Қаратөбеде Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі бой көтерді

6400
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың 28 желтоқсан күні Қаратөбеде көптен күткен жаңа ғимараттың ашылуы болды. Алаштың сиезі өткен киелі жерде, Алаш арыстарына және Қазақстанның батыс өңіріне кеңінен танымал журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасановтың құрметіне Қаратөбеде Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі салтанатты түрде ашылды. Бұл ғимарат көп нысанның бірі емес, бірегейі боларына сенімдіміз. Музей боп бой көтерген бұл нысан күні кеше халық игілігіне жол артты.

Қайыржан Хасанов Батыс Қазақстан облысына белгілі Қазақстанның құрметті журналисі, Қаратөбе тарихын зерттеп, қағаз бетіне түсіріп кеткен  өлкетанушы. Ұлдары да елге сыйлы азаматтар. Қайыржан Хасановтың Ержан мен Нұржан атты ұлдары әкесінің бағыт-бағдарымен, көрсеткен сара жолымен өнегелі де халық игілігі үшін көп жылдан бері түрлі меценаттық жобалар жасап келеді. Сондай жобаның бірегейі Алаш сиезі өткен жерді одан әрі ұлықтау, Қайыржан Хасановтың еңбектерін өскелең ұрпаққа жеткізу, дәріптеу мақсатында 2018 жылы жерлестер форумында туған жерге саябақ саламыз деген Ержан Қайыржанұлы жергілікті жақсылармен ақылдаса келе,  2019 жылдың тамыз айында музейдің іргетасын қаласа, міне, бүгін осы музей есігін айқара ашты.

Музей негізін қалаушы Ержан мен Нұржан Хасановтардың шақырып ұйымдастыруымен бұл шараға Қостанай қаласынан Қостанай облыстық                   Ы. Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры Оспанов Марғұлан Бақытбекұлы, Ыбырай Алтынсарин еңбектерін насихаттаушы Қуанова Роза Қаратайқызы, Астанадан «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Бекен Қайратұлы, тарихшы ғалым, алаштанушы  Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызы арнайы келді.

Салтанатты ашылу рәсімі аудан әкімінің құттықтау сөзімен басталып, Қайыржан Хасановтың ұлы Ержан Қайыржанұлының сөзімен жалғасты.

Музейдің салтанатты лента қию рәсіміне Қайыржан Хасановтың жары Хасанова Ырысты Кәкімқызы, аудан әкімі Асантаев Жанат Асылханұлы, тарихшы ғалым, алаштанушы  Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызы, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Тілекқабыл Сағынов қатысты.

Музей 500 шаршы метр көлемде, үлкен көрме мен шығармашылық залынан, Алаш залынан, Қайыржан Хасанов залынан және Төлеген Иманғазиев атындағы мәжілісін залынан тұрады.

Музейдің кіре берісінде көрермендерді музейдің негізін қалаушы Ержан және Нұржан Қайыржанұлы Хасановтардың «мәңгілік тәуелсіз елді мұрат тұтқан Алаш арыстарының сиезі өткен киелі жерде іргетасы қаланған бұл музей Алаш мұрасын насихаттайтын, Қаратөбе өңірінің тарихын түгендеп, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырған Қайыржан Хасановтың еңбектерін жинақтаған тарихи орын болады деген сеніммен туған елге, Алаш ұрпағына арнаған сыйымыз» деген тілегімен қарсы алады.

Сол постамент үстінде, жоғарыда тұрған қазақы оюы бар шаңырақ, ол жай шаңырақ емес, «Алты Алаш» ұғымын беретін алты тармағы бар шаңырақ,  Алаш біріксін деген оймен жасалғандығын жеткізді музейдің негізін қалаушылар.

Ержан Қайыржанұлы еліміздің көк байрағы түстес музейдің логотипі  қазақ елінің тұтастығын білдіретіні  туралы айтып берді.

Келген қонақтарға заманауи үрдісте жасалған цифрландырылған, интерактивті ақпараттық терминал – әмбебап-трансфомер таныстырылды. Бұл кешен бейне түсірілім  немесе суреттерді өз ыңғайыңызға келтіріп қарауға арналған. Ішінде Алаш арыстары туралы мәлімет, Қаратөбеде өткен сиез туралы, Қайыржан Хасановтың мұрасын электронды жинақтаған өзге де қызықты мәліметтерге толы.

Келген қонақтар Алаш залында Алаш зиялылары, соның ішінде Күнбатыс Алашорда туралы деректермен танысып, ортада тұрған ескі «мерседес» автомобиль макетін қызыға қарады. Кезінде Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (КОМУЧ) Алашорда үкіметімен саяси және әскери одақ құрып, Алаш әскеріне көмек көрсеткен. Бұлар Батыс Алашордаға арнайы екі «Мерседес» автокөлігін берген. Ел ішінде сол екі машинаның біреуіне Батыс Алашорда құжаттарын тиеп, үлкен киіздерге жылқы майын жағып, машинаны соған орап көмген деген аңыз бар. Бұл – сол кездегі Батыс Алашорда өкілдері мінген «Мерседес» автокөлігінің макеті музей көрермендеріне ерекше әсер қалдырды.

Ең бастысы осы автомобиль макетіне қарап, сол кездегі алаштықтардың амалсыздан бар құжаттарды тығып көмген деген аңызға иланасың.  Енді осы автомобиль жерге көмілген жерінен табылса, қанша тарихтың ақтаңдақ беттері ашылары айқын. Әлі де ақтаңдақтарымыздың ашылмаған беттері барын ескі салатын макет. Ержан Қайыржанұлы бұл автомобильдің осындай макетін таңдаудың өзіне Мерседес маркасын  XX ғасырдың басында автомобильдерін қарап, зерттеп, үлгісін жасатқанын жеткізді.

Музей экспонатындағы «Қаратөбе сиезі» өткен мешіттің макеті өте ерекше жасалған. Бұл макетті жасауда нақты деректер яғни үйдің сыртқы пішіні мен төбе биікігі сақталған үйдің техникалық құжаттарын арнайы тауып, сыртқы өлшемдеріне сондай тың деректерді қолданылғаны туралы айтылды. Бұл макеттің ерекшелігі, терезесінен үңілсең, сол кезде өткен Қаратөбе сиезінен көрініс көріп, 3Д көзілдірігімен дәл сол кезге, сол жерде тұрғандай сезінуге болады.

Қайыржан Хасанов залын тамашалаған қонақтар Қайыржан Хасановтың өмірбаяны мен еңбек жолдарымен танысты. Бұл залда көптеген тарихи суреттер мен бейнематериалдарды көруге болады. Қайыржан Хасановтың жеке кабинетінің суреті, жеке тұтынған заттары барлығы сол жерде.

Осы залда Қайыржан Хасановтың журналистік, өлкетанушылық зеттеулерінің ізімен жасалған Қаратөбенің киелі жерлерлінің интерактивті AR-картасы тұр (AR-толықтырылған шындық немесе дополненная реалность). Бұл инновациялық шешімді картаға арнайы бағдарламасы бар планшет пен ұялы телефонды жақындатсаңыз, төмендегі жерлер туралы мәлімет алып, Қайыржан Хасановтың еңбектеріне сілтеме алуға болады. Бұл картада Мұхит Мералыұлы зираты, Дәуқара батыр қорымы, Қаратау би кесенесі,Ұзақ күйші кесенесі және тағы да басқа киелі жерлер туралы материалдар бар. Бұл картаның таныстырылымында осы картаны ақпараттық технологиялармен жасақтаған компания өкілі Ғабдоллаев Дәурен Ғаріпұлы Батыс Қазақстан облысында жоқ құрылғы осы музейге бірінші болып қондырылғанын айтып өтті. Жалпы бұл музей заманауи технологиялық құрылғылармен жабықталғанын айқын көруге болады.

Ортадағы көрме залында барлық қонақтар Қостанай облыстық                               Ы. Алтынсарин мемориалдық музейінен арнайы келген жылжымалы көрмесімен танысты.

Көрме залында Қаратөбенің табиғаты, белгілі тұлғалары, Қайыржан Хасановтың жанұясының суреттері ілінген. Көрме залы жылжымалы, жаңартылып тұратын голландиялық құрылғыдан жасалғанын таныстырушылар атап өтті. Бұл зал тек көрме емес, шығармашылық және басқа да мәдени кештерді өткізуге арналған.

Суреттер көрмесінен кейін қонақтар Төлеген Иманғазиев атындағы мәжіліс залына өтті.

Шамамен 150 шаршы метр мәжіліс залында шағын дөңгелек үстел өтіп, аудан әкімі Жаннат Асылханұлы Асантаев Қайыржан Хасановтың жұбайы Ырысты Кәкімқызына шапан жауып, тілегін білдірді. БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің Алғыс хатын Ержан Қайыржанұлына салтанатты түрде табыстады. Аудан әкімі атынан алыстан келген қонақтарға да алғыс хаттар  табысталды.

Мәжіліс залында өткен дөңгелек үстелде «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, журналист Бекен Қайратұлы, Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің  директоры Оспанов Марғұлан Бақытбекұлы, тарихшы ғалым, алаштанушы Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызы, ақын Шолпан Батырқызы Қыдырниязова, Мұхитов Абай Шыныбекұлы, журналист-фотограф, Қайыржан Хасановтың шәкірті Рафхат Халелов, БҚО музейінің директорының орынбасары Берікқалиева Ажар Берікқалиқызы сөз сөйледі.

Шолпан Батырқызы өз сөзінде «дәл қазір  бір рахат сезімге бөленіп отырмын, себебі қасиетті Қаратөбеде ел қадірін білетін, жер қадірін білетін, сөз қадірін білетін, өз қадірін білетін ұрпақ тәрбиеленіп, тарихтың тылсымына сүңги алатын, босқа уақыт өткізбейтін, босқа көпіріп сөз айтпайтын, іспен ғана айналысатын ұрпақ өскенінің куәсі болып отырмыз, мен үшін бұл музейдің салынуы Қаратөбе өңірі тарихының алтын таңбасы соғылғанының айғағы» деп осы музейді туған жерге тарту еткен Қайыржан Хасановтың балаларына өз ризашылығын білдірді.

Сөз алған қонақтар музейдің ашылуымен құттықтап, тілектерін жолдады.

Кеш соңында Ержан Қайыржанұлы келген қонақтарға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Музей негізін қалаушы ретінде, осы музейдің барлық символикаларын, ерекшеліктерін түсіндіріп, бүгінгі күнге жетіп, салтанатты ашылуына ат салысқан азаматтардың барлығына алғысын білдірді. Музейдің негізін қалаушылардың бірі, шетелде болып, салтанатты ашылуына қатыса алмаған Нұржан Қайыржанұлына да жерлестері алғыстарын жаудырды.

Алаш арыстарын ұлықтайтын, тарихын зердейтін және ел тарихын жазып кеткен, артына мол мұра қалдырған Қайыржан Хасановтың еңбектерін бір жерге жинақтап, кейінгі ұрпаққа сол мұраны сабақтастықпен жеткізу мақсатын көздеген  киелі орынға айналсын деген ізгі ниетпен туған жерге тарту етілген бұл сый ел игілігі үшін жасалған асыл құндылықтардың бірі боп қалары айқын.

                                                                                          Рита Сұлтанғалиева,

                         М. Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастырылған                             

профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

 

Пікірлер