Шетелдік ғылыми басылымдарда Абай туралы мақалаларды көбейту керек

3652
Adyrna.kz Telegram

Абай есімі қазақ ғылымын, оның ішінде гуманитарлық саланы жаңа қырынан дамытуға зор үлес қосады. Отандық ғылымда істелген іс, алынған меже - өлшеусіз. Аға буын Абайды терең зерттеді. Әр қырынан келді. Десек те, әлі де зерттеле түсуі керек. Абай шығармаларының аудармалары көңіл алаңдатарлық жайда еді. Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы қолдауымен Абай шығармалары әлемнің әр тілінде сапалы аудармамен жарық көре бастады. Бұл - өркениеттік бетбұрыс. Аударма шешімін тапты. Қуанышымыз шексіз! Абайдың әлемдік масштабта танылуы жолындағы нақты әдеби, рухани қадам.
Ал абайтану саласындағы халықаралық ғылыми зерттеулеріміз, жарияланымдарымыз ше?
Шетелдік басылымдарда Абай туралы зерттеулеріміз проценттік көрсеткішке шаққанда аз. Дегенмен дамытуымыз керек. Қалай?

Шетелдік импакт факторлы журналдарда Абай туралы мақалаларды көбейту керек деп шартты түрде жауап беруге болады. Жарияланымдар санын қалай арттырамыз? Қай қырынан келгеніміз дұрыс?..
Бізде абайтанудағы бір мәселе: Абай шығармалары теориялық, жанрлық қырынан жетеғабыл ашылмауы. Және Абай шығармалары сюжеті тұрғысынан еуропалық әдеби шығармалар сюжетімен салыстырыла аз талдануы.

Web of science, Jstore, Scopus базаларына енген Абай туралы мақаланың ұзын саны -2. Жалпы саны -7. Бұл біздің шолуымызда назарымызды аударғаны.
Бұл Абай тілін меңгерген, шет тілін меңгерген бүгінгі буын үшін - парыз.

Ал бүгінгі буын кешегі аға буынның классикалық зерттеулерінен бағдар алуы қажет.
Абайтануды әлемдік зерттеуде линвистикалық, әдеби теориялық жағынан:
классикалық текстологиялық;
салыстырмалы сюжеттік;
жанрлық;
стильдік;
пара лингвистикалық тұрғыдан көтеруіміз керек. Бұл жерде абайтану тарихына байланысты жазылған еңбектер отандық зерттеудің объектісі болмақ.
Бірде бір академиялық ортада бас қосуымызда менен бір ағам: "Арайжан, шіркін, осындай бір ғылыми журналға жарияласам деп, қолыңыз жетпей жүрген бір шетелдік басылымыңыз бар ма?" деп сұрады. Мен ойланып қалдым. Артынан іздене бастадым.
Қазір жауабын тапқандаймын. Абайды әлемдік академиялық ортаға таныту үшін Language and Literature деп аталатын журналдың метрикалық көрсеткіштері сай бола алады екен. Абайды жоғары бағалағанын қаласақ, жарияланатын басылымның ғылыми беделі де жоғары болуы тиіс қой. Аталған журналдың бір санына онлайн жазылу үшін қомақты жарна төлейсіз. Бір мақаласын көру үшін де қомақты жарна төлеуіңіз керек.
Бұл қадамнан да өттік. Жарияланған бір мақаланы сатып алып, зерделедік, зерттедік. Осы уақытқа дейін кездесе қоймаған теориялық талдаулармен таныстым! Екі ай уақыт! Дайын мақаланы оқып, талдауыма екі айдай уақыт кетті. Журнал SAGE Publishing & Corwin ғылыми платформасына тіркелген. Мақала авторына көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бұл академиялық ғылыми ортаға түсу үшін қаржы көмектеспейді екен. Академиялық зерттеуіңіз, біліміңіз! Академиялық жазу стиліңіз сауатты болуы тиіс.

Абайды әлемдік әдеби орта тануы керек.
Абайды әлемдік академиялық орта тануы керек.
Иә, Абайды әлем таныса, қазақты да әлем таниды...

Арай ЖҮНДІБАЕВА,
философия (PhD) докторы,
лингвист, әдебиет зерттеушісі
Пікірлер