"Қыз Жібек" Тарихи жыр және тарихта болған кейіпкерлер

40391
Adyrna.kz Telegram

«Қыз Жібек» жырында тартыстың екінші басын ұстайтын шекті елінің сипаты мен бұл елдің адамдарына да едәуір орын берілген.

Лиро-эпоста Жібектің әкесі Сырлыбай – алты тайпа шекті елінің ханы, шетінен бөрі алты ұлы бар, солардың ортасындағы ең кенжесі Жібек сұлу. Ұлдарының кішісі Жиренбайдың отауы сол жылы түскен екен (жыр дерегі бойынша, Жібек те, Жиренбай да баланың ең кенжесі). Жібектің әкесі 9 мың жылқы біткен бай. 1894 жылғы нұсқаның өзінде Сырлыбайды «хан», «падиша», «патша», «датқа», «бай» деп әртүрлі атайды. Сол Сырлыбай Қаршығаның өзін «сыртынан билеп, Жібегін қаңғырған жалғыз атты жолаушыға беру үшін басын базарға салып, көш-жөнекөй көрсетіп жүргені не қылғаны, екеуінің де бастарын кесемін» деп қатты кәр қылады. Бірақ Төлегенді көргесін райынан қайтып: «Жібегімнің теңі екен» деп шүкірлік етеді. Сөйтіп бата аяғына Төлегеннің айдап жүрген жылқысын түгел алады. Қалмақтың Қорен ханы: «Жібекті бермесең, еліңді шабамын», – деп қамаған соң, әлі келмейтінін біліп, лажсыздан қызын бермек болады. Жүсіпбек нұсқасында Сансызбай қалмақты жеңіп, қайын жұртына қайтып келгенде алдынан елін бастап шығып, 2 айдай қызмет қылып, сыйлап тұрады. Жібекті 80 нарды толтырып жасау артып, 9 жорға ат жабдықтап, бес жеті (5 х 7 = 35) алтын отау қосып, жаңа ұзатып бергендей етіп жөнелтеді.

Шеге нұсқасында да Сырлыбай алты шектінің ханы. Алты ұлының кенжесі Жиренбай сол жылы отау құрған (жырда түсірген дейді), келіншегі – шектінің тілеу ұрқынан шыққан Жақасбай деген қадірменді ақсақалдың қызы. Төлегеннің Жібекті алайын деп жатқан хабарын естіген шектінің өз іші бүліне бастағанда Сырлыбай құдаларына: «Ел өсегі жаман, кімнің адал-арамын біле алмай отырмын, жау аяғы басылсын, келер күзде келерсіздер», – деп хабар салады. Төлеген сол сөзді малданып, еліне қайтады. Бекежан Төлегенді өлтіріп, 60 жігітімен қашып жүргенде де Сырлыбай «ел арасы бүлінер» деп, елді басып қозғалтпайды. «Қайнысы келіп қалар, келмесе хабар жіберіңдер», – дейді. Елге Қорен келіп ылаң салғанда жұртымен кеңеседі. Шешімді бұл емес, «Өлген Жібек өлсін» деп қалмақпен соғысуға батпаған халық қабылдайды.

Қаршыға нұсқасында да Сырлыбай – хан. Матап беретұғын қалыңмалы болмағасын Жібекті алып қашып кетпекші болып жүрген Бекежанды елден қудыртады. Төлегенді көріп, көркіне, бекзаттығына һәм бата аяғына көңілі бітіп, еліне сауын айтып, қызын той жасап ұзатуға әзірленеді. Бірақ ел аузындағы сөзден, 60 жігіттен сескеніп, қызын бұл сапар ұзата алмайды. Төлегенге: «Сіз кеткесін бұлардың бәрін құртамын, аман болсаң, келер күз жігіт жиып келерсің», – дейді. Сөйтіп, сыйлық беріп, Қаршығаға шығарып салдыртады. Жібекті Қоренге беруді бұл емес, халық ұйғарады. Қалмақты Сансызбай келіп қуғанда, жауды қуысуға 6 ұлын қосады. Жібекті қайнысына ақ отаулап, көп күн той жасап ұзатады.

Мұсабай версиясында Жібектің елі шекті емес, Орта жүз, қыпшақ. Әкесі Сырлыбай емес, сол көп қыпшақтың ішіндегі Алашабай деген бай. Алты ұлы бар, оның ең кенжесі Жібек сұлу. Төлеген келіп жолыққанда, Алашабай бір төбенің басында жүз қаралы кісі болып отырады. Өзі 70-те, «құрдай көзі қызарған, өкпедей беті бозарған» шал, бірақ тілі бәледей. «Айттырып жұртқа бермеген, шеніне адам келмеген жалғыз қызымды менің еркімсіз көріп жүрген сен кімсің?!» – деп тұқыртады Төлегенді. Бес жүз жылқыны көргенде ғана «ақылын жылқы алып, есінен тана құлайды», содан соң жау тигендей сол күні-ақ той қылады. Бекежанды 6 ұлы өлтіріп, ағайынмен жау болып, ақыры қазақ пен қалмақтың шекарасына көшіп кетеді. Әкелерін бірге алып кетті ме, жоқ па, жыр желісінде ол жағы айтылмайды. Жібекті Қоренге беру жайын да осы 6 ағасы шешеді. Алашабайдың жайынан бұдан басқа жерде қайтып сөз сөйленбейді.

Жырдың қай нұсқасында да Сырлыбайдың зайыбы, Жібектің анасының аты аталмайды. Ол негізгі нұсқаларда, көш суреттерінде ғана көрініс береді. Көш-жөнекөй көрген 7 қыздың салтанатын да, сұлулығын да ең соңғы көштің – 200 түйелі көшті бастап, қарқара тартып бара жатқан осы бәйбішенің салтанаты басып кетеді: «Аға Жүніс перідей, / Көркі раушан бағындай, / Қартайса да ілгері, / Әлгі қыздан салдығы, / Нұрдай болып шайқалып, / Ақ маңдайы жарқылдап, / Көшті тартып барады, / Жібекті тапқан шешесі». «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» дейді жұрт мақалы, – деп жазады Мұхтар Әуезов. – Жыршы соны есте тұтады. Жібектей сұлу қыз туса, туғандай бәйбішенің сойы осы демек. Сөйтіп, Жібек басқа қыздардан тек сұлулығы мен салтанаты жағынан ғана озбайды, ең қымбатты үлгілі анасымен де озады. Төлегеннің «ақылмен танып тұрған» Қыз Жібегі осы еді».

Жыршылардың сөз сыңайына қарағанда, бәйбіше Жібектің ғана анасы емес, Сырлыбайдың 6 бөрісін тапқан алтын құрсақ. Сонысын арқаланады ма екен, оның сөзі шалына да өтімді. Төлеген Жібекке сөз сала келгенде күйеуіне: «Теңі келді, тегін бер», – дейді (Қаршыға – Шеге нұсқаларында). Жүсіпбекте Сансызбай Жібекті ұзатып еліне әкетіп бара жатқанда қасына осы шешесі ереді.

Жырдың негізгі нұсқаларында Жібектің сипаты эпостық дәстүрге сай әспеттей суреттеледі. Жыр қисыны – «жиһанда бұл сипатты ұрғашы пендені Төлеген бұрын көрмегендіктен, көре сала кеуілі мықтап ауады». «Өзі түгіл Жібектің, өлігін адам өпкендей» деген әсірелеу, көріктеу әдістері осыны дәлелдемек үшін керек болады. Мұсабай жырлаған түрде Жібектің порымы «Бидай өңді, нұр жүзді, секпілі жоқ, қой көзді, әйел де болса бір сөзді», ал Шеге нұсқасында «Қыр мұрын, қызыл жүзді, қиылған қас» – деп, реалистік рәуіште суреттеледі. Даланың меңсіз сұлуының қоспасыз көркем бейнесі өмірде шынымен-ақ сондай-ақ болса керек. Осы сұлулығына қоса Жібек аса дегдар, бекзат жан («Шыныдан аппақ сүйегі»). Еш адам оған «Бектігі бар» деп, дауыстап сөйлемейді. Жиын-тойда егер өзі бастап айтпаса, ешкім оған өлең айтпайды. Өзі қаласа ғана әйкел құрғызып, бірнеше күн жігіттермен айтысады және соның бәрінде жеңеді екен. Өте айтқыш, тапқыр («Өткірлігін байқасаң, ұсталар соққан кетпендей»). Қысылғанда амал табады, сонысымен Қоренді де отырғызып кетеді. Қалмақты ақылдылығы һәм шешендігімен ұршықтай ойнататын салтқа да, ерге де нағыз опалы әйелдің сойы. Уақиғаның қалай боларын алдын ала түс көріп білетін сұңғыла. Сүйіктісінің соңынан өлмек те болады, бірақ оған тосқауыл – Төлегеннің өлердегі соңғы тілегі. Оны өсиет деп түсінетіндіктен, әлгі тілекті орындамаса Төлегеннің бір өлмей, екі өлгені деп ұғынады. Өзі дініне берік, «кәпірге қатын болатын болдым» деп намыстан, ұяттан жарыла жаздайды. Шеге нұсқасында «Бір тасқынға бір тосқын» деп, көзі аларып өліп жатқан Қореннің көзіне құм құйып, семсермен шауып, басын денесінен бөліп домалатады.

Қаршыға нұсқасына бақсақ, Төлеген келіп көрген жылы Қыз Жібектің жасы 16-ға шығып отыр екен, яғни Төлегеннен бір жас кіші. Мұсабай жырау версиясында – 15-те, Шеге ақын жырлаған нұсқа бойынша – 17-де.

Жыраулар аса бір құрметпен жырлаған тұлға – Қаршыға. 1894 жылғы нұсқада ол «Сырлыбайдың Қаршыға хабаршы деген ақын уәзірі. Ақылы зерек, өзі адал болғасын Сырлыбай хан 9 мың жылқысының басына қойып, отарға жібереді екен. Қаршыға Базарбайды сыртынан жақсы білген, Төлегенді іздеп келуі де содан. Бір жағынан «Мен Төлегенді көрейін, Төлеген маған жақса, Қыз Жібек те жақтырар» деп есеп етеді. Сөйтіп мырзаның жұртқа беріп жатқан олжасынан (малынан) білдірмей алып, Жібек сұлуды тауып бермек болады. Жібекті Төлегенге көрсетіп, тілдестіріп қана қоймай, ел ішінен бата аяққа 250 ат сатып алуына жәрдемдесіп, Төлегеннің Жібекпен Жиренбайдың отауында жолығысуын ұйымдастырады. Сөйтіп, «епті туған Қаршекең» кеше «қыз көрсетемін» деп алған қос жорғасына және үшеуін қосып алып, бесеу етіп мінеді. «Қаршығадан өзгеге Жібектен жауап алмағы қиын-қыстау іс еді» дейді жыр қисыны. Төлеген мен Жібектің арасындағы хикаяны естіген шектінің жігіттерінің арасына абыржу кіргенде, көңілі алаң Төлегенді «Сені өлтіретұғын кім екен, кереметімді көр» деп жұбататын, артынша ашық қалыңдық ойнататын ерің де сол. Бірақ жазмышқа ол да ара тұра алмайды. Сансызбай уақиғасы тұсында Жібекке оңбай алданып қалған Қорен қалмақ Сырлыбай ауылының үстінен ат ойнатқан шақта Сырлыбай өзі барып айтуға ар қылып: «Сіз барып қалмаққа жөн айтыңыз», – деп, Қаршығаны жібереді. «Жауапқа шешен ер жан батпаған кәпірге»: «Тұлпарыңның сырын білесің, біле тұрып әйелге тұлпарды неге бересің?» – деп отырып, кінәсін мойнына салады. Қорен Сансызбайлардың ізінен қуа шыққанда Қаршығаны басшы қылып, қазақтан 20 (нұсқа: он екі, он) кісі алады. Қорен әскерді тастап, өзі ілгері кетіп, Сансызбайдың қолынан өлгенде Қаршекең тағы да ақыл тауып, «Көрсе, өзімізді өлтіріп кетер» деп, әскерді Қорен жатқан Астаусалдыдан (Бауыздаудан) бұрма жолмен жүргізеді де, жағалбайлы еліне тура әкеліп, Сансызбайдың жасағына қырғызады. Соңыра Сансызбай Қаршығаны жолбасшы етіп 2000 әскермен шектілерге барып, оларды қалмақтан азат етеді. Шеге ақын нұсқасында Жайықтың жағасына келіп шатыр тігіп жатқан жағалбайлы қосынына шектінің бір шалы ерулік жасап, қонақасы беріп отырып: «Сырлыбай ханның ер Қаршыға уәзірі бар, оған алты шекті түгел сенеді. Айтулы тілге шешен епті жырау, Қыз Жібегің де оны 6 ағасынан кем көрмейді. Әуелі сол Қаршығаны тауып, қолдарыңа алыңдар, әйтпесе Жібектен тіл алу қиын», – деп ақыл береді. Әлгі шал – Жақас (Жақасбай) ақсақал Қаршығаның шекті ішіндегі тілеу екенін, кенжесі Сырлыбайға күйеу бала екенін (сірә, ханның қарындасын алып отырғанын) айтады. Жақастың шақыртуымен келген Қаршыға «кең маңдай, ай қабақты, қызыл жүзді, жоталы кең жауырынды, тал бойына бес қаруы жарасқан, ажарына ақылы серік болған, жел сөзге келгенде екі аяқтының бұлбұлы» деп суреттеледі. Төлегенді көріп, ұнатады әрі Жібекке лайық нағыз жігіт осы деп табады. Сөйтіп эпостағы өз міндетін толық орындайды. Бұл нұсқада оның 12 адамымен Қорен әскеріне қосылғанымен, қалмақты жоюға қосқан елеулі еңбегі айтылмайды.

Жырдың Қаршыға нұсқасы «өзі шығарды» делінгенімен, ол жайындағы әңгіме үшінші жақтан баяндалады. Мұнда да Қаршекең Төлегенді өзі іздеп табады. Сырлыбай Қаршығаның ақылымен Төлегеннің қазасын Жібекке естіртпей, сездірмей қайнысына хабар салуды мақұл көреді. «Бекежанды ұстап алып өлтіреміз» деп арындаған 6 ағаны Қаршыға «Ел іші бір қыз үшін бүлінді деген атқа қаламыз» деп басып тастайды. Қаршығаны 12 мұсылманмен Қорен өз әскеріне басшы етіп алады. Қаршыға қалмақтарды сандалтып, Қореннің өлігі жатқан Астаусалды дөңіне соқтырмай бұрып әкетіп, орыстың Сусанинінше суыт жүріспен шаршатып, Сансызбайдың 500 жігітіне жеткенше әбден діңкелетіп тастайды. Сөйтіп «Аплатондай ақылды» Қаршекеңнің арқасында жасақ тұтқиылдан ат қойып, 2000 қалмақты қырады. Қаршыға мен Сансызбай екеуі жасақты шектіге бастап әкеліп, елді жау тырнағынан босатады.

Мұсабай версиясында «қызыл тілін безеген, тілден теңдік бермеген» Қаршыға жырау Төлегенді Жібектің рұқсатымен іздеп келеді. Жібек: «Барсаң барып кел, салтаң атты кедейдің жорғасын алып мініп кел», – деп жібереді. Жібек Төлегенге мекерленіп дұрыс сөйлеспей қойғанда жігіт Қаршығаға кейіп: «Жеті енеңді ұрайын, алған жорғаны қайтар», – дейді. Міне, сонда «мырзадан алған қос жорға қолдан кететін болған соң», жаны қысылған Қаршекең Жібекке қарай жөнейді. Бірақ алдында ғана «Төлегеннің жорғасынан олжа алып қал» деп өзі жіберген Жібегің бұл жолы ағасын «Қарабасымды көш-жөнекөй қос жорғаға саттың» деп, сөгіп тастайды. Қаршығаның Қорен қолына қосылуы мұнда жоқ, есесіне қашқан Жібекті қайырып әкеліп беріп, Қоренге жақсыатты боламыз деп 6 ағасы қарындасын қалмақпен қоса қуысады.

Міне, аяңдап отырып ақыры Бекежанға да келіп жеттік.

Шынын айтқанда, қым-қиғаш әңгіменің көкесі де тап осы жерде. Олай болса сөзімізді саумалап отырып, рет-ретімен айтайық. 1894 жылғы нұсқада Бекежан – Қыз Жібекке сыртынан ғашық болып жүрген алты арыс шектідегі 60 жігіттің бірі. Төлеген Жібекті қолына түсіргеннен кейін алпысы кеңесіп, «Шынымен Жібектен айырылып қалғанымыз ба?» деседі. Кейбіреуі «Жібек бізге тимес» деп күдік айтса, біреулері «Олай болса бұл Төлегенді өлтірейік, содан соң біз алмағанда кім алады?!» – деп күпінеді. Ақыры «Қызды күйеуге алып барғанда аңдып тұрып Төлегеннің басын кесіп, Жібекті ортаға алып, қайсымызды қалайсың делік. Қайсымызды қаласа да күндемелік», – деп келіседі. Бұл келісімді Қаршыға естіп қалып, Төлегенге жедел әрі жасырын түрде қалыңдық ойнатып қойған соң дымдары құрыған 60 жігіт Қособаның көлінде, еліне барып қайтып келе жатқан Төлегеннің жолын тосады. Бекежанның аты, міне, осы тұста алғаш айтылады. Және осы көріністе 60 жігіт «топ арғын», ал «атаңа лағнат Бекежан арғыннан шыққан қу екен, әккі болған сұм екен» деп суреттеледі. Алдында шекті еді, енді қалайша арғынға айналды деген жайтты таратып жатуды жыршы да онша қажет деп таппайды. Осылайша арада 8 жыл өткенде Бекежан Төлегенді өлтіргенін Жібекке өлеңмен естіртіп, өзін алмақшы болады. Осы қайым айтыстың басында ол Жібекке «Жездемнен хабар бар ма?» деп тиіседі. Бұған қарағанда Бекежанның Жібектен жасы кіші. Қыз Жібек өз жауабында «Арғында алты шекті алпыс мырза» деп кекетеді. Алдында «топ арғын» делінген 60 жігіт енді арғын ішіндегі алты шектінің жігіті болып шығады да, Бекежанның тегі арғын сияқты әсер қалдырады. Жібектің шақыруымен қыздың 6 ағасы келіп, Бекежанды арқанға сүйретіп өлтіреді.

Жүсіпбек нұсқасының басында да 60 жігіт алты арыс шектіден делінеді. Әлгілер Қособада «топ арғынға» айналады, Бекежан – «арғыннан шыққан қу». Қысқасы, Жүсекең 1894 жылғы нұсқаның Бекежан айтылатын жерін еш өзгеріссіз ала салған. Есесіне Шеге вариантынан бастап Бекежан жайында нақты деректер жиілейді. Шегенің айтуынша, «бір ауыл шекті, арғыны бар, дейтұғын қу Бекежан батыры бар, Жібектен көңіл етіп жүретұғын, отыздан асқан жасы, қатыны бар». Бұған қарағанда, 60 жігіт шыққан ауыл – шектісі мен арғыны аралас ауыл және Бекежанның жасы Жібектен әсте кіші емес, үйленген, отыздан өтіп кеткен сақа жігіт, батыр. Одан әрі 60 жігіт жиналып, орталарына Бекежанды шақырып, оған: «Бала жастан аруақты ер екенің рас болса, осы жерде бір қайрат көрсетіңіз», – деген тілек айтады. Сонда Бекежан тұрып: «Қыз Жібек Төлеген тұрғанда сендердің біреуіңді де сүймес. Оған қыз апарған күні жалғыз қалады, сол жерде қимылдаудың иіні келер. Оған дейін сабыр ете тұрыңдар», – дейді. Бұл сөзді Төлеген естіп, Қаршыға арқылы істің алдын алады. Бұдан соң көп шекті бүлініске түсіп, Жібекке ынтызар 60 жігіттің қатары 600-ге ұлғаяды. Сырлыбай сескеніп, Төлегенді еліне жедел аттандырып жіберуге мәжбүр болады. Қайтып келе жатқанда Бауыздаудың суында 60 жігіт шекті («алпыс жау») жол тосады. Төлеген ұрыс үстінде шектінің 6 жігітін өлтіреді (жыршы «шектіден өлді жетеуі» деп анықтап айтады), қалғандары оларды Төлегеннің жанына көмеді. Айтушы осы тұсты «Шуылдайды көп шекті» деп және нақтылай түседі. Бекежанға «атаңа нәлет Бекежан» дегеннен басқа анықтауыш қосылмайды. «Көп шекті» Төлегеннің Көкжорғасын Бекежанға мінгізіп, «Жібек қайсымызға тисе де қызғанбайтын болайық» деп ұйғарым жасайды. Арада 6 жыл өткенде Бекежан Жібекке сөз салмақ болып Төлегеннің қазасын естіртеді. «Төлеген өлерінде басыма белгі қойып кет, Көкжорға ат пен Жібекті саған қидым деді», – деп соғады. Сонда Жібек оны «қарақшысың, ел бүлдірген арапшысың» деп қарғайды. Бекежан ұстатпай, 60 жігіт шектіге кетеді. «Жібек сендерге өлмей тимейтін түрі бар» деп, алпысының құлағын көтереді. Бір жағы олар дүрлігіп, «Бекежанды ұстаймыз» деп шекті көтерілгеннен кейін ел арасының бүлінуінен қорыққан Сырлыбай жұртты басып тастайды. Бекежан Жібекке сөз салуын сонда да қоймайды. Сансызбай: «Ағамның кегін алмай кетпеймін», – деп болмағасын, оны Бекежанның ауылына Қаршыға бастап әкеледі. Сансызбай Бекежанды тал түсте, ауылынан ұзап шыққан жерінде тоқтатып, найзалап, қылыштап, басын екіге бөліп өлтіріп, Көкжорға атты алып кетеді.

Енді Бекежанның жайынан шекті Қаршыға не дейді екен, соған келейік.

Сырлыбай қызын жағалбайлыға беретін болып, елге сауын айтып, саба-саба қымыз жидыртып жатқан шақта шектідегі Жібекке ғашық 60 жігіт те бас қосып кеңеседі. Осы орайда жырау: «Бір ауыл шекті ішінде арғын екен, Бекежан өзі жалғыз өзі ер туыпты», – деп анықтап өтеді. Жыр дерегіне айтқызсаңыз 60 жігіт – шекті, Бекежан – шекті ішіндегі бір ауыл арғынның батыры. Кезінде «Жібекті алып қашып аламын» деп жүргесін, беретін қалыңмалы жоқ оны Сырлыбай елінен қудыртып жіберген. Алпыс шекті жігіті Бекежанды елден қуылып жүрген жерінен алдыртып, «Осы жерде бір қайрат көрсеткін» деп қолқа салады. Мұндағы Бекежанның жауабы да дәл Шеге жырлаған нұсқадағыдай. Қаршығаның қастандықтың алдын алуы да өзгеріссіз берілген. Бұл нұсқада да Сырлыбай Төлегенді еліне жылжытып жібереді. Сірә, шектінің бүлініп жатқаны, 60 жігіттің хабары Базарбайға да жеткен болса керек. Баласын тоқтатарда айтқан «Елдің құрығы ұзын, тентектің білегі жуан» деген сөзінен осыны аңғарамыз. Жазған бала тыңдамайды, жыршы болса «жігітті құртатын екі тесік деген» – деп, әңгімені төтесінен қоя береді. Ақыры, не керек, көзсіз көбелектей көлбеңдеп барып, Қособаның көлінде 60 жігіт пен аусырап жүрген Бекежанның торына ілінеді. «Тым болмаса Бекежанды өлтіріп, жастығымды ала жатайын» – деп, садағынан атып жібергенде, зырқыраған оғы көп шектінің жетеуін жұлып әкетеді. Қайыра оғын алғанша Бекежан топтан шығып келіп, білтелі мылтығымен атып үлгереді. «Басында Қособаның жатып алдым, мергендікпен Төлегенді атып алдым», – деп өзі мақтанғандай, отты қаруды қапысыз меңгерген ұрыс шебері екендігін жыршылардың қай-қайсысы да мойындайды. Бірақ бұл нұсқада Төлегеннің өлгенін Бекежан естіртпейді, арада бірнеше жыл өткенде әлгі 60 жігіттің өздері айтып қояды. Бұл жағдайдан Жібектен өзге ел хабардар болады. Сонда Сырлыбайдың 6 ұлы – алты қасқыры қандары қызып, Бекежанды ұстауға рұқсат сұрап әкелеріне келгенде, Сырлыбай: «Шектідегі 60 жігіттің бәрі де бай баласы, Бекежанды олар бермес. Бекежан соларға арқа сүйеп жүр, алпысының да Жібектен көңілі бар. Малдарын айдап талай шұбырып келген, бәрінің де ел ұстауға шамасы бар», – деп сақтық айтып тоқтатады. Бекежан Төлегеннің қазасын Жібекке «Көп ішінде ерлігімді есітсе, Төлегеннен түңілер» деген дәмемен шектіде болған бір тойдың үстінде естіртеді. Жібек жауабында оны «ұрысың» деп сөгеді. Алты ағасы өлтірмекші болып ұмтылғанда Бекежан атына қарғып мініп, ұстатпай қашып кетеді. Сансызбай келгенде ғана Қаршыға оның жатқан жерінің үстінен түсіріп, екеуі екінді мезгілінде ауыл сыртында кезігеді. Қаршыға Сансызбайға: «Абайла, бұл – мерген», – деп сауытын кигізіп жібереді. Жекпе-жек үстінде Сансызбай алдымен Бекежанның бүйірінен көлбете найза салып, сосын астындағы Көкжорға аттан төңкеріп алып, қылышпен басын екіге бөледі.

Мұсабай жырлаған түрде Төлеген Бекежан тобына алғашқы сапарынан еліне қайтып бара жатқанында, Көк Жайықтың белінде жолығады. Алдынан бір шоқ қара болып көрінген 60 кісінің ел екенін немесе жау екенін айыра алмай, ортадан қақ жарып шауып өте бергенде әлгілер табан жолды алып, Жайықтың тік жарына әкеліп қамайды. Басшысы – сол қыпшақ еліндегі Бекежан дейтін ер екен. Жеті жасынан Жібекті аламын деп, ала алмай жүр екен. «Жібекті Төлеген алды» дегенді естіп, аулаққа жалғыз шыққанын күтіп, 60 кісі қосшы алып, шашақты қара ту алып, жолын тосып тұрады екен. Бекежан Төлегенді бірден өлтірмейді, алдымен қара қазандай өкпесін айтып, «Сен бір жүрген есерсің», – деп сөгеді. Содан соң «Былтыр елге келгелі халқыма қылдың қорлықты. Қалың малсыз қыз алып, қақ ортамнан жол салып, маған қылдың зорлықты», – деп ызаланады. Төлеген «жаудан қашқан қатын» деп соғысуға бел байлайды. Екі қол оқпен 25 жігітті құлатады, үшіншіге келгенде саржасының кірісі үзіліп, ата алмай қалады. Сонда топ «қарақалпақ» ұрандап, ортаға алып қамайды. Бекежан сол сәтте ақ сырық мылтықтан бір оқ шығарып, Төлегеннің маңдайынан дәл тигізеді де Төлегеннің атын мініп, киімін киіп алады. Төлегеннің «Жүзімді жасырып кет» деген тілегін де орындамайды. Еліне келіп, ауылы Жыңғылдыойда той жасап, той бастауға келген Жібекке сонда Төлегеннің хабарын естіртіп, көңілін біржайлы қылып, өзін алмақ болады. Бұл хабарды тойдың 7-ші күні естіртеді. Жібектің 6 ағасы сол тойда Бекежанды сақалынан көтеріп, қорқыратып шалады. Бірақ Бекежанның ағайындары құн даулап қоймағасын Талдысайдағы қонысын тастап, алтауы басқа елге көшіп кетеді. Қоренге шектіде Қыз Жібек дейтін сұлу барын Бекежанның елінен 2 жігіт арнайы барып, мәлім етеді. «Алтын тақта бекер боқ сасып қорылдап жатқанша, Жібекпен бас қосып ойнасайшы» – деп, қалмақты Алашабай қыпшақтың еліне айдап салады.

Жырда іштен шыққан жау – Бекежанға қоса сырттан келген ата дұшпан – Қорен жайында да біраз сөз айтылады. Лиро-эпостың қай нұсқасында да Қорен – әрі қалмақтың ханы, әрі батыры. 1894 жылы нұсқада ол Жібектің дабысын естіп, өзі іздеп келіп, қызды бермесең еліңді шабамын деп шектіні қамап жатады. Жібек әкесіне «Отыз күн ойын, қырық күн тойым қылып ұзат» деген шарт қойып, уақыттан ұтпақшы болады. Дегені келіп, той бітіп, енді ойын қылып жатқанда сақпандай сарт етіп Сансызбай мен Шеге келе қалады. Жібек «көшке мінемін» деп Сандалкөк тұлпарын сұратқанда Қорен әуелі: «Ерлер мінетін тұлпарды әйелдер мінбес болар» деп, бермей жібереді. Жібек келгенде ғана оны көріп, есі шығып мас болып, қалай бергенін білмей қалады. «Өз ерімен ерлемесең жығылып қаласың» деп, тұлпарын өз қолымен ерлеп береді. Жібек тұлпардың етін қыздырып алайын деп олай бір, бұлай бір орғытып шапқанда, «жығылып қалмаса игі еді» деп, қосыла шабады. Жібек оны тоқтатпақ болып: «Тақсыр, сіз неше атаңыздан бері хансыз, хандығыңыз ата-бабаңыздан бері келе ме, әлде өз басыңыз хан болған ба еді?» – деп сұрағанда: «Неге, мен жеті атамнан бері келе жатқан ханмын», – дейді. Жібектің қашып кеткенін естіп кәр қылғанында «Қатынға тұлпар мінгізген өзіңіз кінәлісіз» деген Қаршығаның жүйелі сөзіне тоқтайды. Шапқанда от орнындай жер қазылып жерошақ болып қалатын Сандалкөктің ізін қуалап отырып, 2700 әскермен Мойынасудан әрі қашқан топтың ізіне түседі. Алты күн қуып жете алмағасын «Өзім-ақ түсіріп, алып қайтармын» деп, қазмойын тұлпарымен жалғыз қуады. Он бірінші күні өкшелеп қуып жетіп «Жібек менің қатыным, қай жаққа алып барасың? Соғысар болсаң, жөніңді айт!» – деп қаһарланады. Сансызбайдың жауабы: «Жаһаннәмдегі орныңа жіберейін деп едім» болған соң: «Жасың кіші баласың, әуелгі кезек менікі», – деп кезегін сұрап алады. Атқанда оғы Сансызбайдың 9 қабат сауытының сегізінен өтіп барып тоқтайды. Сансызбайдың атқан оғы үй орнындай жерді аударып тастап барып тоқтағанда, Қорен де туы қолдан сұлап, «Лалай лама лоқ» деп барып атынан құлайды. Сансызбай ат үстінен басын кесіп алады.

Жүсіпбек нұсқасында Қорен қалмақ Жібекті зорлықпен алмақ болып шектіні 9000 әскермен қамайды. Той бітіп, ойын басталғанына 3 күн болғанда Сансызбайлар келіп жетеді. Енді 27 күнге кешіккенде Жібектің шаруасы біткендей екен. Қорен қалмақ Жібек өзіне тимеймін деп отырғанын салық қылып, оған атын бергісі келмейді. Арада жүрген қыз жеңгесінің: «Бүгін кеш ақ отауға келсең, бикештің шытыра көйлегін басына таман түресің», – деп қызықтырғанына да илікпейді. «Жібек тимесе тимесін, ерлер мінер тұлпарды әйелге бере алмаймын», – дейді. Одан кейінгі әңгіме ілгергі жырдағыдай.

Шеге нұсқасында қалмақ ханының аты бірде Қорен, бірде Қорын. Жібек тұлпарын сұратып кісі жібергенде «көшке мінемін» демейді, «Ұзатылар алдында жеті судың өлкесін аралап, қоштасқым келеді», – деп жақауратады. Қорен болса «Жатқаныма екі ай болды, бір келіп көрінбедің», – деп өкпе айтады. Жібек оралмаған соң «Атым қай жерге тастап кетті екен» деп, ас ішпей, ұйқы көрмей жүдейді. Соңынан 2000-дай әскермен қуып, Қарақұдық деген жерде іздеріне түседі. Сансызбай екеуі жекпе-жекте найзаласады, қылыштасады, соңында қанжар алып қармасқанда Қорен осы қарудан өледі. Жібек оның басын қалмақтың өзінің ақ семсерімен қырқып алады.

Қаршыға нұсқасында да әңгіме жоғарыдағыдай. Тек мұнда Қорен қалмақ атынан «Ауқала мағалуқа» деп барып құлайды.

Мұсабай версиясында қалмақ жайы біраз басқашалау баяндалады. Қорен Жібек сұлудың дақпыртын ұзынқұлақтан емес, арнайы келіп мәлім еткен Бекежанның ағайындарынан біледі. Әлгі екі жігіт Жібектің 6 ағасының Бекежан өлімінен соң елмен араздасып, қазақ пен қалмақ шекарасына – Қореннің маңайына көшіп келгенін де мағлұм етеді. Қореннің мекені – «қырық қақпалы қала, қала толы жан». Қорен әлгі ұсынысты құп алып, көк арбамен 40 жігітін Жібектің 6 ағасына жаушы етіп жіберіп, жанына көшіп келіп, құда болуды сұрайды. Қырық жігіт «мәстекке арба үйретіп, зеңбірек тобын сүйретіп жеті күн жүріп» шекті ауылына келіп, айбат шегіп күш көрсетіп отырып, Жібекті беретін етіп келісімдерін алады. Жаушылар қайтып барған соң, хан Қорен 6000 солдатпен (жырда: сандатпен) арақ, бал, қара нан артып келіп, 6 күн ойын қылады, 7 күн тойын қылады, сөйтіп сұлу Жібекті алмақ болады. Жұртындағы Ақша хан дейтін патшасына ұшбу хабар (жырда: қағаз) салады. «Қазақта денем сүйер сұлу бар екен, алсын десең алам, алма десең қайтамын. Рұқсаты болса некеқияр хат, Ақойнақ деген ат берсін», – дейді. Апта өткенде неке қияр хат та, Ақойнақ деген ат та келіп болады. Сөйтіп күшейген Қорен Жібектің 6 ағасын шақырып алып: «Қарындастарың Жібек қыз қасыма жуық келіп, мені мақтап өлең айтсын», – деп бұйрық етіп, қасына көшіріп алады. Алты қырдың астына құсын салады, қазақтан бір адам Жібекке бармасын деп 60 солдат (сандат) қарауылға қояды. Некеқияр күннің кешіне Жібек сақау жеңгесін Қоренге жіберіп, «көшке мінемін» деп Ақойнақ атты сұратады. Анау болса «Қатынға атымды беріп, өзім жаяу жүре алман» деп бермейді. Сақау жеңгесі «Мұртыңа сиейін» деп, тұлан тұтып қайтып бара жатқанында Қорен «Осы сақау Жібегіммен араға от тұтатып қояр» деп қауіп ойлап, атты соңынан өзі әкеліп береді. Жібек Ақойнақты ойнақтатып, 30 төре қалмақпен арақ ішіп қауласып отырған Қореннің жанынан шауып өтеді. Жібектің қашқан хабары аныққа шыққан соң, хан қасына ат сыншысын алып, өлсе 40 байтал, тірі болса 10 байтал беретін болып ел ішінен мойны 40 кез қара ат сатып алып, қашқындарды сол атпен қуады. Шарайнасы жалтылдап, 40 нөкерімен намаздігерде үшеуіне жетеді. Сансызбай атқан шоң оқ Қоренді 9 бөлек қылып бөліп түседі. Соңынан келген 9000 қалмақ әскері де ханның аяғын құшады.


Міне, қолдағы бар жыр дерегі солай дейді.

Берік ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы.

 

Пікірлер