Ерлан Төлеутай - "Баянауыл ауданының құрметті азаматы"

2673
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың төл өнері - дәстүрлі ән өнерімен көрерменнің жүрегінен жылы орын алған әнші, белгілі өнертанушы Ерлан ТӨЛЕУТАЙҒА "Баянауыл ауданының құрметті азаматы" атағы берілді.

Талай жылдар бойы қазақ өнеріне қызмет етіп келе жатқан майталман азаматқа Мемлекет тарапынан мұндай сыйлық тұңғыш рет беріліп отыр.

Әнші өзіне бұйырған алғашқы сыйлық өзге жерден емес, дәл ұлылар туған топырақ Баянауылдан берілгеніне бек қуанышты. Ол өзінің жүрек жарды жылы лебізін: "

Баянауыл елін Ұлылар мекені дедім, өйткені бұл қасиетті өлке – қазақ халқының елдік мұраты жолында "күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған" мемлекетшіл Ерлердің Отаны. Атап айтсақ, Қазақ Хандығының XVIII ғасырдағы бас идеологы, яғни Абылайхан заманының ең көрнекі тұлғасы, көмекей әулие атанған ұлы жырау Бұқар жыраудың, ұлы би Қаздауысты Қазыбек бидің, "Он сан Орта жүзге ұран болған" (Мәшһүр Жүсіп) Олжабай батырдың; XIX ғасырдың кемеңгерлері Шоң мен Торайғыр, Шорман билердің, Баянауыл перзенттеріне ғылым-білім жолын нұсқаған атақты Шорманның Мұсасының, қазақтың күллі тарихы мен дүниетанымын 20 том еңбегіне сиғызып жазып кеткен әулие Мәшһүр Жүсіптің; срл ғасырда туып, қазақтың классикалық музыкасының негізін салғандардың алып шоғыры: Жаяу Мұсаның, Жарылғапберді Жұмабайұлының, Мұстафа Бүркітбайұлының, Бәйтен салдың, кәсіби ән салудың, биік орындаушылық мектептің негізін қалаған саңлақ әншілердің үлкен бір тобы: ағайынды Сапарбек пен Балабек Ержановтардың, Қали Байжанов, Жабай Тоғандықов, Біссіміллә Балабеков, Жүніс Шәймерденовтің; қазақтың тұңғыш кемел прозашы Жүсіпбек Аймауытовтың, "Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып Күн болған" Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Алашорда қайраткерлері Қошке Кемеңгеров, Әбікей Сәтбаевтың; қазақтың Ғылым Академиясының негізін салушы әрі оның тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың, қазақтың тұңғыш археология ғылымының негізін салушы Әлкей Марғұланның, қазақтың тұңғыш театрын құраушы және оның алғашқы режиссері Жұмат Шаниннің, қазақтың киноөнерін алғаш ұйымдастырушы әрі ұлттық киномыздың тұңғыш кәсіби режиссері Шәкен Аймановтың, байтақ республикамыздың энергетикалық кешенінің жүйесін тұңғыш құрған академик Шапық Шөкиннің, алғашқы легтегі опера әншілері Кәукен Кенжетаев, Қуат, Суат Әбусейітовтердің қазақтың домбырасын жаңа заманға лайықтап тұңғыш жасаған атақты шебер Қамар Қасымовтың, ұлтымыздың басқа да осындай кілең тұңғыштарының Отаны.

Мінеки, ағайын, осындай кілең кемеңгерлер елі мен тұңғыштар Отаны – Баянауыл елінің құрметті азаматы атанған менің арманым жоқ, сірә. Сондықтан да болар, осынау қуанышты хабарды алғаш естігенде қысыла толқығаным рас. Өйткені сол сәт осынау заңғар тұлғалардың аяулы есімдері мен бейнелері санамда жарқ етіп, елес беріп өтті. Аттары аталған барлық ұлы аруақтар маған сынай қарап тұрғандай толғанысты күй кештім. Сол сәтте мен бұл марапаттың үлкен жауапкершілік екенін ұқтым, санаммен түйсіндім, апырау, бұл абыройлы жауапкершілікті көтеріп жүре аламын ба деген күмәнді ойлармен ыңғайсыз қысыла алабұртып, шыным сол – қызарып кеттім.

Айналайын, Баянауылым, өзіңмен екінші класта Сәбит Мұқановтың Бұқар жырау туралы еңбегін оқығанда алғаш таныс болып едім, Жаяу Мұса әндерін алғаш тыңдағанда ғашық болып едім, кейін арнайы сапарға шығып, алғаш сұлу табиғаттыңды, айнадай жарқыраған Жасыбайдың көз жасындай мөлдіреген күміс айдынын көргенде көзім тұнып кетіп еді. Алғаш университетке оқуға түскенде қара танытып, ғылым жолына бағыттаған көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, аяулы ұстазым Жамбыл Артықбаев ағам да сенің сүйікті ұлың ғой, Баянауыл! Қайсыбірін айта бергендеймін, тіпті алты алаштан іздеген сүйген жарымды да сенен таптым емес пе...

Енді міне, құрметті перзентің атандым. Қарапайым өнерпазға бұдан артық бақ пен құрмет бола ма!"- деп білдіре келіп, алдағы ғұмырын да Алаш жұртына қызмет етуді жалғастыратынын жеткізді:

"...Әрине, алдағы ғұмырымда да тұтас қазаққа, жалпы Алаш мұраттарына адал қызметімді толассыз арнай беремін. Елге қызмет – қастерлі міндет өйткені! Әйтсе де мен сияқты қарапайым өнер адамына тұңғыш рет "Балам!" деген осынау қасиетті елге, киелі мекенге басым жерге жеткенше иіліп, көзім жұмылғанша қызмет етемін. Өйткені мен сенің құрмет тұтқан перзентіңмін – Баянауыл!"

Қазақтың ән өнеріне өлшеусіз қызмет еткен азаматтың марапатымен құттықтаймыз! Қазақтың дәстүрлі ән өнері өлмесін!

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер