Абзалбек Асхатұлы: Актердің «болдым-толдым» дегені оның тоқырағаны

2965
Adyrna.kz Telegram

Ол бес жасында Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық кешінде өнер көрсетіп, оның батасын алды. Арада жыл өткенде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында көрсетілген «Құрманғазы» қойылымында бала Құрманғазының рөлін сомдады. Бұл күндері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының талантты, жас актерлерінің  бірі Абзалбек  Асхатұлының балалық шағы осындай естен кетпес оқиғалармен басталған. Жуырда жас талантты өнерпазбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Адырна: Жеткен жетістіктеріңіз кісі қуантарлық екен. Балалық шағыңыздан бастап, кәсіби сахнаға қалай келгеніңіз жайлы қысқаша айтып берсеңіз?

Абзалбек Асхатұлы: Алты жасымда мектепке бардым. Сыныптастарымнан бір жас кіші болған соң ба, бойым да шағындау болды. Қолды-аяққа тұрмайтын, жыбырлақ едім. Осындай  кейпімді көріп «қоян бала» деп әзілдейтін. Бала кезде өнер деген қол жетпес арман сияқты көрінетін.  Өсе келе көркем сөз оқуға дағдыландым. Соның   арқасында әртүрлі байқауларға қатысып жүрдім. Мектепті бітірген кейін 2010-2014 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «музыкалық драма» мамандығы бойынша білім алдым. Үшінші курста оқып жүрген кезде ұстазым Нұрғанат Жақыпбай ағайым тамаша тосын сый жасап Астана Жастар театрна  жұмысқа шақырды. Алғашқы кәсіби сахнам осылайша Жастар театрының актері болудан басталды.

Өмірдерек:

  Абзалбек Асхатұлы 1993 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жымпиды жерінде дүниеге келді.

2009 жылы О.Бөкей оқуларының Гран-при жүлдесін алған;

2009 жылы Атырау қаласында өткен Халықаралық Махамбет оқуларының Гран-при жеңіп алған;

2010 жылы Республикалық әдебиет пәні байқауының Гран-при сыйлығын иеленген;

2013 жылы ГИТИС-те өткен (Мәскеу) «режиссура және әдебиеттану» Халықаралық байқауының ең үздік ер адам номинациясының иегері атанды.

Адырна: Қазақ театрының қара шаңырағына ауысуыңызға не себеп болды?

 Абзалбек Асхатұлы: Кейбір кісілерден ұстазы Нұрғанат Жақыпбаймен келіспей қалып, М.Әуезов театрына ауысып кетіпті  деген сөзді де естіп жүрдім. Шын мәнінде мұнда ауысу туралы ойымды айтқан кезде ол кісі келісімін ризалықпен берген еді.

М.Әуезов театрына ауысуыма себеп, үлкен кеңістік керек болды. Басқа театрларды кеміткенім емес, десе де М.Әуезов театрның қалыптасқан базасы болсын, сахналық үлгісі болсын басқалардан ерекше екені белгілі. Сондықтан осы театрда өнер көрсетуді армандадым. Сабақты ине сәтімен дегендей, бірде Алматыда бір телесириялдың түсіріліміне келген кезде, кастинг болып жатқанын естіп, кастингке қатыстым. Сонсоң өзіңіз көріп отырғандай актерлер құрамына қосылдым.

abzalbek-ashatuly-saltanat-baqaeva

Адырна: Әуезов театрындағы алғашқы рөліңізде әкеңіз Асхат Маемировтың «Қоштасқым келмейді» спекталінде басты кейіпкердің бірі – Митияны сәтті сомдап шықтыңыз. Бұл бір жағынан өзіңді көрсетуге жақсы мүмкіндік болса, екінші жағында туған әкеңіздің алдында үлкен жауапкершілік тұрды. Оған сырт көз сыншыларды қосыңыз. Олай дейтін себебім, егер рөлді дұрыс ойнап шықпасаң - әкесі баласының мойнына арқалай алмайтын жүк салыпты - деушілер табылатын еді. Айтпағым, осы рөлді алып шығу қаншалықты қиын болды?

 Абзалбек Асхатұлы: «Тура биде - туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ»  демекші, өнерде туысқандыққа орын жоқ деп ойлаймын. Әкем өнерге келгенде өте қатал кісі. Қойылымға дайындық барысында мені еш аяған емес. Аямайды да. Маған қатты зекіп жатқан кезде, туған баласына неге бұлай жасап жатыр деп қарағандар да болды. Рөлді алып шығуда өте қатты қиналдым. Бір жағынан әкемнің бағыты бөлек болды. Нұрғанат ағайдың мектебінде көбіне адамның жан-дүниесіне мән беретінбіз. Ал бұл кісіде жаңаша қойылым болғаннан кейін, ойы басқаша болды. Көбіне сезімге емес – санаға әсер бергісі келді. Яғни, көрерменді ойға қалдырғысы келді.

img_3129

Бұл актерлікке бет бұрғалы бері әкеммен алғаш рет жұмыс жасауым еді. Тағдырдың жазуы деген осы болар. Әкем театрындағы алғашқы рөлімде әкем екеумізді бір сахнада кездестірді. Қойылым аяқталғанда  әке үмітін абыроймен арқалағаныма қатты  қуандым. Меннен бақытты адам болмады сол күні...

