Ермек ТҰРСЫНОВ: Жүйе ең айлакер арамзаларға жағдай жасады

5920
Adyrna.kz Telegram

Көпшілік «еңсесі езілген адамға»  «Қалыңыз қалай?»  деген сұраққа отыра қалып, «бар мәселесін айта кететін адам» деп анықтама беріп жатады. Менің ақпараттық қоқыспен ластау ниетім жоқ, бірақ біздің жағдайымыз қалай екенін түсінгім келеді. Расында, біздің жағдайымыз қалай, не боп жатыр? Мені осы нәрсе қатты қызықтырады. Тағы да бір өте маңызды фактор бар. Ол – көңіл-күй факторы. Өйткені жағдайдың қалай болары көңіл-күйге тікелей байланысты.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз қайта дүниеге келгендей болды.

Адамдар мәдениеттен алшақтап, әйтеуір жан бағу үшін жаңа қарым-қатынас түрін жасап алды. Ал пара дәл осы тіршіліктің басты шарты болды. Оның үстіне, оның жан-жақты басып кеткені соншалық, біз оны қалай істеуге болатынын жетік біліп алдық. Кез келген жерде. Параны тек ақша деп ойлау –  ақымақтық. Егер сіз тек ақша деп ойласаңыз, қатты қателесесіз.

Біздің күнделікті тіршілігімізде «іс тындыру» етістігі бұрыннан бар. Ол өзінің бастапқы мағынасынан айрылып, енді мүлдем басқаша мәнге ие болды. Бірінші – бұл жай ғана алдау, тағы да алдау боп қалды. Екіншісі ­–  мәселе шешу. Сонымен, біздің еліміз ұзақ уақыттан бері «ұрылар әлемінің қағидаларымен» өмір сүріп келеді. Барлық жерде. Балабақшадан орын алудан бастап, зираттан орын таңдауға дейін. Бізге осындай нұсқауларды жүктеді, ал біз оларды қабылдап алдық. Мұнсыз ештеңе істей алмайсыз? Қолыңыздан түк те келмейді. Онсыз балаңызды мектепке де бере алмайсыз. Біз тіпті «беру» туралы емес, бірінші «реттеу» туралы айтамыз.

Нәтижесінде, жүйе өз елін қолдайтын мәдениетті, ақылды, білімді адамдарға емес, бір ғана ­ «бөлшектеу» өнерін жетік, шебер меңгерген ең айлакер, қу, қағидасыз арамзаларға жағдай жасады. Қазіргі кезде кез келген мәселе «оның құнына» («ақшамен шешілуге» - ред.) келіп тірелетін болды. Сондықтан біздің  саяси да, интеллектуалды да, шығармашылық та, ғылыми да ... элитамыз көбіне көздері жылтыңдап тұратын қан-сөлсіз келбетке ие боп қалды. Шынайылары аз. Өте аз. Себебі күмәнді ережелермен өмір сүретін елге шындықтың еш қажеті жоқ. Ол өтірікпен өмір сүруге әбден дағдыланып алған, оның өтірікке әбден еті үйренген.

Қазір құр даурықпа мәдениет, құр даурықпа білім, құр даурықпа газет-журналдар, құр даурықпа телеарналар, құр даурықпа радио бар, кино өнерінде де қазір тек попсаны жасап жүр... Мәселенің бәрі ­–  біздің алдануға әбден үйреніп қалғандығымызда. Өмірдің осы сипатын біз шындық деп  қабылдап алдық. Енді біз осы шындықтың арқасында ненің өтірік, ненің шын екенін байқамай да қалатын болдық. Мұның бәрі біздің шынайы тарихымыз. Біз осыны қолдан жасап, қазірде сонда өмір сүріп жатырмыз. Оның барлық іріп-шіріген негізін біз одан әрі сүйрелей береміз. Елдің жартысын төбедегі “бөлшектегіштер” талан-таражға салып, оффшорларға жасырды. Экономист Қанат Берентаевтың айтуынша: «Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстаннан заңсыз әкетілген капитал шамамен 300 миллиард долларды құрады». Бұл бәрі емес болуы да мүмкін. Бір анығы – иелік шекарасы барлық жерде белгіленіп, бөгеттер қойылып, олардың жанында қарулы күзетшілер тұр. Тек қана қорықтар мен ормандар ғана емес, тіпті таулар да бөлшектеніп кеткен.

Мұндай жағдайда бізді не біріктіре алады? Мүмкін, үмітсіздік пен мәдени негіздерге оралу болар? Бірақ мұны шешу енді мүмкін емес. Мәселенің ауырлап кеткені сондай, оны шешу мүмкін еместей көрінеді. Айтпақшы, мен заттарды өз аттарымен атаудан да жалықтым, өйткені бұл заттарда сондай өрескел атаулар бар! Әрине,  бақшаға барып, гүлдерді жайбарақат суаруға болар еді, бірақ сіз оларды мәңгі суара алмайсыз.

Мен мұның барлығына ұтымды түсіндірме іздеп жатырмын. Жағдай тым ушығып кеткен, бұл кезде төменгі топтар ештеңе істей алмаса, ал жоғарғы топтағылар ешнәрсе істегісі де келмейді. Төменгі топтар шынымен ешнәрсені түсінбеуі мүмкін, ал жоғарғы топтағылар не қалайтынын олар өздері де түсіне алмайтындай. Сондықтан темпераментпен пікір таластырудың қажеті жоқ. Салқын ақыл ­–  мимен ойлау керек. Қазір болып жатқан нәрсе пікір таласу емес. Біз тек шуылдап жүрміз. Шу байланыстың түріне айналды. Ақылды адамдар шулай алмайды. Сондықтан олар төбе көрсетпейді. Біздің ұша алмайтынымыз анық, өйткені біз жорғалап үйренгенбіз. Кейде өте тез. Біз жаңа шындық тауып алдық: әлемдегі бірде-бір бүркіт ит тіршілік ететін жерде жорғалай алмайды. Осының бәрінен ыңғайлы екенін түсініп, осыған біз өз өзімізді көндірдік. Нәтижесінде біз сұп-сұр әлемге тап болдық. Ал бүркіттер... Бүркіттер самғай берсін. Біз оларға қарамаймыз. Ал, олар да тиісінше бізді ойлап бас қатырмайды.

Бірақ байыптап қарасақ: біз әдемі өмір сүруге мүмкіндік алған едік. Бірақ біз оны ұйқымен өткіздік. Біз ешқандай жетістікке жете алмадық. Егер осы отыз жылға жуық уақытты алғашқы мүмкіндік деп санасақ, онда біздің әрекетіміздің сәтсіз болғанын мойындауымыз керек. Сорақысы – оның күлі көкке ұшті. Бәрі түгел жойылған жоқ деген бір үміт әлі де бар, сондықтан мен күн сайын таныс жүздерге қарап отырып, мен сол баяғы риторикалық сұрақты қоямын: “Қалыңыз қалай?” Бірақ мені әлі де көбірек қызықтыратыны: «Көңіл-күйіңіз қалай?»

 

Кинорежиссер, жазушы Ермек Тұрсыновтың Instagram парақшасындағы «Из цикла «Размышлизмы» («Ой қозғау» топтамасынан – ред.) атты жазбасынан. 

Фото ашық дереккөзден алынды

Орыс тілінен аударып, дайындаған Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер