Қазақ тілінің дамуына орыстілді қазақтар кедергі болып тұр!

3633
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан қазір моноұлтты мемлекет. Алайда бұл жердің автохтон этносы саналатын қазақтар параллель екі тілді әлемде өмір сүріп жатыр. Сондықтан біртұтас ұлт болып отыр деп айту қиындау.

Орысша сөйлеп, орысша ойлайтын қазақтар славян емес орыстілді ұлт іспетті. Басқа мемлекеттің тілінде сөйлеу – қауіпті құбылыс. Елімізде монотіл саясатын жүзеге асыру арқылы ғана сырттан ағылған экпансиядан сақтана алатынымыз анық. Қазақ ұлтын бір идея, бір тіл төңірегіне ұйыстыруға асығуымыз керек.

Орыс тілі мемлекеттің барлық саласында функционалдық тұрғыда үстемдіккке ие. Шешім шығарушы жоғары эшалон, саяси элита өкілдерінің көбі орыстілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс», – деген болатын. Бұл қазақ тіліне деген қажеттілікті жасау жолындағы дұрыс қадам.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Алдағы уақытта сарапшылардың пікірінше, халқымыздың саны 19 миллионға, ал мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың үлесі кемінде 78 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұйыртса, айналасы отыз жылдың ішінде қазақтардың ел халқындағы үлес салмағы 1991 жылғы 39 пайыздан екі есе артқалы отыр. Ендігі кезекте ұлтаралық келісімді сақтай отыра тіл және басқа да ұлттық мәселелерді қоғамда айқынырақ айтуға негіз бар деп есептейміз», – дейді. Қарап отырсақ, елімізде халықтың басым бөлігі, яғни 80 пайызға жуығы қазақтар. Барлық қазақ қазақша сөйлесе, тіл мәселесі күн тәртібінде болмайтын да еді ғой. Қазақ тілінің дамуына орыстілді қазақтар кедергі болып тұр деуге негіз бар.

Тіл жойылса, ұлт та жойылады. Тіліміздің көкжиегін кеңейту баршамыздың міндетіміз!

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

Пікірлер