Балаларға базарлық: Көлсай

4937
Adyrna.kz Telegram

4 жасқа дейінгі балаларға арналған

– Көлсай деген осы жер ме, ата?

– Иә!

– Суреттегіден де күшті екен ғой, – деді сегіздегі Дариға жан-жағына қарап. Оның үйінде осы көлдердің сүгіреті ілулі тұр. Ара-тұра көз тастап, арманға беріледі. Қыз жазғы демалысты асыға күтті. Өйткені, атасының «Көлсайды көрсетемін» деген уәдесі бар-тұғын. Енді міне, ол тау басында төңіректі барлап тұр. Жол бойы осы өңірді зерттеумен болды. Тамаша өлкеге табаны тигенде таңданысын жасыра алмады. Көңілді жүрді. Атасы гид жалдады. Ол екеуін көлікпен арлы-берлі аралатты. Өңірмен таныстырды. Атасы мен Дариға қайыққа отырды. Қымыз ішті. Таза ауада тамақ жеді. Киіз үйде қонды. Суретке түсті. Жақсы демалды.

– Көлсай туралы айтып беріңізші, – деді қыз.

– Бұ жерді бір көрген адам тағы да келгісі кеп тұрады. Сұлулық тұнған табиғат сыйына тамсанумен боласың. Көздің жауын алған Көлсай көлдері – Күнгей Алатауының Күрметі мен Саты асуларынан бастау алатын кішігірім өзендер суынан пайда болған 3 көл. Бұлар Жоғарғы Көлсай, Орта Көлсай және Төменгі Көлсай боп бөлінеді. Көлсай көлдерінің табиғаты тамаша. Әсем. Асқақ таудың ортасында орналасқан. Оның төңірегін шырайлы шырша, қалың қарағай, қасқайған қайың көмкерген. Мұнда шетен, таңқурай, барбарис, қой қарақат, бөріқарақат, итмұрын, шырғанақ, қой бүлдірген, рауғаш, жабайы пияз, сарымсақ, жұпаргүл, уқорғасын, томар дәрі, қалақай, мыңтамыр, жалбыз, өгейшөп, қылқан жапырақ секілді түрлі жеміс-жидек, өсімдіктер өседі. Жан-жануардың 200-ден аса түрі бар, – деді гид білгенімен бөлісіп. Дариға көрген-түйгенін қойын дәптеріне түртіп жүрді.

– Ех-х-х-х! Талай тарихты қойнауына бүккен Көлсай ғой, бұл, – деді атасы күрсініп. Екеуі аман-есен үйге оралды. Жаңа оқу жылы басталғанда Дариға «Жазғы демалысты қалай өткіздің?» тақырыбында «Көлсайдағы көңілді кештер» атты әсерлі шығарма жазды. Мұғалімі риза болды. Ендігіде, достарын да алып баратын боп шешті.

    

Фото ашық дереккөзден алынды        

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, жазушы-драматург,

әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ.

 

Әңгіме аудармашының рұқсатымен жарияланды.

Авторлық құқық сақталғандықтан көшіріп басуға болмайды!

 

 

Пікірлер