А.Цой: Вирусты толық жеңген жоқпыз

2089
Adyrna.kz Telegram

Әлемде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай әлі де қиын болып тұр. 220 елде 84 млн адам КВИ жұқтырған, оның 1 млн 840-ы қайтыс болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ал Қазақстан қазір қаупі төмен жасыл аймақта тұр. Алайда, Атырау облысы аса қаупті - қызыл аймақта. Алты өңір: Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары сары аймақта. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі коронавирусқа қатысты эпиджағдай жайлы хабардар етті.

«Елімізде 156 943 науқас COVID-19 жұқтырған және 45 946 адамға КВИ- диагнозы қойылған. Пациенттердің 87% індеттен жазылып шыққан, ал маусым-шілде айында айыққандар қатары 60% аспайтын», -деді министр.

Биыл 3 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 18 608 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде 4 980 төсек-орында науқас жатыр. Реанимация бөлімшесіндегі пациент саны - 320, өткен аймен салыстырғанда 1,3 есеге артты (3 қарашаға -253).

Оқу жылының басынан 3 972 оқушы КВИ жұқтырды, оның 1047-і кезекші сыныптарда оқитын бала, 2925-і қашықтықтан білім алады.

Министр сөз соңында ел азаматтарына эпидемиологиялық жағдайға жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын бұзбауға шақырды.

«Пандемия әлі де жалғасуда, өкінішке қарай вирусты толық жеңген жоқпыз, сондықтан жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Өзгелерге індет жұқтырмау үшін, жұқтырып алмау үшін міндетті түрде маска киіңіздер, әлеуметтік арақашықтық пен гигиена талаптарын сақтаңыздар», - деді А.Цой.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер