ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ: Әйелге хиджаб кигізіп,еркектен оқшаулау әрекеті қашан басталған?

3765
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі күні қоғамның «бас ауруларының» біріне айналған қыз балалар мен әйелдердің бетін бүркеп, ерлерден оқшаулау сияқты араб дәстүрін тарату әрекеттері XIX-ғ. соңында-ақ басталған.

Н.И.Гродеков «Ташкент маңындағы Жаңабазарда бұрынғы болыс, молда Мұса мен қырғыз Жұматай өз үйлерінде «әйелдерді оқшаулау» (затворничество женщин) ғұрпын енгізуге тырысты. Бірақ, «әйелдерді бүркеу ата-бабамыздың салтында жоқ» деп қырғыздар олардың үстіне басып кіре берді.

Молда Мұса қызының ұзату тойында да «Сарттар өлең айтпайды» деп ән салуға кедергі жасауға әрекет жасады, бірақ қырғыздар оған көнбеді» деп жазады (Н.И.Гродеков «Киргизы и каракиргизы Сыр – Дарьинской области. Том первый. Юридический быть, Ташкент Типо-литография С.И.Лехтина -1889.).

Қазақ дәстүрінде тұрмысқа шықпаған қыз балаға ақ орамал тартуға қатаң тыйым салынған. Қыз бала тек түсті немесе гүлді орамал тартатын. Қазақ әйелдерінің киіну дәстүрі туралы этнографтар С.Кенжеахметов, Жағда Бабалықұлы және т.б. зерттеушілердің еңбектерінен білуге болады.

Ал қара орамалды тіпті қара жамылған әйелдер тартқанын да көрген емеспіз.

Жеті атаға дейін қыз алысуға қатаң тыйым салынған көшпелі қазақ қоғамында қазақ ауылы тек жақын туыстардан тұратынын ескерсек, ол ауылдағы әрбір қыз бала сол ауылдағы еркектердің біріне немере, біріне қыз, біріне қарындас болып шығады.

Яғни, "хиджабқа" орап, қымтап қоюға еш қажеттілік жоқ..

Ол дегеніміз, қыздар ашық-шашық жүре берді деген сөз емес. Өзіміздің ауылда әпке-қарындастарымызға қай жерде жүріп-тұрса да, тізесін қымтап, отыруын қатты қадағалайтын.

Ал, біздің жеріміздегі қалаларда тұрған сарт халқындағы жағдай басқашалау...

Сарт дәстүрінде бірге туған ағайынды екі жігіттің бірімен бірі құда болуға құқы бар екенін ескерсек, олар амал жоқ, өздерінің әр жынысты балаларын бөгде адам түгілі, бірімен бірі тым жақындасып кетуінен сақтандыруға мәжбүр болады.

Мынау фото 19-ғ. соңында Сыр өңірінде түсірілген екен.

Қазір Қызылорда музейінде тұр деседі.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер