның жанында...әлгілер күңіреніп жылағанда, көшеде кетіп бара жатқан жұрт көз жасын тоқтата алмады», дейді Офлу Әли.

Офлудың жылауықтарының ең ерекше сценарийі табытты құшақтап жылау болып табылады екен. Қайтыс болған адам жатқан табытқа етпеттей жатып алып, ышқына жылаған адамды көрген басқаларының қандай күйге түсетінін ойлай беріңіз. Жылауықтар отрядының басшысының сөзіне қарағанда, адамды тірі кезінде қол жеткізбей жылататын да ақша, адам өлген соң да аңыратып тұрып жылататын да тек ақша екен. Айтса, айтқандай. Адам баласы ақша үшін өмір сүріп, ақша табу үшін ғана жер планетасын мекендейтіні шындық қой. Түркиядағы жаназаға қатысушы жылауықтар Қазақстанға келсе, өздерінің «керемет сценарийлерінің» жолда қаларын білмесе керек. Өйткені біздің елде де жоқтауды өзінің туған әкесіне арнағандай айтып аңырайтын әртістер жетерлік.

Офлу Әли «ешкімді біздің ұжымға мұқтаж етпесін»  дейді. Иә, ешкімді Әлидің де, басқаның да жылауық қызметкеріне мұқтаж еткізе көрмесін. Ал ең бастысы, ақша үшін тірі адамды жылатпасын деп тілейік.

 

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер