Еліміздің ең жас жыршысы Сыр елінде тұрады

2381
Adyrna.kz Telegram

Арай Оңғарқызы 6 жасынан қолына домбыра ұстаған. Қаршадай қыз үлкен сахнаға аяқ басқалы екі жыл ғана болғанымен, дәстүрлі орындаушылардың республикалық және халықаралық байқауларында жүлде алып, халықтың ықыласына бөленіп үлгерді деп жазады "Хабар" арнасының ресми сайты.

Шынашақтай қыздың шежіреден сыр тартқан сазды жырды төгілте орындауы оның өзіндік ерекшелігі. Сыр сүлейлерінің сара жолын жалғаушы жас талант толғау-термелерді ғана емес, әйгілі Көрұғлы дастанын да көмейінде құйқылжытып жүр.  Арайдың ұстазы Зәуре Кәрібаева ауылдағы «Тасберген жырау» үйірмесіне жетекшілік жасайды. Тырнақтай қыздың талантын байқап, қанатын қомдаған осы кісі.

Зәуре Кәрібаева, «Тасберген жырау» үйірмесінің жетекшісі

-Республикалық «Шоқ жұлдыз» байқауына қатысып, бас жүлде алдық. Одан кейін халықаралық «Бозторғай» байқауына барып, екінші орын алдық. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы «Талант шоу» деген үлкен байқауға осы Қызылорда облысының атынан кішкентай термеші ретінде Арай барып қатысты. Түркия қаласына жолдамамыз наурыз айында болады деп күтілуде.

Жуырда жас жыршы Алатаудың баурайындағы әсем қалада Елбасының алдында өнер көрсетіп, ақын-жырау Айдос Рахметовтың «Елін сүйген Елбасы» туындысын орындады. Талабы таудай өреннің өнеріне риза болған Мемлекет басшысы батасын беріп, домбыра сыйға тартты.

Арай Оңғарқызы, жыршы

-Бұл домбыра мен үшін үлкен сыйлық. Елбасының сенімін ақтаймын. Осы домбырамен әрі қарай жыршылығымды жалғастыра беремін.

Ырысбике Мәсенқызы, Арай Оңғарқызының әжесі 

-Қаншама халықтың алдына тайсалмай, әйдік сахнада Аралдың жырауы Нұртуғанның термесін жатқа айтып берген, соншама шумақтың бәрін. Сөйтіп халықтың барлығы дүрсілкініп қуанып, содан бері Арай халықтың да аузынан түспей жүр, сахнадан да түспей жүр. 

Жүз шайыр шыққан Тұрмағамбет ауылында туған бала жыршының дара жыршы боларына дәстүрлі өнердің майталмандары шек келтірмейді. Осындай текті ұрпақ барда ұлттық өнер де өміршең.


Нұрлан Жақыпбеков,
khabar.kz

Пікірлер