"Мен соңына дейін күресемін"

1990
Adyrna.kz Telegram

"Украина дауысы" байқауының 11-маусымында ел атынан Диляра Дидарқызы қатысуда. Ол дауысымен талайдың таңдайын қаққызып, байқаудың үшінші кезеңіне өтті деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

14-наурыз күні "Украина дауысы" байқауының екінші кезеңінде қатысушылар тағы бақтарын сынады. Бұл кезеңде қос әнші бір әнді бірге орындайды. Жетекшілерінің көңілінен шыққан орындаушы келесі кезеңге жолдама алады.

Диляра "Украина дауысының" көрмей тыңдау кезеңінде "My all" әнін орындап, байқаудағы соңғы орын Олег Винниктің тобына қосылған еді.

"Мен бұл орынды ақтаймын, сізге үлкен рақмет" деп көз жасына ерік берген аруға өз бет орамалын ұсынған Олег:

"Сен қазір бұл орамалмен бақыттан жылаған көз жасыңды сүртсең, финалда екеуміздің қуанған жасымызды бірге сүртейік" деді.

Екінші, "жекпе-жек" кезеңінде Ярина Малишнякпен бірге "When you believe" әнін орындап Олегтің тағы да көңілінен шыққан Диляра, келесі кезеңге аяқ басты.

"Біздің жекпе-жекке таңдаған әніміз «When you believe» атты орындауға өте қиын ән болды. Ярина екеумізге бұл әнді орындау өте қиынға соқты. Өйткені екеуміз екі елде болдық. Тапсырмада бірге ән айту керек. Қатысушылардың ішінен тек біз ғана тоқтаусыз жаттыққан шығармыз. Біздің орындау аяқталғаннан кейін, тек біреуіміз ғана өткеніміз өкінішті. Екеуміз де лайық едік. Бірақ бұл шоу. Мұнда бәрі ерте ме, кеш пе ұшып кетеді. Бұны уақыт көрсетеді. Бірақ мен соңына дейін күресемін" деді Диляра өзінің Instagram парақшасында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер