Шығыс Түркістанның күйреуі

4599
Adyrna.kz Telegram

«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ)  мүшесі Тұрарбек Құсайыновтың «Зұлмат: Шығыс Түркістанның күйреуі» атты бұл кітабы Қытай коммунистік билігінің Шыңжаңдағы түркі тілдес мұсылман халықты ұлттық ерекшелігі мен тілінен айырып, жойып жіберу үшін жасап жатқан жаппай репрессиясы жөнінде жазылған.

Шыңжаңдағы саяси репрессияның сипаты мен зардабы нақты фактілерге негізделіп, концлагерьлерде қамауда болып, азап көрген тұтқындардың қасіретті тағдыры арқылы баяндалған.

Кітап авторы адам  құқы мен либерализм құндылықтарын қорғап қалуды «адамзат дамуының басты принципі» деп қарастырады.

Кітап «Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қорының» қолдауымен жарыққа шықты.

Қытайдағы зұлматтың алгоритмі

Қытай Халық Республикасының Шыңжаң (Шығыс Түркістан) өлкесіндегі діні мұсылман түркі халықтары мен басқа да этникалық азшылыққа қарсы  жасап жатқан геноцидке тән аяусыз қысым мен репрессияның  ауқымын Қазақстан арқылы сипаттау маңызды. Мұның бірнеше аспектісі бар. Қазақстанда Қытайдағы репрессиядан зардап шегіп, себепсіз түрмелер мен «саяси үйрену» деп аталатын концлагерлерге қамалып, азап көрген тірі куәгерлердің саны өте көп, мыңдаған адамның туыстары әлі Қытай түрмелерінде жапа шегіп жатыр. Олардың көмек сұрап шырқыраған жанайқайы әлемдік қауымдастықты құлағдар етті. Осындай жағдайда Қазақстан билігінің Шығыс Түркістандағы адам құқыының тапталуын «Қытайдың ішкі ісі» деп санауы, басқа ұлттар былай тұрсын, шекараның арғы бетіндегі қазақтардың басына түскен ауыртпалыққа көз жұма қарауы проблеманы тіпті жалаңаштап тастады.

Қытайдың концлагерьлерінде Қазақстанның бірнеше азаматы азап көріп  шықты. Қазақстанның азаматтығын алған немесе Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар қазақ отбасылардың бөлініп қалуына, отбасы мүшелерінің кейбірінің Қытай концлагерлеріне тоғытылуына, соның салдарынан Қазақстанда «тірі жетімдер» мен «тірі жесірлердің» тұрмыс тауқыметін тартуына, жалпы  Қытай коммунисттік билігінің жасап жатқан осындай бассыздығына қазақ үкіметі наразылық нота жолдап, қатаң талап қойған емес. Қазақстан билігі Қытаймен ауқымды сауда-саттықты, алған қарызын, инвестициялық жобаларды адам құқынан жоғары бағалап отыр. Осы саясаттың кесірінен оралмандардың мүддесін қорғау және оларға көмек беру үшін құрылған қоғамдық ұйымдар үкіметтің ығына жығылып, қытай қазақтарының проблемасын айналып өтетін мүшкіл халге жетті.

Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары да Қытайдан келген оралмандар мен Шығыс Түркістандағы қазақтардың жанайқайына әдейі назар аудармайтын болды. Бұған дейін «Әр қазақ – менің жалғызым» деп ұрандап келген қазақ ұлтшыл патриоттары Шығыс Түркістандағы түркі халықтарын  ұлттық ерекшелігінен айыру үшін әдейі жасалып жатқан геноцид күшейген тұста үнсіз қалды. Үнемі «мұсылман бауырмалдығын» уағыздың желісіне салып сайрайтын  Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының молдалары Қытай түрмелеріндегі азаптан өлген, мәйіті туыстарына берілмей жөн-жоралғысыз жерленген мұсылмандарға «ғайып жаназа» шығарудан бас тартты. Олар өздерінің бұл ісін «дінді саясатқа араластырмаймыз» деп түсіндіріп жүр.

Шығыс Түркістандағы репрессияға қатысты Қазақстандағы «бейтарап» жағдайдың қалыптасуына Қытайдың астыртын жасап отырған жымысқы саясатының да әсері тіпті ауқымды екенін байқатады. Қазақ қоғамында «қытайшылдар», «Қытайдың жұмсақ күші» деген жаңа түсінік пайда болды. Әлдебір саяси мүдде көздеген мұндай топтар мемлекеттік басқару аппаратында да, Қазақстаннның байырғы тұрғындары арасында да, тіпті Қытайдан қоныс аударған оралмандардың ішінде де бар. Бұл Қытай билігіндегі коммунистердің экспансиялық саясатты жүйелі әрі қарқынды жүргізіп жатқанын байқатады.

Осындай жағдайда Қытайдың Шығыс Түркістандағы аз ұлттарға жасап жатқан адам төзгісіз қысымын әлем алдында әшкерелеу және оған қарсы күрес тактикасы жаңа сипатта екенін айта кеткен жөн. Өткен ғасырда Қытайдың батысындағы түркі халықтары «Шығыс Түркістан тәуелсіздігі» идеясы аясында әрекет еткені белгілі. Ақ гвардияшылардың қолдауымен құрылған Шығыс Түркістан Ислам Республикасы (1933), орталығы Құлжа қаласы болған Совет Одағының ықпалындағы Шығыс Түркістан Республикасы да (1940-1945), Оспан батыр басшылық жасаған Алтай қазақтарының көтерілісі (1940-1949) де – соның айғағы. Қытайда коммунистер билік басына келген соң, Совет Одағы оңтүстік-шығысынан төніп тұрған қауіптің сейілуіне байланысты, Шығыс Түркістан Республикасы мен Алтай аймағының жеке билеушісі статусындағы Оспан батырды қолдауды тоқтатты, Сталин мен Мао Цзэдун келісімге келді.

Оспан батыр бастаған  көтерілісті Қытайдың коммунистік  билігі аяусыз басты. Осы оқиғадан кейін жазалаушы әскермен қаша ұрыс салған Алтай және Тарбағатай қазақтары Совет Одағы аумағына емес, оңтүстікке бет алып, Гималай арқылы  Үндістан мен Пәкістан жеріне өтті, кейін олар Түркиядан пана тапты. Ұзақ жолда шөл мен аштықтан, суықтан мыңдаған адам қырылды. Сол оқиғадан кейін Қытай қазақтары өздері жайлап отырған ауқымды территорияны даулаған емес, ҚХР-дың құрамындағы немесе одан тәуелсіз республика сұраған емес. Олар бұдан былай Совет Одағының құрамындағы Қазақстанды отаным деп санады.

Қытай қазақтарының көңіліне қаяу түсірген тағы бір  жайт бар. Жалпы, Шығыс Түркістан жағырапиялық және этникакалық екі бөліктен тұрады. Аймақтың негізгі халқы – ұйғырлар мен қазақтар. Оңтүстігін ұйғырлар, солтүстігін қазақтар жайлайды. Екі араны биік тау сілемі бөліп жатыр. Қытай билігіне коммунистер келген соң, қазақтар жайлаған аумақта орналасқан Үрімші қаласын орталық етіп, «Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы»  (мұндағы аудан – автономиялы республикамен теңестірілген әкімшілік бірлік) деп атады. Ұзақ жылдар бойы тәуелсіздікті аңсаған ұйғырлар әкімшілік бөлік атауындағы «ұйғыр» сөзін місе тұтқан сияқты. Әрине, аямақта ұйғырлардың саны басқа ұлттармен салыстырғанда басым болды. Сондықтан жергілікті билік органдарында көбінесе ұйғырлар қызмет атқарды.

Өткен ғасырдың ортасынан бастап аймаққа ханзуларды (қытайлар) жаппай көшіру, жалпықытайлық «мәдени төңкеріс» Шығыс Түркістанның байырғы халқының үлес салмағына көп өзгеріс жасады. Қазір аймақтағы қытайлардың саны ұйғырлармен теңесіп тұр. Бейресми мәлімет бойынша, Шыңжаңдағы ұйғырлардың саны – 22 млн. шамасында, ал қазақтар – 3 млн. Осы артықшылық – Шыңжаңдағы ұйғырлардың үнемі тәуелсіздікке ұмтылуына себеп болып тұрған фактордың бірі.

20-ғасырдың соңына қарай 15 ұлттық республиканың басын біріктіріп тұрған коммунистік партия билеген Совет Одағы ыдырады. Бұл оқиға Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырларға екі түрлі әсер еткен сияқты: қазақтардың санасында «біздің тарихи отанымыз – тәуелсіз Қазақстан» деген  сенім күшейді. Бұған Қазақстан Республикасының шетелде тұрып жатқан қазақтарды шақыруы, осыған орай арнайы көші-қон заңының қабылдануы да қосымша әсер етті. Қытай қазақтарының алдыңғы легі Қазақстанға қарай көш түзеді.

Арқа сүйейтін мемлекеті жоқ ұйғырлар «Совет Одағының ыдырау процесі Қытайды да бөлшектейді, Шығыс Түркістан тәуелсіздік алады» деп үміттенді.

Ұйғырларды өз алдына тәуелсіз ел болуға итермелейтін тағы бір фактор бар. Өткен ғасырдың соңында мемлекеттік жоспарлы экономикасы дағдарысқа ұшыраған коммунисттік екі империя – Совет Одағы мен ҚХР халық шаруашылығына  нарықтық экономиканың элементтерін кіргізді, мүлікке жекеменшік енгізу, ұжымдық немесе жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануға рұқсат берілді, шетелмен сауда-саттық ашылды. Осы жағдай бұрыннан отырықшы өмір салтын ұстанатын ұйғырларға көп артықшылық берді. Шыңжаң өлкесі батыс бағыттағы елдермен ішкі Қытайды байланыстыратын сауда жолына айналды. Бұл Шыңжаңның ірі қалаларындағы өнеркәсіптің дамуына серпін берді, шекаралас жатқан Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан және Ресеймен сауда-саттық, алыс-беріс күшейді. Экономикалық процестерге ұйғырлардың белсене араласуы және сәйкесінше олардың әл-ауқатының өсуі, тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы – объективті жағдай.

Экономикалық тұрғыда біршама тәуелсіздікке жеткен адамның уақыт өте келе саяси тәуелсіздікке ұмтылуы – заңды құбылыс. Бұл процесс Шығыс Түркістандағы ұйғырларды айналып өткен жоқ. Қытайдың орталық билігінен бір ғасыр бойы қысым мен кемсіту көріп келе жатқан ұйғырлар Шығыс Түркістанды шынайы тәуелсіз республика етуге күш салды. Қытайдағы, атап айтқанда, Шыңжаңдағы аз ұлттардың құқын таза саяси мәселе ретінде, ежелгі ұйғыр қағанатын қайта қалпына келтіру жолындағы күрес ретінде көтерді. Бұл – Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің құрамындағы Солтүстік Ирландияның, Испанияның құрамындағы Каталонияның тәуелсіздікке ұмтылуы сияқты процесс. Мұндай әрекет кез келген мемлекеттің орталық билігі үшін сепаратизм, елдің территориялық тұтастығы мен қауіпсіздігі мәселесі тұрғысында қарастырылады. Сонымен қатар, мұндай әрекетттен оңды нәтиже шыға қоюы да неғайбіл.

Мәселеге таза саяси сипат беру арқылы оны күн тәртібіне шығару кезінде ұлттық, діни және басқа да ерекшеліктеріне қарай кемсіту көріп жатқан адам құқы көлеңкеде қалады. Рәбия Қадыр басқаратын Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі болсын, шетелдегі ұйғырлар құрған отыздан астам ұйымның бәрі Шыңжаң Ұйғыр автономиясын тәуелсіз мемлекет ретінде тануды талап етті. Ұйғыр лидерлері наразылық акциялары мен шерулерде Қытай билігінің аз ұлттарды кемсітуі мен адам төзгісіз репрессивті қорлығын сипаттайтын нақты адамдардың бейшара кейіптегі фотолары мен тағдыры жөніндегі мәліметті емес, жаңа туған ай белгісімен айшықталған көк туды көтерді. Сөйтіп, Шыңжаңдағы  адам құқы мәселесі елеусіз жағдайда қалып қойды.

Шығыс Түркістанды мекендеген байырғы халықтарға қарсы жаппай репрессия жүргізіле бастағанда Қазақстанда құрылған «Атажұрт еріктілері» ұйымы мәселеге тек қана адам құқы тұрғысынан қарады. «Атажұрт еріктілерінің» лидері Серікжан Біләшұлы Қытай коммунистік билігінің фашистік саясаты бүткіл адамзатқа қауіп төндіргенін айта келе, құқы шектеліп, зәбір көрген барлық адамды  ұлтына, дініне, нәсіліне қарамай, халықаралық ұйымдарға арыздануға шақырды. Ол «Қытайдың коммунистік билігінің саяси репрессиясына ұшыраған қытай ұлтының өкілдері болса, олардың да арызын қабылдаймыз» деп мәлімдеді. Соның нәтижесінде, «Атажұрт еріктілеріне» қазақтармен қатар ұйғырлар, қырғыздар, татарлар, өзбектер келіп арызданды. Олардың ішінде туыстары Қытай концлагерінде жапа шеккен Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей тұрғындары да бар.

Тілі түркі, діні мұсылман халықтар табиғатынан бұйығы, көнбіс, көрген сұмдық қорлығын, әсіресе сексуалды сипаттағы зорлықты жариялауға құлықты емес. Оның үстіне Қытай билігі халықты әбден қорқытып тастаған, шетелге шығып бара жатқан адамға қатаң ескерту жасап шығарып салады.  Серікжан Біләшұлы жетекшілік еткен «Атажұрт еріктілері» Қытайда қысым көріп жатқан адамдардың тағдырын жария ету, ашық арыздану арқылы ғана жақсы нәтижеге жетуге болатыны жөнінде үгіт жасады. Соның нәтижесінде, «Атажұрт еріктілеріне» он мыңдаған адам арызданды. Ашыққа шығып арызданғандардың түгелге жуығы – қазақтар. Концлагерлер мен түрмелерде, үйқамақта болған адамдардың аудио-видео және жазбаша арыздарында айтылған оқиғалар Қытайдағы геноцидке тән саяси репрессияның ауқымы мен сипатын анықтап берді.

(жалғасы бар)

 

 

Пікірлер