Ашаршылық – халықаралық деңгейде «геноцид» деп танылсын

3940

«Ақ жол» демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында арнайы баяндама жасаған партияның төрағасы Азат Перуашев «Ашаршылықты халықаралық деңгейде зұлмат деп тануға» шақырды деп хабарлайды, «Адырна» ұлттық порталы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл мамыр айында «Ақ жол» демократиялық партиясы Президент Қ.Тоқаевтың сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау шараларын жалғастыру туралы тапсырмасына қолдау білдірді. Біз кеңестік тоталитарлық биліктің қазақ халқына әдейі жасалған ашаршылықты халықаралық деңгейде зұлмат деп тануға шақырдық. Большевиктер әскерлерінің коллективизация кезіндегі жүздеген қазақ көтерілістерін жаншып басуын, өз ауылдарын құтқарамын деп, басын өлімге тіккен батырлардың ерлік істерін  қайта қарау керек деп санаймыз», -деді партия жетекшісі Перуашев өз баяндамасында.

Қазақтың өткен тарихында саяси бағасы әлі күнге дейін берілмей келе жатқан оқиғалар аз емес. Солардың бірі «Ақ жол» партиясы сөз етіп отырған ашаршылық оқиғасы. Өз тарихындағы қара таңбалы оқиғаларына көп ел саяси бағасын әлдеқашан беріп қойған. Өкінішке қарай, біздегі сонау бір зұлмат жылдар бүгінге дейін тарихи, саяси атауын ала алмай келеді. Сонымен қатар жыл сайын 31 мамырда «Саяси құрбандарды еске алу» күнінде  қазақ қоғамы ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен ғана шектелетіні жанға батады.

Ашаршылық қазақ даласында қолмен жасалған геноцид екеніне мұрағаттағы құжаттар дәлел екеніне қарамастан, күні бүгінге дейін миллиондаған қазақты аштан қырған сол зұлматтың саяси бағасы берілмеуі қазіргі ұрпаққа сын емес пе? Сіз не дейсіз?

«Ең әуелі ашаршылық тақырыбы біздегі беті тұтас ашылмаған тақырыптың бір деп санаймын. Ашаршылыққа қатысты қаншама шығарма дүниеге келгенімен, теңізге тамған тамшыдай ғана болуда. Неге? Өйткені деректі құжаттардың көп бөлігі ресейлік мұрағаттарда. Бізде осы ашаршылық туралы құнды шығарма деп тек Валерий Михайловтың «Хроника великого джута» шығармасын айтуға болады. Дәл осындай салмақты дүниелер көптеп жарыққа шықса, халық арасында кеңінен танылса, міне, сол кезде ғана жұрт «бұл қалай?» деп сұрау салар еді. Ал қазір екінің бірі қазақ даласында аштық жайлағанын біледі, бірақ оның қалай пайда болғанын, қалай жүргенін жете біле бермейді. Соның салдарынан да ұрпағымыз бұл зұлмат жылдардың тарихтағы таңбасына аса мән бере бермейді. «Геноцид» деп бағасын беруді сұрайтын ұрпақ керек бізге»,- дейді жас тарихшы, зерттеуші Мейіржан Смағұл.

Қалай десек те, өткен аға буын ұрпақтың азапты жылдары ашаршылық Қазақ тарихында өзінің саяси бағасын алатын және соны талап ететін сәт туғаны анық. Бұл ретте «Ақ Жол» партиясының мынадай бастамасын тек қана қолдау керек сияқты, сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар