Абай және XXI ғасырдағы ұлттық тәрбие

2551
Adyrna.kz Telegram

Жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі  талап қоя білуге тәрбиелеу –адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Адамгершілік қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру қажет. Өскелең ұрпаққа рухани –адамгершілік тәрбие беру –қазіргі заманның ең маңызды міндеттерінің бірі.

«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» -деп хакім Абай айтқандай, ақыл-ой тәрбиесінде пікірлесу, пікірталас арқылы ой дамыту, тұлғасының өзіндік ерекшелігіне сәйкес оның дарынын дамытуға, интеллектісін арттыруға ат салысатын адамның өзі осыған сай болғаны дұрыс. Білімнен бұрын тәрбие берілуі керек десе, ал тәрбие жан арқылы берілетін социогенетикалық код деп тұжырымдасақ, әрбір жасөспірім үшін білім мен күнделікті тәрбие мазмұнына ендірілген оның өз ата-бабасынан асыл мұра, алтын қазына болып берілетін ұлттық тілі, ділі, табиғи болмысы, тәрбиелік қағидалары, салт-дәстүрлері, мәдени құндылықтары оның Кемел адам болып қалыптасуының ең басты шарты екендігі дәлелденді.

Абайдың «Қара сөздері» терең философиялық идеяларымен, адамгершілік тағылымымен, гуманистік ұстанымдарымен, адамды рухани-ізгілік кемелдендіру бағдарламасымен, адамның танымдық қасиеттері мен діл ерекшеліктерін саралауымен бағалы. Оларда қазақтың ойшыл ақыны замандар тоғысында күн кешкен өз халқының рухани-адамгершілік келбеті мен өмір қалпын зерделейді. Сондықтан да бұл еңбекті дәуірдің «сындарлы ары» деп атауғы толық негіз бар.

«Қара сөздер» автордың қоршаған әлем болмысын танумен қоса адамның ішкі дүниесін зерделеуге бағытталған өзіндік қайталанбас әрі бірегей әлемін бейнелейді. Ол Абайдың өз-өзімен және бізбен - оқырмандарымен сұхбаты іспетті. Мұнда философиялық ой-толғамдар мен діни тәжірибе, көркем сөз мен адамгершілік өнеге, терең білім мен сарқылмас сезім, ойшылға тән даналық пен пайғамбарға хас көріпкелдік бір-бірімен үйлесім тауып, астасқан.

Абайдың отыз сегізінші сөзінде суфизм эссенциясы жатыр: «Бұл сөздердің мәніне зейін қойып оқыңдар, сонда сіздің жүрегіңізге махаббат толады. Адам махаббаты оның санасынан, адамгершілігінен білімінен ажырағысыз». Ақиқатқа жетудегі, Алланы танудағы маңызды қадам Махаббат болып табылады. «Тек ол махаббатпен жаратып өздері де сүю және күю қабілетіне ие болған тіршілік иелерінің алғыс сезімінен, шексіз сенімнен, таза түсініктен туған махаббатты ғана жаратқанға деген махаббат деп атауға болады», - дейді Абай. Құдайға деген махаббат - бұл оқумен, біліммен қол жеткен Ақиқатқа деген махаббат. «Сенде ғылымға деген махаббат туды, ол да кез келген махаббат секілді тойымсыз. Бұл махаббат басқаша айтсақ, танымды аңсау - сонау көрген мен естігенді еске сақтауға көмектеседі, ғылымды өз анаңша сүй. Сонда ғана ғылым саған дәл солай жауап беріп, қол жетерлік болады», - деп атап көрсетеді Абай.

«Жат, теріс мақсатқа жету үшін айналысып, ғылым көкжиегіне жете алмайсың». Сыйлау мен даңқ, байлық адамды өздері іздеп табуы керек, - дейді ойшыл, сонда ғана ол лайықты сәнге айналады. Абай адамдардың моральдық кемшіліктерін, олардың күнәлары туралы қинала айта келіп жалқаулықты, зұлымдықты, анайылықты бөліп ерекше көрсетеді. «Бүкіл адам баласын қорлайтын, олардан қашық болу қажет болатын үш нәрсе бар: Олар: анайылық, жалқаулық, зұлымдық. Анайылық - білімнің бол- мауы, білімсіз ештеңеге қол жетпейді білімсіздік адамды малмен теңестіреді. Жалқаулық - өнердің хас жауы талантсыздық, еріксіздік, кедейлік-жалқаулықтан туады. Зұлымдық - адамзаттың дұшпаны; өзгеге зұлымдық жасай отырып адам жабайы жануар сияқты өзге адамдардан бөлінеді». Бұл күнәлардың себебін ой- шыл жанды зұлымдық билеген «нафс-аммарамен» байланыстырады. «Біз өмірге байланғанбыз, бірақ сен қысқа өмірде тек жолдың мәңгіліктігін ұғынуың керек, бұл өмірде қасірет пен зұлымдық керек болса, жүрегіңнің түбіне терең бойла». Абайды қазақ халқының болашағы да толғандарып, ол оны жастар тағдырымен байланыстырды.

Ақылдың көрінісіне Абай қабылдауды, елестетуді, түйсінуді, есті, ойлауды, сананы жатқызады. Мұндай Ақылды түсіндіру кезінде оның философиясының евразиялық сипаты көрінеді, бұл негізінен ақылды абстрактылы ойлау түрінде ұғынатын европалық рационализм емес. Мұнда Ақылға салқынқандылық, ашықтық және ұшқырлық енеді. Сезімдерге ол жылылықты, қуанышты, ашуды, махаббатты, құштарлықты және т.б. жатқызады. Адамның мінез-құлқы ерікпен, өзін-өзі басқара білуімен, өзінің құштарлығымен бірге қарастырылады. Барлық қасиеттер бірлікте, біртұтастықта болады. Бірақ олардың арасында келіспеушілік басталса, адам жүрегін, сезімдеріне құлақ салуы керек. Сезімдер санасы дұрыс жолмен жүргізіп ерік күшін дұрыс пайдалану керек. «Даналық сөздерінде» Абайдың ақылды, сезімді және ерікті ұғынуы ғана емес бұл қасиеттерді актуальды талдауда берілген. Бұл оның дүниенің түсінуінің практикалық бағыттылығын, оның өз замандастарының жүрегіне жетуді қалауын көрсетеді. Адамның универсумды бес сезім мүшесі, бейнелелік пен әсерлілік арқылы тану мүмкіндігін талдай отырып, Абай біздің бастапқы түйсінуден қалыптасқан, қатып қалған образдарымыздың жүйесімен емес, дүниені танудың үздіксіз өзгеретін формасымен істес болатындығын айтады. Адам рухы осы бейімделулермен, қуаныштармен және күйзелістермен нығая түседі. «Рух күші бастапқыда әлсіз, ол бұл кезеңде танымның көлеміне және мөлшеріне тәуелді болады», - деп жазады Абай. Қажеттіні қажетсізден айыра білетін, талдай алатын сыни ақылға ие болған адамның мықты рухы болады. Ал естігені мен көргені туралы ойламайтын адам жаңа танымға ие болмақ түгілі бұрынғысын да жоғалтады. «Оның рухы әлсірейді, оны түсінген жанды ақылды адам деуге болады».

Адам ақылы мен рухының өмірін Абай дамуда қарастырып, оларды қалай сақтап, нығайту керектігі туралы жазады: «Адам өмірінің бастапқы кезеңінде оның рухының күші шамалы, және өзінің танымға ұмтылуын дамытпаса, сол аз нәрсенің өзін жоғалтуы мүмкін. Адамның шеберлігі, оның өнері үздіксіз жаттығулар арқылы шыңдалады. Әрекетсіздік шеберліктің қырларын жоюға, біртіндеп сол шеберліктің өзін де жоғалтуға әкеледі. Адам өзінің өзге адам болғанын байқамай да қалады. Себебі шеберлік өзінің кетіп бара жатқандығы туралы ескертпейді. Адамға тек оның қалай өсіп, дүниені танығандығын үнемі ұмытпау керек». Осы- дан келіп адамның қабілеттері мен қылықтарын бағалаудағы тәрбиелік сипат туа- ды. Сөз адам жадын дамыту, жақсы сезімдерді тәрбиелеу, пайғамбарды құрметтеу, ойлау мен елестетуді дамыту, үнемі танымға ұмтылу туралы болмақ.

Сезім-мейірім, махаббат, қарапайымдылық, әділдік, қайырымдылық, ізгілік, альтруизм және т.б. тән жүректің қасиеті. Абай сезімдерді адамның ішкі және сыртқы дүниесімен, субъективті көңіл-күймен байланыстырады. XIX ғ. қазақ ойшылдарының арасында Абай алғашқы болып жекеленген сезімдерге - қуанышқа, қайғыға, арға, ұятқа, ашуға ерекше көңіл бөліп оларды байланыста, қарама- қайшылықта қарастырады. Басты қайырымды сезімдер деп ол достық пен махаббатты есептейді, себебі олар жай ғана өмір мазмұны болып қоймай, адамды жер болмысымен және тұтас ғаламмен байланыстырады. Абай ерекше көңілді онтологиялық феномен мәртебесін алып бүкіл дүние мен адам болмысын көктей өтіп оның өмірінде маңызды рөл атқаратын ерік-жігерге бөледі. Жалпы осы әрі ақын, әрі ойшылдың шығармашылығы, әрі сезімдік, әрі рационалды, әрі иррационалды, әрі мистикалық, әрі тым магиялық творчество. Осы өзара махаббатпен сүйіспеншілік магиясы жалқы (адам) мен жалпыны (табиғат, Ғарыш, Құдай) біріктіреді, себебі таза магия өз ішінен барлығына тән.

Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ф.ғ.к., доценті

Ерболова Бақтыгүл, Физика-техника факультетінің магистранты

Пікірлер