Адырна: Актерлер қауымы бәйге аттар сияқты ғой. Шапқан сайын қыза түседі. Алғашқы сынақтан сәтті өттіңіз. Режиссер Алма Кәкішованың «Алмас қылыш»abzalbek-ashat-lyi-bauyirzhan-apta-ay тарихи драмасындағы Сүйіншіктің рөлінде оның қызуқандылығын, Бақтықожа екеуінің араларындағы диалогтарын өте сәтті шығардыңыз. Одан кейін тұсауы кесілгеніне көп бола қоймаған  «Ақтастағы Ахико»  драмасында Ахметтің рөлінде ойнадыңыз. Осы спектакльді көрген көпшілік Ахметтің (Байтұрсынов) рөлін жас балаға неге берген деп түсінбей жатқандар болды. Бұған не дейсіз?

 Абзалбек Асхатұлы: Көп кісілер әлі де түсінбей жүр-ау деймін. Менің сомдаған рөлім – ақын Ахмет. Бірақ ол көпшілік ойлағандай Ахмет Байтұрсынұлы емес, жалпы Алаш арыстарының жиынтық рөлі болатын. Жас ерекшелігі туралы мақтаушылар да, сынаушылар да болды. Менің ойымша әрбір қойылымда тәжірибелі актерлердің арасына жастарды да ойнатып тұруды дұрыс деп есептеймін. Үлкендер жастың жастығын, ал жастар олардың тәжірибелерін алады деп есептеймін. Мысалы, мен осы қойылымда Дулыға Ақмолда ағамен серіктес (партнер) болдым. Ол кісімен жұмыс істеген өте қатты ұнады. Тоқмейілсуді білмейтін кісі болғандықтан, көп нәрсе үйрендім. Әлі де тәжірибе жинау керектігін түсіндім. Жалпы актердің болдым, толдым дегені оның тоқтағаны деп білемін.a-yin-ahmet-a-ashat-lyi-d-a-molda

Адырна:  Қара шаңыраққа келгелі театр сүйер қауымға біраз танылып қалдыңыз. Ұжыммен бірге басқа облыстарға да сапар шектіңіз. Дегенмен халықтың көпшілігі театрға бара бермейді. Сол себепті актерлік қуатыңды кино өндірісіне де жұмсау ойыңызда жоқ па?

 Абзалбек Асхатұлы: Ойымда бар. Бірақ, бір нәрсені айтқым келеді, киноға түсіру актерді құнсыздандырады.  Сондықтан да бір жерде бір аяғыңмен нықтап тұруың керек. Сосын екінші аяқпен шарлай беруге болады. Киноға түсіп жұлдыз болғаныңмен, театрдың ләззәтына жетпейді. Театр актерлеріне қолдың шапалағынан асқан мәртебе жоқ деп есептеймін

Адырна: Ақыры кино туралы айтып қалдық қой. Қазір еліміздің барлық кинотеатрларында «Алмас қылыш» фильмі көрсетілуде. Біреулерге ұнап жатса, біреулер қателігін тауып жатыр. Актер ретінде сіздің пікіріңізді білсек?

 Абзалбек Асхатұлы: Менің ойымша дегбір соғатын ештеңе жоқ. Он екі сағаттық дүниені екі сағатқа сыйғызу мүмкін емес. Сәтті түсірілген фильм деп есептеймін.

a-yin-ahmet
Адырна: Кімді үлгі тұтасыз? « Әке көрген оқ жонар» дегендей, режиссер болу  ойыңызда жоқ па?

 Абзабек Асхатұлы: Әкемді үлгі тұтамын. Ол кісі актерлік мамандығын, магистратурасын, одан докторлығын тәмәмдады. Ғылым мен өнерді қатар алып келе жатыр. Мен де сондай дәрежеге жеткім келеді. Бірақ режиссерлыққа бет бұрам деп айта алмаймын. Қазақ ұлттық өнер унивесритетінің драмалық режиссер мамандығының магистрлігін бітірдім. Бұйырса докторлығына түсіп, ғылыммен де айналысу жоспарда бар.

Театр актерлігімен қатар  Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып жүрмін.

Адырна: Алдағы уақытта көрерменді қандай рольмен қуанпақсыз? 

Абзалбек Асхатұлы: Ерік Нұрсұлтанның «Қыз Жібек» спектаклінде Төлегеннің, «Ромео мен Джулетта» пьесасында Ромеоның рөліне дайындалып жатырмын.

Адырна: Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен Жасұлан НАУРЫЗАЛИЕВ

 

 

 

 

 

Пікірлер