Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген, есімі дүниежүзі мәдениеті мен ғылымының тарихынан ойып орын алған ғұлама ғалым, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиді біз адамзат білімінің сан саласында қалдырған қолтаңбасымен қатар, музыка өнерін зерттеуші ретінде де білеміз. «Шығыстың Аристотелі» атанған әл-Фараби ортағасырдағы адам мен қоғамның құндылықтарын зерттеген, білім мен өркениеттің дамуына өзіндік үлесін қосқан Ұстаз ретінде де белгілі. Әлемді эстетикалық тұрғыдан түсіну, оны игеру, әдебиеттегі, поэзиядағы, музыкадағы әсемдікті, эстетикалық және рухани мәдениеттің қажеттілігін түйсіну оның шығармашылығынан әрдайым табылып отырған.
Әл-Фараби еңбектері ішінен музыка саласының алатын орны ерекше. Фарабидің пікірінше, музыка физика-математика ғылымдарының бір тармағы деп есептелген. Сондай-ақ, дыбыстың физикалық қасиеттеріне, әсіресе, дыбыстың шарықтау шегіне жету үшін оған биіктік және ұзақтық және тембр қажет екеніне аса мән берген. Ғалым музыканың поэзиямен байланысатынын ұғынған, өйткені поэтикалық тіл мен музыка тілі ұштасқан кезде музыканың әсерлілігі күшейе түседі. Дәлірек айтсақ, музыка ғылыми тұрғыда физика-математикаға жақын болса, өнер ретінде поэзиямен туыстас келеді.
Әл-Фараби музыка ғылымының шығуын материалистік тұрғыдан түсіндіру ілімін грек оқымыстылары Пифагор, Аристотель, Евклид, Птоломей еңбектеріне сүйеніп жасады. Сөйте тұра, бұл ойшылдардың идеяларына сынай қарайды да, ғылымның жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қайта талдап шығады, олардың дұрыс-бұрыс жерлерін айтады. Фараби физика мен математиканы жетік меңгергіндіктен, музыкалық аспаптарды зерттеуде олардан кеткен қателіктерді дәл тауып отыра дамытады. «Табиғаттағы ең тамаша үнді шығаратын, кемеліне жеткен ең тамаша аспап – адам және адамның дауысы», - деп жазады Фараби.
Данат Жанатаев,
Ф.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
Жұбатқан Фариза,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Физика-техникалық факультетінің магистранты
«Адырна» ұлттық порталы