Нұр-Сұлтанда Құрастыру-сынау кешені бар екенін білесіз бе?

1785
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда «Ғарыш саласы» біздің еліміз үшін стратегиялық жағынан маңызды болып отыр. Осы саладағы отандастарымыздың жеткен жетістіктері туралы сирек естиміз деуге де болады. Қазақстанның ғарыш саласының азды көпті жаңалықтары туралы ақпаратты  оқырмандарға  ұсынуды жөн санадық.

Біздің еліміздің ғарыш саласы бірнеше кешендерден тұрады. Біріншісі барлығымыз білетін, еліміздің мақтанышына айналған "Байқоңыр" ғарыш айлағы. Байқоңыр ғарыш айлағында    кейінгі жылдары құрылған жерүсті инфрақұрылымы, бірқатар ғылыми-зерттеу институттары, екі спутниктік топтамасы бар. Келесісі екі жұмыс істейтін спутниктен тұратын "KazSat" байланыс жүйесі. Соңғысында жерді қашықтықтан зондтау жүйесі жұмыс істейді, қазіргі уақытта онда үш спутник бар.

Ғарыш саласындағы  тағы бір басты оқиға, ол 2019 жылдың соңында
Нұр – Сұлтан қаласының  маңындағы ғарыш аппараттарын құрастыру - сынау кешенін іске қосу болды. Құрастыру - сынау кешені - бұл дайындық жұмыстары, сынақтар жүргізілетін кәсіпорын болып табылад Ол жерде ғарыш техникасының бірқатар компоненттері жасалып, құрастырылады.

Бұл негізінен адамды өзіне тартып, қызықтыратын жоба. Бұл жобаның маңыздылығы  кейде өз деңгейінде бағаланбай жатады. Аталған кешен  арқылы Қазақстанның ғарыш техникасын жасау жөніндегі жетекші әлемдік компаниялардың өндірістік тізбегіне қосылу мүмкіндігі бар.

Құрастыру - сынау кешенінде  компоненттер мен ғарыш аппараттарының өздері сыналатын ерекше стендтерді, камераларды, стапельдерді көруге болады. Айта кетерлік жайт, аталған кешен әйгілі еуропалық Airbus компаниясымен ынтымақтаса отырып құрылған және оның жүктемесі  де Airbus компаниясының тапсырыстарымен байланысты болады.

Ғарыштық техниканың ерекшелігі – оның  көлемі аз болғанмен оны сынақтан өткізіп, жұмыс істейтін жағдайға жеткізу үшін қыруар жұмыс пен мол уақыт жұмсалады.  Сондықтан да  кез келген елдің ғарыш саласының негізі, өзінің ұлттық сынақ және стендтік базасының болуында.

 

Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер