Ұлт танымындағы бір ұғым немесе "обал" сөзінің түп-төркіні қайда жатыр

6334
Adyrna.kz Telegram

Баяғыда қазақтың ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Дүниеде 77 тіл бар, соның ішінде араб тілі – асыл тіл. Өйткені Құран ғараби, араб тілінде түскен. Екінші асыл тіл – қазақтың тілі. Қазіргі жүрген замандастарымыздың бірде-біреуі қазақ тілін білмейді. Шіркін, білсе ғой. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр», депті. Шамасы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында айтса керек бұл сөзін. МәшҺүр Жүсіптің заманындағылар қазақ тілін білмеген болса, біздің қазіргі халіміз тіптен қиын-ау дейсің кейде. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дейтін еді бұрыңғылар. Жағдайымыз қазір тура сондай. Бірақ біздің сөз етпегіміз басқа тақырып. Қазақтың дүниетанымына байланысты мәселе. Дәлірек айтқанда ұлт танымында айрықша орны бар «обал» сөзінің түп-тұқиянына үңіліп көрмекпіз. Осы ұғымның астарынан «дінді», «ғылымды», «әулиелікті» іздеп көрмекпіз.

Жалпы, біз үшін тіліміздегі көп ұғымдар таңсық емес. Ар, ождан, ынсап, қанағат тәрізді ұғымдарды бәріміз білеміз. Бірақ әрқайсысының жеке мәні бар екендігіне назар аудара қоймай­тын кезіміз де бар. Өйткені мұн­дай ұғымдар біздің тілімізге сіңіп, болмысымызға айналып кеткен. Бұл ұғымдардың шығу төркінін іздеп әуре болмайтынымыз да содан.

Алайда кейде халықтың дү­ние­танымындағы ұғымдардың түп-төркініне үңілгеннің айыбы жоқ сияқты көрінеді. Өйткені жаһанданудың дүлей ағыны сел­дей қаптап келе жатқан қазіргі кез­де ұлт дүниетанымын жаңғыр­тып отырған дұрыс. Халықтың танымы мен пайымы қазіргі ұрпақтың иммунитеті болмағы керек. Сол себепті кейбір ұғым­дар­дың мәнін ашып қойған жөн. Сондай ерекше «құдіретті» сөздердің бірі «обал» ұғымы.
Бұл сөзді білмейтін қазақ жоқ. Үлкендер «обал болады, тиіспе!» десе болды, бала күнімізде кез келген тентектігімізді тыя қоя­тын­быз. Бұл бұйрық келгенде ағаш­тың бұтағын да сындыр­майсың, шөпті де жұлмайсың, торғай ататын рогатканы да тыға қоясың… Өйткені қазақ үшін «обал болады» деген бір ауыз сөз 11 жыл бойы мектепте айтылатын «тәрбиелі болыңдар, патриот болыңдар, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіңдер» дегендей толып жатқан «уағыздардан» күшті. «Обал» сөзі есі дұрыс, ана тілінің уызына жарыған кез келген аза­мат үшін, мейлі ол жырынды тентек болса да, мейлі ақылды, тәрбиелі азамат болса да бірден елең еткізетін, оғаш қылықтардан тыя қоятын құдіретті «тежегіш».
Біздің халық жанды-жансызға да, адамға да, малға да қатысты «обал болады», «обалына қала­сың» деген сөздерді қолдана бе­реді. Тіпті ертеде барымташылар жылқыға тигенде егер сол жыл­қының ішінде тұлдаған ат жүрсе, «обал болады» деп сол үйірді қуып кетпей, қалдыратын болыпты. Бұрынғы қазақтар иесі өлген атты тұлдап қоя беретіні белгілі. Міне, сондай ат жүрген үйірге сол за­манның «рэкетирлері» – барым­та­шылардың өзі тиіспейді екен. Мұның өзі «обал» ұғымының қа­зақ үшін қаншалықты маңызды һәм әсерлі екендігін көрсететін тәрізді. Сөз жоқ, біз барымташы­ларды көрген жоқпыз, бірақ қа­рия­лар солай деп айтып отырады.
Содан соң, бізде «обалы не­шік», «обалына қалма», «обалы қайсы?!» сияқты көптеген ұғым­дар да бар. Бәрінің түп-төркіні «обал» сөзіне барып тіреледі. Әйтеуір, қалай болғанда да бұл сөздің әсері мықты. Алайда бұл сөздің шығу төркіні қай дәуірге дейін баратынын дөп басып айтар ешкім жоқ. Бұл ұғым түркі жұр­тына Ислам арқылы келді ме, жоқ көшпенділердің көне танымынан бастау ала ма, ол жағы да айқын емес. Тек қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «обал» сөзінің мағына­лары беріліпті. Әрине, бұл сөздің баламалары бізге таныс. Обал деген қиянат, айып, күнә ұғым­да­рының баламасы ретінде сипат­талыпты. «Обал жоқ» деген тіркес қазақтың ауызекі тілінде айты­латын «өзіне де сол керек» деген тіркесімен сәйкес болса керек. «Обалы жібермеді» дегенді «тақ­сыретін, зардабын тартты» деп, «өз обалы өзіне» дегенді «өзінен көрсін, обал жоқ» деп, «обалы не керек» дегенді «жазғырудың ке­регі жоқ» деп түсіндіріпті.


Әрине, бұл ұғымдарды бәріміз білеміз. Бірақ сөздікте бәрібір сөздің шығу төркіні туралы ай­тыл­мапты.
Сол себепті біз сөздің шығу төркінін іздедік. Әрине, бұл істе ғалымдарға жүгінгеніміз рас. «Обал» сөзінің түп-төркінінің қайда жатуы мүмкін екендігін дінтанушы Омар Жәлелұлы ай­тып қалғаны бар. Ол «обал» сөзінің төркіні арабтың «уабалун» деген сөзінен шығатынын алға тартады. Х.Барановтың араб­ша-орысша сөздігінде бұл ұғым бар екен. Сөздікте «уабалун» сөзінің бірнеше мағынасы бар екендігі көрсетіліпті. Бірінші ма­ғы­насы, «бүлінген климат, бұзыл­ған жағдай, бүлінген қоршаған орта» дегенді білдірсе, екінші ма­ғынасы «бәле-жала», «зұлымдық», үшінші мағынасы «зиян», «зар­дап», «қиянат» «ауыртпалық», «ауыр зардап» тәрізді бірнеше мазмұнға ие екен. Сол «уабалун» сөзі Құран Кәрімде 4 жерде кез­десетін көрі­неді. Әл-Мәида сүресінің тоқсан бесінші аятында, әл-Хашр сүре­сінің он бесінші аятында, әт-Тәғабун сүресінің бесінші, әт-Та­лақ сүресінің тоғы­зыншы аятта­рында бар екен. Құран Кәрімді алғаш тәп­сір­леген ғалымдардың бірі Ибн Кәсир мен өзге де бір­қатар ғұла­малар «обал» сөзін Жа­ратушының пендесін бұл дүниеде, ал «азап» сөзін ақыретте жазалауы деп тү­сін­діріпті. Алайда қазақтың ұғы­мындағы «обал» ұғымы сәл өзгеше сияқты көрінеді.
Біздің пайымдауымызша қа­зақ «обал» ұғымын, ең алдымен аса кең мағынада, бүлінген қор­шаған орта, кеңістік, жағдай мағынасында қолданатын тәрізді. Өйткені Алла Тағала ешбір зат пен тірі жәндікті тегіннен-тегін, орынсыз жаратпаған. Ол туралы Құран Кәрімде көптеген аяттар бар. Қазақ жанды-жансыз кез келген нәрсеге «обал болады» деу арқылы Алла жаратқан осы дү­ниелерге де айрықша көзқараспен қарап, олардың тіршілік ету кеңіс­­тігіне немесе жалпы си­патына зиян келтірмеуді көздесе керек. Әрине, Ислам дінінде аңшылық жасауға рұқсат бар. Бірақ ысырап болмауы керек. Қазақ та аңшылық жасайды. Бірақ ойын баласынан бастап, ересек адамға дейін аң мен құстың төлін өлтірмеуге, ұясын бұзбауға, тіпті буаз жануарды атпауға бұйы­рады. «Неге?» деген сұраққа жалғыз ауыз «Обал болады» деген жауап береді. Бітті. Қайтіп оның себептерін ешкім қазбалап жат­пайды. Тіпті бұрынғы мерген­дер, бәрі болмаса да қазіргі кейбір аңшылар, аңды атардан бұрын үркітеді екен. Біріншіден, бұл қанға сіңген дәстүр. Екіншіден, аң-құсқа обал. Аң-құс та қапы қалмауы керек. Көктемде шөпті жұлғызбайтыны – ол да Алланың жаратқан дүниесі. Оның да өсіп-өнуі, тұқым тастауы керек. Өсім­діктерге қатысты «обал болады» деу арқылы қазақ олардың да тіршілік ету кеңістігін, сипатын бүлдірмеуді қалайтын болса керек. Оның үстіне, Құран Кәрім­де адамның бұл дүниеге қожайын екендігі айтылады. Бұл туралы Бақара сүресінің 30-аятында ай­тылған.
Мұхаммед (с.ғ.с) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине, мен жерде бір орынбасар жара­тамын!», деген еді. (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Не­гізінен, біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктаудамыз» деді. Алла: «Мен сендердің білмегеңдеріңді жақсы білемін!», деді. (Алла) Адамды топырақтан жаратып оған жан салды» делінген аятта.
Әрине, аятта «халифа» деп берілген. Бұл сөз орынбасар деген ұғымды беретіні де анық. Алла өзіне орынбасар етсе, адам да Жер бетіне қожайын деген сөз. Ал қожайын өз иелігіндегі дүниені қиратпайды. Оның жалпы сипаты мен тіршілік ету кеңістігін бүл­дірмейді. Қазақтың «обал» ұғымы адамзаттың шын мәнінде жер бетінде қожайын екендігін көр­сететін болса керек. Бұл енді, әлгі арабша-орысша сөздіктегі «уа­балун» сөзінің бірінші мағы­насына қатысты өрбіген ойлар. Мәселен, қазақ нанды лақтырсақ та «обал болады» дейді. Егер қи­сынға жүгінсек, бұл да сол нанның әзірлену мақсатына сәйкес кел­мей­тін әрекет болса керек. Бірін­шіден, асты төгіп-шашу ысырап, екіншіден, бұл адамның сол нанды жасау үшін төккен тері мен еңбегіне құрмет көрсетпеу, үшін­шіден нанды пайдалану мақса­тына сәйкеспейді. Нанның өзі үшін «бүлінген климат» деген сөз. Ысырап жасағанымыз үшін де Жаратушының алдында жауапқа тартылатынымыз белгілі жай. Ал адамның табан ақы, маңдай терін құрметтемеу оның ақысын жеудің көрінісі.
Демек, бір ғана «обал болады» деген сөз қазақтың иманын сақ­тап келген болса керек. Мағынасы соны меңзейді. Обалдың күнә, қиянат деген мағына беретіндігіне ешбір дау жоқ. Егер кең мағына­сында алсақ «обал» деген Алланың жаратқан жаратылыстарының құнын білмеу болса, тар мағына­сында күнә екен. Парсы тілінің сөздігінде «обал» дегенді қиянат, күнә деп көрсетіліпті. Ал түріктер «обалды» тек күнә ретінде баға­лайды.
Осы тұста атап өтер бір жайт қазақтың танымындағы «обал» ұғымы діндегі сипатынан әлде­қай­да кең. Адамзаттың жер бетін­дегі ең басты міндетін де, жеке адамның өмірлік ұстанымын да реттеп тұрады. Екінші жағынан ұғымның астарында экологиялық таным жатыр. Әл-Мәида сүресі­нің 95 аятында қажылықта ихрам киіп жүргенде жан-жануарларды өлтірмеу бұйырылып, обалын көтеретіні айтылса, қазақтың танымында тіршілік аталуы өсіп-өнетін кезде аң түгілі, өсімдіктерге де зиян келтірмеу ескертіледі. Тек қажылықта ғана емес. «Обал бо­лады» деу арқылы қазақ осындай кең мағынада ой толғайды.
Рас, «обалмен» үндес «уаба­лун» сөзі араб тілінде бар. Бірақ бұл ұғым түркі жұртынан қоң­сыларға өтті ме, әлде керісінше болды ма, ол жағы беймәлім. Әдетте, қазақтың тілінде араб-парсы сөздері көп деседі ғалым­дар. Олжас Сүлейменов болса орыстың тілінде түріктердің сөзі көп дегенді алға тартқан еді баяғыда. Ол тіпті көне шумер ті­лінде де түрік сөздерінің кез­де­сетінін анықтапты. Егер қисынға жүгінсек, ежелгі шумерлер мен славяндардың тіліне түріктердің сөзі енгенде неге араб пен парсыға енбейді?! Ондай ықтималдықты жоққа шығаруға болмайды ғой. Өйткені «уабалун» деген араб сөзі мен қазақтың «обалының» мағы­насы үндес болғанымен, алаштың ұғымының мәні тым кең, әмбебап сипатта екенін байқаймыз.
Айтпақшы, кел ішінде кезде­сетін телі мен тентектің, өзгеге зәбір көрсеткен сотқардың ба­сына іс түскенде қазақ «обал бо­лыпты» демейді. Керісінше «сауап болған екен» деп жатады. Қы­жыртпа сөз сияқты көрінуі мүм­кін. Бірақ мұнда да қазақтың мейірімі мен тілеулестігі жатыр. Өйткені күнәлі пенденің басына іс түссе ол оның қателіктерінің шайылғаны деп бағаланады дінде. Адам күнәсі үшін не бұл дүниеде, не қабірде, не ақыретте жаза тар­туы керек екен. Ал бұл дүниеде көрген қиындық пенденің азды-көпті күнәларын тазартып кететін көрінеді. Демек, күнәсі азайса пендеде сауап қалары анық. Қазақ соны меңзеп, адамның басына іс түскенде «сауап болыпты» дейтін болса керек. Яғни, қанша сотқар, зорлықшыл болса да, біздің жұрт пенденің бақи дүниеге күнә арқалап баруын қаламайтын болыпты. Ұлттың дүниетанымын «тәпсірлегенде» кейде осыны аңғарамыз.


"Айқын"газеті

Пікірлер