Жылына бір-ақ рет келетін Наурызды Шымкентте тойлау керек

2375
Adyrna.kz Telegram

Жылына бір-ақ рет келетін Наурызды Шымкентте тойлау керек, деп жазды өз facebook парақшасында Рустем Ашетаев. 

Биылға дейін желтоқсанның 31-не жаңа жылды қыруар қаржымен дүркіретіп тойлап, наурызға келгенде "жетім қыздың тойын" жасап келгенбіз.

Биыл Шымкент сол олқылықтың орнын жоюға бастама жасауда. Жаңаша қарқынмен, ұлттық болмысымызды насихаттау мен Әз-Наурызды ұштастыра отырып он күн тойлау дегеніміз - болашақта берері мол бастамалардың бірі. Әрі, Шымкент қаласы мегаполис дәрежесін алғандықтан, қазаққа, қазақстанға өзінің берері де, қосары да болуы керек емес пе?!

Қазақстанды алдыға тартушы орталықтардың біріне айналу - мегаполистің басты қағидасы.

Биыл Шымкент мегаполисі ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызды тойлаудың жаңаша үлгісін көрсетуде. Бұл үлгі боларлық бастама деп ойлаймын!

Әрине, бастапқыда көбірек шығындалуға тура келеді (Бұл барлық жаңашыл бастамаларға қатысты қағида).

Әрбір ағаш жеміс беруі үшін суға зәру. Құйылған судың әсерінен, уақыты келгенде өз жемісін береді. Жаңа жобаларға құйылатын қаржылар да осы су секілді.

Яғни, қазіргі шығындарды болашаққа құйылып жатқан инвестиция деп қарасақ, мұндай ауқымды жобалар да жақын болашақта өз жемісін берері сөзсіз.

Тек, аздаған уақыт керек.

Бразилияның карнавалы мен Қытайдың жаңа жылын тойлауы деген сияқты, тіпті сол тойлауларын тамашалауға ішкі-сыртқы туристерді тартатын әлемдік деңгейдегі мерекелері бар. Бұл іс-шаралары да бастапқыда мемлекеттік қолдаумен өткізіліп, насихатталып, өз ұлтының болмысында жатқан дүниесін түлетіп, халқының қолдап кетуіне жол салып беріп отырған. Қазір бұл мерекелері өзін-өзі қаржыландыратын күйге жеткен.

Қысқа ойласаң орынсыз шығын болып көрінгенімен, алысқа ойласаң Шымкеттің тұтас қазаққа түгілі, бүткіл әлемге танытатын өз брендіне айналдыруға болатын жобаны көруге болады. Бастапқыда "көш жүре түзеледі" дегендей, аздаған кем-кетігі болуы мүмкін. Оны қалыпты жағдай деп бағалаймын. Оған бола бұл жобаны тұтастай сызып тастауды дұрыс көрмеймін.

Мысалы "Көшпенділер ойынын" Қырғыз ағайындар өз брендіне айналдыра алды. Көлемді қаржы да шығындағаны даусыз. Есесіне одан зиян шеккен жоқ.

Сол секілді "Наурыз Шымкенттен басталады" жобасының артында сарқылмас потенциалы барын көруге болады.

Бірер жылда бүткіл Қазақстаннан қонақтар Әз-Наурызды Шымкентте тойлауға келіп жатса, өзін-өзі қаржыландыратын жобаға айналып шыға келмейді ме!

Ол үшін сапалы дүниелерді ұсынуымызға тура келеді. Ал, сапалы дүние арзан болмасы хақ!
Сондықтан, бұл жобаға әртүрлі ракустан, әртүрлі биіктіктен қарап ой қорытқан жөн болар дегім келеді.

Биылғы жылы Шымкентте карантиндік шектеулер барының өзінде, Әз-Наурыздың қалай тойланып жатқанын көріп отырсыздар. Бұдан былайғы жылдары бұл жоба тек үдемелі қарқын ала түсетініне сенімдімін.

Сондықтан, барша қазақстандықтарды келесі жылы "көзді жұмып" он күнге Шымкентке келіп Әз-Наурызды тойлауға шақырамын!

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН АҒАЙЫНДАР!

 

Пікірлер