Жазушылар одағының Елордалық филиалында мазмұнды шаралар өтті

2449
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы жаңа жылды мазмұнды іс-шаралармен бастады. Осыдан бір ай бұрын Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы  мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің  ұйымдастыруымен ақындар арасында «Көңілде алаң басылса...» атты мүшәйра жарияланған болатын.

Елорда әкімдігінің қаржыландыруымен өткен жыр додасының жеңімпаздары анықталып, марапаттау  рәсімі өтті. Жас қаламгерлердің шығармаларын бағалап, сараптаған қазылар алқасының құрамында ақындар Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, филиал директоры Дәулеткерей Кәпұлы болды.

Елуге тарта ақын сынға түскен жыр сайысында бас жүлдені Біржан Ахмер еншіледі. Бірінші орынға ақын Айзада Рахымжанова ие болса, екінші орын Ерлан Аманқожаға бұйырды. Ал үшінші дәрежелі дипломға Айдана Сегізбаева, Әли Бекмұханбет,  ынталандыру сыйлығына Алпамыс Файзолла, Ауғанбай Санақұлы, Ерасыл Сәдуақас лайық деп табылды. Жүлделі өлеңдерді елордалық театр актерлері оқитынын да айта кетуге тиіспіз.

Жеңімпаз қаламгерлерге  сәттілік тілеген ақын Оңайгүл Тұржан желкілдеген жас кезінде Жұбан Молдағалиевтей классиктер  ақ батасын беріп, тілекші болғанын, бүгін  өздерінің де өскелең ұрпаққа жол сілтейтін уақытқа келгенін жеткізді. Өз сөзінде сыршыл ақын жастардың көпшілігінің танымы төмен, білімі таяз екенін жасырып қалмады. Одан шығар жол тынымсыз ізденіс, қажымас қайрат деген ойлары жиналғандардың көкейіне қонғандай.

Шара аясында елордалық бөлімше директоры Дәулеткерей Кәпұлының жастар шығармашылығы жөніндегі орынбасары болып ақын, журналист Олжас Қасым тағайындалды. Жауапкершілік жүгін арқалаған қаламгер сенім үдесінен шығатынын айтып, жастармен бірлесе жұмыс істейтінін мәлімдеді. Сондай – ақ басқосу барысында қаладағы ақын-жазушыларға Әзірбайжан Елшісі Р.Маммадовтың алғыс хаты, республикалық «Samuryq» әдеби-мәдени журналы табысталды.

Пікірлер