Театрдың 91-маусымы ашылды

2845
Adyrna.kz Telegram

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 91-ші маусымын ашты. Кезекті демалысынан кейін қалың көрермендерімен қауышуға асыққан театр ұжымының  жаңалықтары жетерлік.

Театр басшылығы жыл сайынғы дәстүрге сай өткен маусымын қортындылап, алдағы жоспарларымен бөлісу үшін БАҚ өкілдерімен жүздесті. Баспасөз мәслихатына театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, директордың кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова қатысты.

aydar

«Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын М.Әуезов театрының 90 жылдығы қатар келіп, бір уақытта тойланып жатыр. Театр өзінің 90 жылдық мәртебесін атақ-дәрежесіне сай кең ауқымда атап өтті. Бүгін 91-маусымның шымылдығын театрымыздың  дәстүріне сай М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашпақпыз», – деді театр директоры Ерлан Біләл.

Баспасөз мәслихатынан кейін актерлер шеруіне ұласқан іс-шарада театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов: «Біздің барлық өнеріміз – халық үшін. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен театрдың 90 жылдық мерейтойы аясында театрда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі еліміздің облыс орталықтарына гастрольдік сапармен барып, 90 жылда жеткен жетістіктерімізді саралап, халыққа есеп беру болды. Аға, орта, жас буын өкілдерінен тұратын театрдың шығармашылық құрамы күн өткен сайын талантты жастармен толығуда. Бүгінде театрымыз академиялық театр болғанымен, «ұлттық театр» деген атқа қызмет етудеміз», – деді.

aygerim

Ал театр директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев өз кезегінде: «М.Әуезов театры – қазақ драматургиясын, қазақтың актерлік мектебін әлемге танытқан, береке-бірлігі жарасқан, әр істі жауапкершілікпен, абыроймен атқаратын қазақ өнерінің қарашаңырағы, ата театры. Театр әркез халқының мұңымен, қуанышымен бірге жүреді. Театр халық үшін жұмыс істейді. Бұл театр – заманауи театр. Қазірде киелі сахнада ойнайтын актерлер негізінен жастар, соған сай көрермендердің дені жас буын өкілдері. Біздің міндетіміз – ізімізден ерген осы жастарға жол көрсету, тілекші болу. Сіздердің де бүгінгі тілеулеріңіз қабыл болсын! Маусым шымылдығын ашайық, біз ойламаған, біз айтпаған ойды Ұлы Абайдан естіңіздер!», – деді.

b-t-ryis

Шымылдық ашылды. Сахнада – «Абай». Бас кейіпкер рөлінде – театр директоры Ерлан Біләл. Әбдірахман рөлін театрдың актерлік құрамына жуырда қосылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев ойнаса, Айдар рөлі жас актер Аян Өтепбергенге сеніп тапсырылған екен. Театрға жаңадан қабылданған жас актер, көрермен көңілінен шыға білді.


Жасұлан Наурызәлі,

«АДЫРНА».

Пікірлер